Өнер • 22 Ақпан, 2023

Қолөнерге қолдау

496 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел астанасында енді балалар ғана емес, сондай-ақ ересектер де театрлық қолөнерді үйрене алады. «Астана Опера» театрында киім үлгілеу мен ағашқа өрнек салу курстарына қабылдау басталмақ. Ниеттенген кез келген жанға жасына қарамастан театр қызметкерлері қатарындағы тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен өздерінің шығармашылық әлеуетін ашып, айрықша дағдыларды меңгеруге мүмкіндік туды.

Қолөнерге қолдау

Еске салсақ, былтыр аталған өнер ұжымында «Арт-спорт» порталының қызметі шеңберінде «кескіндеме», «құрақ құрау», «киім үлгілеу, пішу және тігу», «ағашқа өрнек салу» секілді түр­лі бағыттарда балаларға ар­налған шығармашылық үйір­мелер ашылған болатын. Әртүрлі жастағы оқушылар білікті ұстаз­дар өткізетін сабақтарға қуана қатысып, театрдың атмос­ферасын сезініп жүр. Тіпті кей­біреуі қол­өнерші-ұстаздарының ісін жал­ғастыруды ұйғарған. Осы­нау уақыт ішінде балалар өз жұ­мыстары қойылған бірнеше көр­меге қатысты.

– Қызым «Арт-спорт» бағдар­ламасы аясында «Киім үлгілеу, пішу және тігу» секциясына бір жылдан астам уақыт барып жүр. Ол сабақтарға үйірме ашыл­ған бойда қатыса бастады, сон­дықтан біз оқуды бастау үшін ұжымның, материалдық базаның қалай дайындалғанын білеміз. Барлығы жоғары деңгейде болды. Балалар жаңа тігін құралымен жабдықталған кең әрі жарық кабинетте дайындалады. Пішу мен тігуге қажетті заттармен театр қамтамасыз етеді. Балалар тігін машинасымен, торлағышпен жұмыс істеуді, қолмен тігу техникасын меңгерді. Үйде өздері жасаған ойыншықтар, бұйымдар топтамасы көбейіп келеді, аздап киім-кешек те тігеді, – деді Үміт Мағзұмова.

Бұдан бөлек үйірмеге қаты­су­­шылар опера мен балет спек­такльдеріне дайындық барысын, әртістердің грим жасайтын, киі­нетін бөлмелерін көріп, кос­тюм­дердің тарихымен танысады.

Былтыр мемлекеттік шығар­машылық және спорттық тапсырыстарды жан басына қаржы­ландыру платформасы театрда балалармен жұмысты айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді.

– Бұрын «Астана Операда» балет және хор студиясы болатын, қазір театрлық қолөнер белсенді дамып келеді. Бұл үйірмелер ба­лаларға өте қызықты. Осы орайда біз топтардың санын көбейтіп жа­тырмыз. Коммерциялық топтар қосып, ересектерге ар­нал­ған сәндік-қолданбалы өнер сек­цияларын ашудамыз, – деді студия жетекшісі Назым Жай- л­ау­баева. – Шығармашылық тұр­ғыда өзін-өзі таныту балалар мен жасөспірімдерге ғана ма­ңызды емес, бұл ересектерге де қажет. Сондықтан біз өз әлеует­терін жүзеге асыруға, күн­делікті шаруалардан басқа дүниеге көңіл бөліп, бос уақытты қызықты әрі пайдалы етіп өткізуге мүмкіндік беруге дайынбыз.

«Киім үлгілеу, пішу және тігу» секциясында сабақтарды «Астана Операның» тігін цехында жұмыс істейтін тәжірибелі теат­р костюмдерін пішуші-сәнгер Айгүл Рыспаева жүргізеді. Ағаш­қа өрнек салуды жиырма жылдық тәжірибесі бар суретші-бутафор Ерзат Елшібаев үйретеді.

– Ағашқа өрнек салу – сәндік-қолданбалы өнер түрі, ол ағашты көркемдік өңдеудің сан алуан түрлерін, оның ішінде арамен кесуді, жону ісін, күйдіруді қам­тиды, – дейді Ерзат Елші­баев. – Бұл дағдыларды үйрену аса қиын емес. Біздің иелігімізде білдектер, арнайы құрал-саймандар бар, олардың көмегімен үйдің ішін бе­зендіруге арналған зергер­лік элементтерді жасауға, шығар­машылық шабытты жүзеге асы­руға және қызықты жұмыс барысынан рахат алуға болады.

Айта кетейік, ересектерге арналған қолөнерді үйрену мүмкіндігі үшін барлық байланыс мәліметі театр сайтында көрсетілген.