21 Маусым, 2014

Әріптестің әр сәті

375 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шархан ҚазығұлЖеке кітапханамызды бір сүзіп барып, ойға тамызық тауып отыратын халықтың өкіліміз. Міне, жоғары қабатта мұқабалары заманауи үлгімен жаңғырған «Шәкәрім энциклопедиясы», «Теледидар өнері», «Қазақ мақал-мәтелдерінің алтын кітабы», «Сара саңлақ», т.с.с. дүниелер. Сөренің төменгі жағы да сіресіп тұр. О, тоба, таң қаласың. Ауылда жүріп бұрқыратып кітап шығарып жатқан ағайындар бар екен. Кітапты таңдап-тамсанып, ішінен тәуірін сүзіп оқитын бір ағамыз осыларды көргенде ренжіп қалды. «Сөреде жаман кітап тұрмауы керек» деді. Қазір ақша тапсаң, кітап шығару ешкімге қиын болмай қалған заман ғой. Бірді-екілі кейбір сондай авторларды көзі шалғанда жаны шырылдап қоя берген ағамызға не уәж айтарымды білмей сасқалақтап қалдым. Кітап талғам таразысы екен-ау. Біреудің үйіне қонаққа барғанда олардың дүние-мүлкіне емес, маржандай кітаптарының сапасына қарап үй иелерінің жан байлығын тануға құштар ағамыздың осы қасиетінен қорытынды шығармаққа бел буып, кітаптардың керегін оң жаққа, керек емесін сол жаққа жинауға тура келді. Сөйтсем, тас пен құмның араласып кеткені сияқты мұны сұрыптаудың өзі өте бір қиын шаруа екен. Осылардың ішінде өзіміздің жанымызға етене жақын, көрсетер құрметіміз шексіз, әр жазған-сызғанын әрдайым қалт жібермей оқуға тырысатын әріптестерімнің еңбегінен тұратын оң жақтағы дүниелердің басымырақ болып шыққаны қуантты. Қайсар Әлім, Қали Сәрсенбай, Таңсұлу Алдабергенқызы, Бауыржан Омаров, Бейбіт Сапаралы, Сей­фолла Шайынғазы, Жарасбай Сүлейменов, Берік Садыр, Алек­сандр Тасболатов, Шүкір Шахай,.. т.с.с. қаз-қатар жалғасатын тізім­нің ішінен Шархан Қазығұлдың «Тоғыз тарау туынды» кітабының оқылмай, тасада қалып қойғанына іштей өзім қысылып қалдым. Бұл кітапты қолға алған кезде жалпы тек жеке адамның басының жетістігі мен талғамын білдіріп қана қоятын рухани байлық емес, ол дегеніңіз тұтас бір елдің, халықтың мәдениетін, ой-өресін білдіретін құндылық екеніне көзіңіз айқын жете түседі. Егер біздің елімізде «қыз сынынан» қалыспай «кітап сыны», «кітап сәні» байқаулары өтетін болса, мына кітап өзінің көркемдік деңгейі жағынан өзге әріптестерінен оқ бойы озып шығарына сеніміміз мол. Кітапты безендіруге қазақтың талантты суретшісі Алпысбай Қазығұловтың картиналарының репродукциялары пайдаланылып, сөз нәрі көркем иллюстрациялар бояуы­мен толықса, сыртқы көр­кем­дікке сүйсінген көз жинақ­тың аяғына тез жетуге құштарла­нады. Ш.Қазығұлды «қалай жазыпты?», «не жазыпты?» деп сыни тұрғыдан қарап оқымайды, оның жазғандарын қалай жазуды, қалай ойлауды, қалай қалам тербеу керектігін үйрену үшін алып оқиды жұрт. «Классиктер кодын табу қиын» тарауына таңдалған кейіпкерлері – Әбдіжәміл Нұрпе­йісов пен Әбіш Кекілбаев сынды кесек тұлғалар жайында ой қозғау үшін ол адамның білім-білтесі осы қаламгерлердің ой шамшырағына жетіп тұруы шарт дер едік. Бұл екеуі бізге Алатаудың биік шыңына ұқсас адамдар. Ендеше, тек журналистік дайындықпен ғана бұл қос алыптың маңына жолау қайда? Әдебиетшінің бір сөзін шала ұғынып қалған жағдайыңыз болса, ой бәйгесіндегі дүлдүлмен қатарласа шабуға иек артпай-ақ қойғаныңыз мақұл. Әдетте қаламгермен әңгіме адамның білім-биігінің қай деңгейде екенін көрсетіп береді. Көбіміз мұндай сүрлеуден қашқақтап жүреміз. Әддімізді, әлімізді білгендіктен. Ал Шархан әріптесіміз асқар шыңдарға қарай бет түзеп, өзі де сол биікте сөз күмбезін жарқыратып отыр. «Ендігінің сөзі» тарауындағы «Жалғыздыққа тап болғанға дейінгі мәңгілік» атты дүниесін қызығып отырып оқыдық. Бесінші тарау «Әр әріптес – бір әлем» деп аталады. Шәкеңнің кітабын көп кітаптың ішінен суырып, бері қарай алып шығуымыздың себебі, қаламдастар, қатарластар қаламы ұшынан төгілген ойларды ол сол адамдардың ішкі жан әлемінің қатпарларын әбден зерттеп-зерделеп алған адамша жан-жақты тарқата жеткізеді. Қысқасы, әріптестер әлемін Шәкеңнен артық білетін жан жоқ екен-ау деп қаласыз. Тіпті, ол журналис­тика сарбаздарының энциклопедиясын түгендеп жүрген жоқ па екен деген ойға берілуіңіз ғажап емес. «Көркем кісі» – Қ.Сәрсенбай, «Түрен тарт­қан Төре» – Н.Жүсіп, «Тәтті құ­былыс теоретигі» – Н.Омашев, «Пассионар» – Ғ.Шалахметов, «Дос-аға» – Б.Сүлейменов, «Жұ­­ма­­таев жұмбағы» – Б.Жұма­таев, ал «Наркескен» марқұм А.Нұр­болатұлы туралы. Кейбір әріп­тестеріміз жайлы айтқанда, «жур­налистикадан көркемсөзші, суреткерлік деңгейге дейін өскен кісі» деп баға беріп жатпай­тын ба едік? Шархан, міне, сондай қалам­гердің бірі. «Мың доллар», «Жазушы» әңгімелерін кезіктір­ген оқырман бұл оймен талас­сыз келіседі... «Тоғыз тарау туын­дының» тоқсан түрлі торабындағы сырды түгел жайып тастасақ, оқыр­­манға қызық болмай қалады. Жал­­пы, әр кітап – бір әлем ғой. Әр адам­­ның қолында сол әлемге кіре­тін өз билеті болуы керек. Сөре­ңіз­де тек жақсы кітап тұрсын. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».