Бокс • 22 Ақпан, 2023

Ташкентке барудан бас тартып жатыр

1822 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты негізгі фаворит құрамаларының қатысуынсыз өтуі мүмкін. Себебі Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте жалауы желбірейтін дүниежүзілік доданың уақыты жақындаған сайын жаһан біріншілігінен бас тартып, бойкот жариялаған құрамалардың қатары артып барады. Бүгінге дейін АҚШ, Чехия, Ирландия, Ұлыбритания, Канада, Польша, Швейцария және Нидерланд құрамалары Ташкент шаршы алаңында жұдырықтаспайтындарын мәлімдеп үлгерді.

Ташкентке барудан бас тартып жатыр

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», дегендей 2022 жыл­дың күзінде Халықаралық бокс ассоциациясының (IBA) президенті Умар Кремлев Ресей мен Беларусь спортшыларының жарыстардан шеттетілуіне қарсы шығып, екі елдің өкілдеріне Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан салған «санкцияларды» (өз туы астында жарыстарға қатыстырмау) алып тастаған болатын. Осы ше­шімнен кейін «Дайрабайдың көк сиырының» арты үлкен дауға ұласып, құрамалардың әлем чемпионатына жаппай бойкот жариялауына алып келді.

Сөйтіп Ресей мен Беларусь спортшыларына «қамқорлық» жасаймын деген IBA Халықаралық Олимпиада комитетінің шешіміне мойынсынбай, онсыз да екі ұйым арасында сетінеп тұрған нәзік қаты­насты тіпті нашарлатып жіберді.

IBA-ның даулы шешімі 2022 жылдың қазан айында қа­былданғанымен, түрлі наразы­лықтардан кейін батыс елдерінің спорт басшылары мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері күні кешеге дейін бокс ұйымы өз шешімінен бас тартады деп үміттеніп келді. Бірақ ақпанның ба­сында IBA басшылығы өз ұста­нымында қалатынын тағы да мә­лімдеді. Содан кейін демократия десе делебесі қозып шыға келетін АҚШ бокс федерациясы («USA Boxing») IBA-ның бұл бастамасына қарсы шығып, алғашқылардың бірі ретінде боксшыларын Ташкенттегі әлем чемпионатына жіберуден бас тартатынын жариялады. Олар IBA-ның бұл ұстанымы Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Ресей және Беларусь спортшыларына қолданған шешіміне қарсы іс-әрекет екенін айтып, қатаң айып­тады. Сондай-ақ АҚШ бокс фе­де­рация­сы халықаралық бокс ұйы­мының қаржылық басқаруы ашық түрде жарияланбайтынын және санкция салынған компания­лар­мен тығыз жұмыс істеуі бойкот жа­­риялауға себеп болғанын жет­кізді.

АҚШ-тың ізін ала Ирландия мен Чехия бокс федерациялары да дәл осы мәселеге байланыс­ты 2023 жылдың наурыз және ма­­мыр айында Үндістанның Дели қа­ласында өтетін әйелдер ара­сындағы әлем чемпионаты мен Таш­кенттегі ерлер арасындағы дода­ға қатыспайтындарын мәлім­деді. Тіпті Чехия бокс қауымдас­тығының (CBA) президенті Марек Шимак IBA-ға қарсы балама әлем чемпионатын өткізуді ұсынды.

Одан кейін әлем чемпионатына Англия, Канада, Швеция, Польша, Швейцария мен Нидерланд бокс федерациялары бойкот жариялап, Ресей және Беларусь спорт­шыларының өз тулары астында жарыстарға қатыстыруға қар­сы екендерін біл­дірді. Бойкот жа­риялаған құра­ма­лардың қатары кө­бейген сайын бұл жағдайға бокс сарапшылары алаңдай бас­тады. Себебі бокс мамандары алдағы уақытта бұл тізім тағы да толығар болса, онда ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпио­наттарының өтпей қалуы мүмкін екенін айтып отыр.

Бокстан әлемдік держава құра­­маларының әлем чемпио­натына қатыспауы IBA-ның дүние жүзі алдындағы жоқ атақ-даңқына да, әлем біріншілігінің деңгейіне де кері әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені бойкот жариялаған елдердің бокс­шылары айтулы жарысқа қатыс­пағандықтан, былғары қолғап шеберлері арасындағы шынайы бәсекелестіктің болмайтыны бел­гілі. Себебі қазірге дейін бойкот жариялаған құрамалардың ішінде тек Чехия боксының әлеуеті төмен демесеңіз, АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия боксшылары әлем чемпионаттарында, Олимпия ойындарында әрқашан жүлделі орындардан көрініп жүр.

Мәселен, Токио Олимпиа­дасында Англия бокс құрамасы алты медаль олжалап, жалпыко­мандалық есепте Куба бокс­шы­ларымен бірге алғашқы орынды өзара бөліскен еді. Сонымен қатар үздіктер қатарынан бір алтын және бір қола алған Ирландия мен үш күміс және бір қола жүлдеге қол жеткізген АҚШ былғары қолғап шеберлері де көрінген болатын. 2021 жылы Сербияның бас шаһары – Белградтағы әлем чемпионатында АҚШ боксшылары екі алтын және екі күміс медальмен жалпы есепте үшінші орыннан көрінсе, Ирландия құрамасы әйел­дер арасындағы дүниежүзілік додада екі алтын медаль жеңіп алған.

Ал жуырда Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Қазақстан құрамасы әйелдер мен ерлер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысатынын мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Сербиядағы әлем біріншілігінде Қазақстанның ерлер құрамасы 2 алтын, 2 күміс,

1 қо­ла­мен жалпыкомандалық есепте Ку­ба боксшыларын (3 алтын, 2 қо­ла) алға жіберіп, екінші орынға ие болған еді.

Үндістан астанасы – Нью-Делидегі әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 15-31 наурыз аралығында, Өзбекстанның Ташкент қаласындағы ерлер бәсекесі 1-14 мамыр аралығында өтеді деп жоспарланған.