Театр • 21 Ақпан, 2023

Сахнада – «Гауһартас»

1306 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай».
Жарты ғасыр бұрын көрерменге жол тартқан «Гауһартас» фильмінің сырлы сазына, нәзік үніне айналған халық әні тұңғыш рет театр сахнасында шырқалды. Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасының премьерасын көрерменге үш күн қатарынан ұсынды.

Сахнада – «Гауһартас»

Туынды авторы Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, драматург Дулат Исабеков екінші күні премьераға өзі келіп, қойылымға оң бағасын берген. Спектакльді жылы қабылдаған драматург: «Шынымды айтсам, алғашында күдікпен қарадым, қатты қобалжыдым да. Бүгін премьераға да қауіптеніп келгенімді жасырмаймын. Көптен бері өз-өзіме риза болмай жүрген едім. Осы жолы риза болған сияқтымын», деп шынайы ықыласын білдірді.

– Спектакльді көріп отырып көзіме қанша рет жас алдым. Сценарийді оқып шыққаннан кейін қалай шығар екен деп ойладым. Жазу деген бір басқа, сахнаға шығару деген бір басқа. Қойылымдағы хор, ән – бәрі өте орынды. Режиссер бәрін орын-орнымен пайдаланған. Оркестрдің өзі маған қатты ұнады. Тып-тыныш, салиқалы, жай ғана өнер көрсетті. Салтанаттың рөлі маған ерекше әсер етті. Бірде-бір актер бос жүрген жоқ. Әсіресе Қайыркенді ойнаған актер рөлге кіріп кетіп, толығымен шығармамдағы Қайыркенге айналды. Бүтіндей алғанда, спектакль өте жоғары дәрежеде шықты, – деді жазушы-драматург Дулат Исабеков.

Сахна төрінде сөз алған автор шығарманың өмірге келу тарихына да аз-кем тоқталды. Жазушының айтуынша, «Гауһартас» – Дулат Исабековтің 25 жасында Мәскеу түбінде әскерде жүріп жазған тырнақалды туындысы. Ал повестің жазылуына сол жақта жүріп радиодан естіген Бибігүл Төлегенованың орындауындағы халық әні түрткі болған.

– Алдына қойған кез келген тапсырма мен міндетті іліп алып кететін адамдар болады. Ал спектакльде осының барлығын арқалайтын адам ол – режиссер. Асхат Маемиров ізденетін, ізденгенде оны таппай қоймайтын режиссер екенін бүгін тағы дәлелдеді.

Жалынды жастарымыз өсіп келе жатыр. Қойылым бойы қатты сүйсініп отырдым. Айналайын, жолдарың ашық болсын, бастарыңа бақыт құсы ұя салсын. Оны ешкім үркітпесін! Бақ берсін, Алла оны баянды етіп берсін, – деген автор сөзінің соңын театр ұжымына берген ақ батасымен аяқтады.

Музыкалық драманың қоюшы режис­сері және сахналық нұсқасын жасаған Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров фильм арқылы көрерменнің көз­айымына айналған прозаның театрлық формасын табу өте қиынға соққанын жасырмады.

– Автор өзінің оң бағасын беріп, спек­такльді жылы қабылдады. Алайда прозаны театр тілінде сөйлетіп, театрлық формасын табу өте қиын. Дегенмен, осы қойылымды сахналау барысында композиторлар бар, сценограф бар алты айдай жұмыс істедік. Өйткені түрлі қиындықтар болды. Әрине, 1975 жылы шыққан «Гауһартас» фильмін аға буын, орта буын өкілдері жақсы біледі.

Қойылымға біз қазақ қоғамындағы отбасы, рухани құндылықтарды арқау еттік. Әсіресе отбасындағы ананың рөлі, әкенің орны қандай болады деген сұраққа жауап іздедік. Қазақтың қарапайым отбасысының өмірі арқылы адамдардың жан дүниесін көрсеттік. Бұл спектакльдің басты идеясы – шаңырақтың бақытын, махаббатын қызғыштай қорғау, – деді музыкалық драма қойылымның режиссері.

«Гауһартас» повесінің сахналық нұсқасы­ның сценография және костюм суретшісі Алма Сырбаева, режиссердің ассистенттері Бауыржан Нұрбай мен Оразалы Игілік, қоюшы-хормейстер Мәдениет саласының үздігі Ғалымжан Берекешов, қоюшы-хореограф Уәлитбек Сиязбек, жарық қою суретшісі Айдын Досаев, дыбыс режиссері Сабина Ильясова, режиссердің көмекшілері Гүлдана Әбдісадық және Нұрай Рысбекова, музыкамен сүйемелдеуші – театр ансамблі.

Жас келіннің рөлінде ойнаған Инабат Ризабекова «Салтанат – жаны өте нәзік, өмірге ғашық жан. Сахнада сол нәзіктікті барынша беруге тырыстым», дейді. Бір айта кетерлігі Салтанаттың күйеуі, шопан Тастанның образын шынайы алып шыққан театр актері Оразалы Игілік пен Инабат Ризабекова шынайы өмірде де ерлі-зайыпты жандар.

Жетпісінші жылдары қой бағып, қарапайым тіршілік кешкен шағын отбасының өмірі арқау болған шығарма рухани құндылықтарды дәріптеп, жар қадірін ұғыну, махаббат пен бақыт, шынайы сезімді бағалауға шақырады. Оқиға желісі ақынжанды Қайыркеннің баяндауы арқылы өрбіп отырады. Ал Салтанаттың қайнысын керемет ойнаған актер – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов «Гауһартас» премьерасын «театрдың тарихи сәті» деп атап өтті.

– Лық толған зал, көрерменнің шынайы түрлі эмоциясы, біразға дейін соғылған ду қол шапалақ, сахна сыртындағы қобалжу, сөзбен жеткізуге келмейтін, сол сәттегі бөлек энергетика… Міне, осының барлығы бізге, әртістерге шабыт береді.

Спектакльге атсалысқан театр ұжымын шын жүректен құттықтаймын. Қойылым режиссері әрі ұстазым Асхат Максимұлына артқан сенімі үшін алғыс білдіремін. Туынды талғампаз көрерменнің көңілінен шыққаны анық – наурыз айында өтетін сеанстарда да аншлаг. Шыны керек, қатты қобалжыдым. Дулат атамыздың алдында өзінің кейіпкерін ойнап шығу оңайға соқпады. Дегенмен, спектакль соңында «Айналайын, менің Қайыркенім» деп құшағына алғанда қуаныш бойымды биледі. Ұйқысыз түндер, дайындықта өткен сағаттар, жатталған парақ-парақ мәтіндер, жіберілген қателіктердің арқасында дүниеге келген кейіпкерлер көрерменін ұзақ уақыт қуантары сөзсіз, – деді Асылхан Төлепов.

Біз көрген «Гауһартастың» да соны қырлары, актерлердің, режиссердің өзіндік ізденістері жүрекке жылы тиді. Сондай-ақ Музыкалық жас көрермен театры жаста­рының ойындары нағыз актерлік шебер­ліктің үлгісін танытты. Кеңес кезінде де алдымен әдебиетсүйер қауымның, кейіннен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Гауһартас» – сахнада. Тың бағыт, жаңа жанрдағы көркем шығарма театр арқылы қайтадан қалың жұртшылыққа жол тартты.