Әскер • 22 Ақпан, 2023

Мәнін жоймайтын морзе тілі

354 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында десанттық-шабуылдау әскерлерінің байланыс полкінде Қарулы күштердің байланысшылары арасында өткен жиын аяқталды. Бұл жиынға «Бүркіт» жаңа цифрлық стансаларын зерделеу үшін ел әскерінің байланыс бөлімшелері қызметіне кіретін радиорелелік байланыстың 30-ға жуық маманы келді.

Мәнін жоймайтын морзе тілі

Төрт күн бойы офицерлер мен келісімшарт әскери қыз­метшілері теорияда және іс жүзін­де әртүрлі мақсаттағы ра­диорелелік желілер мен байланыс арналарын ұйымдастыруға арналған «Бүркіт» Р-409МЦ стансасының тактикалық-тех­никалық сипаттамаларын зер­деледі. Ал бұл байланыс машиналары Қарулы күштерге 2023 жылдың қаңтарында әкелінген еді. Мамандардың айтуынша, бұған дейін байла­нысты радиорелелік стан­са­лардың көмегімен қамтамасыз етіліп келген. Енді байланысшылар цифрлық жабдықтармен жұмыс істейді.

вап

– Жаңа цифрлық станса деректерді 40 шақырымға дейінгі қашықтыққа жіберу мүм­кін­дігіне ие. Оның өткізу қа­білеттілігі шегі бойынша E1 және Ethernet ағындарының трафигін икемдеп, қайта бөлу мүмкіндігі бар. «Бүркіт» Р-409МЦ құралының басты артық­­шылықтарының бірі – бейнеконференция байланысын ұйымдастыру, сондай-ақ оның параметрлерін дербес компьютер арқылы бақылау және басқару мүмкіндігі бар, – деді стансаның қызметі жай­лы Десанттық-шабуылдау әс­кер­­лері 16194 әскери бөлімі бай­ла­ныс батальонының ко­мандирі, подполковник Виктор Сенчилов.

Енді «Бүркіт» Р-409МЦ цифрлық радиорелелік станса­лары биыл наурыз айында өтетін «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығуында іс жү­зінде қол­данылады. Оқу-жат­тығу барысында байланысшы­лар сон­дай-ақ байланысты ұйым­дас­тырудың жаңа үлгіле­рін де сынап көрмек.

Айтпақшы, десанттық-ша­буылдау әскерлерінің жыл сайын­­ғы дайындығы шең­берін­де 16194 әске­ри бөлімінде ра­дио­телег­рафшы­лардың жиы­­ны өткізіліп отырады. Мұн­да келісімшарт бойынша әске­ри қызметшілерді Морзе әліп­песінің көмегімен ақпарат беру үшін классикалық телеграф кодымен жұмыс істеуге үйретеді. Байланыс әскерлерін жаңа, жоғары технологиялық машиналармен және құрал­дармен жабдықтағанына қарамастан Морзе кодын қолдана отырып, радиобайланыс арқылы ақпарат беру әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, қа­зіргі әскери қақтығыстарда так­тикалық бай­ланыста әскер­лерді басқару кезінде оған басымдық беріледі.

– «Морзе» шуға төзім­ді­лі­гімен ерекшеленеді. Оны бә­сеңдету өте қиын. Ақпаратты символдық кодтау арқылы беру және қабылдау әртүрлі жыл­дамдықта жүреді. Орта бі­лікті радио операторы минутына 60-100 таңба диапазонында жұмыс істейді, тәжірибелі маман­дардың жылдамдығы 300 таңбадан асады, – дейді дәс­түрлі байланыс түрінің ерек­­шеліктері туралы курс оқы­­­­тушысы, запастағы майор Идрис Гимуранов.

«Радиобайланыстың мо­бильді, спутниктік, цифрлық және ақпаратты берудің басқа әдістерінен артықшылығы ең алдымен қосымша инфрақұ­рылымға қажеттіліктің болмауында», дейді нұсқаушы. Өзімен бірге портативті стансасы бар радио операторы ғана бірнеше жүз шақырым қашықтықта байланыс орната алады.

Ал бір айлық сабақта ке­лісім­­шарт бойынша келген әске­ри қызметшілер Морзе кодын басынан үйренуді, сандар­ды әріптерге айналдыруды жә­не керісінше, өзгермелі орта­ға жедел әрекет ету дағ­ды­ларын үйренеді.

– Радио операторда музы­калық қабілет, ырғақты сезуі, жылдам реакция қабылдауы, ақпаратты талдау мүмкіндігі болуға тиіс. Ол ұзақ немесе сы­зықша және қысқа немесе нүкте сигналдарының дыбысын нақты ажырата білуі, табанды және мұқият болуы керек, – деді радио операторына қойылатын талаптар тура­лы ойын ортаға салған Десант­тық-шабуылдау әскері 32363 әскери бөлімінің әскери қыз­метшісі, гвардия сержанты Ғабит Мұқанов.

Әрине, мұндай қабілет кез келгеннің бойынан табыла бер­мейді. Сондықтан да оқу­ға 30 үміткердің ішінен мұ­­қ­ият іріктелген он төрт адам қа­былданыпты. Оқу кур­сын аяқ­тағаннан кейін бар­лық әске­­ри қызметшілер өз бөлім­­­ше­лерінде радиотелеграф лауа­зым­­­­дарына тағайындалады екен.