Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының көктемгі егісі – 1 105,5 мың гектар. Бұл өткен жылғы деңгейден 43,7 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 957,2 мың гектарға, майлы дақылдар – 59 мың гектарға, жемшөп дақылдары 76,2 мың гектарға себіледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында картоп салу 12 мың гектар аумаққа жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 526 гектарға, көкөніс 1,7 мың гектарға артық, дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров.
Басқарма басшысының айтуынша, тұқымға қатысты проблема жоқ. Репродукциялы және элиталы тұқымдар сіңіріледі. Мұның сыртында, минералды тыңайтқыштарды да молынан қолдану көзделіп отыр. Мамандардың сөзінше, бұл – жерді ұтымды пайдаланып, өнімділікті арттыруға аса қажет қадам.
Өңірде суармалы жердің көлемі де ұлғаятынын атап өтуге тиіспіз. Техникадан да мәселе туындамауға тиіс. Басқарма жария еткен деректерге жүгінсек, бүгінде егіс науқанына 10 мыңға жуық трактор, 248 егіс кешені және 4774 сепкіш сақадай сай.
Жанар-жағармайдан да тапшылық көрмейтінін айтады құзырлы орындар. Осы мақсатта арзандатылған дизельмен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылған. Көктемгі егіс жұмыстарына фермерлер «Кең дала» жеңілдікті несие бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды пайдаланады. Бұдан басқа, бюджеттен субсидиялар беруге, оның ішінде, тұқым шаруашылығын дамытуға, пестицидтер мен минералды тыңайтқыштар сатып алуға қаражат бөлінді.
Қарағанды диқандары көктемгі егіске мамыр айынан бастап кірісеміз деп жоспарлап отыр.
Қарағанды облысы