Сонымен қатар тұрақты біріншілікте ең жоғары жалақы алатын ТОП-10 хоккейшінің қатарында Антон Бурдасов («Трактор»), Александр Радулов («Ак Барс»), Владимир Эдуардович Ткачёв («Авангард», үшеуінің де жалақысы – 80 млн рубль (478 млн теңге), Дмитрий Яшкин (СКА – 77 млн рубль немесе 460 млн теңге), Стефан Да Коста («Авангард»), Дамир Жафяров (СКА), Алексей Марченко («Локомотив»), Владимир Александрович Ткачёв («Трактор») және Вадим Шипачев («Ак Барс», төртеуінің де жалақысы – 75 млн рубль немесе 448 млн теңге) бар.
Ресейлік басылым ұсынған жылына ең көп табыс табатын хоккейшілер тізімінде Қазақстан құрамасының екі өкілі бар екен. Олар – Мәскеудің ЦСКА клубының намысын қорғайтын қорғаушы Даррен Диц пен «Барыс» командасының шабуылшысы әрі капитаны Никита Михайлис. Кейінгі екі жылда ЦСКА сапында өнер көрсетіп, былтыр «Гагарин кубогін» жеңіп алған Дицтің есепшотына Мәскеу командасы жылына 70 млн рубль (418 млн теңге) аударады. Ал елорданың «Барысы» өзінің ең үздік сұрмергендерінің біріне 50 млн рубль (298 млн теңге) көлемінде жалақы төлейді. Сондай-ақ астаналық ұжымның тағы бір өкілі, канадалық шабуылшы Линден Вей де дәл сондай жалақы алады.
Жылына 20 млн рубльден (120 млн теңге) көп жалақы алатын 245 хоккейшінің тізіміне «Барыс» клубы сапында мұзайдынға шығатын тағы бес хоккейші енген. Атап айтқанда, канадалық шабуылшы Майкл Шапю (26 млн рубль немесе 155 млн теңге), словакиялық қақпашы Юлиус Гудачек пен америкалық шабуылшы Энтони Луис (25 млн рубль немесе 149 млн теңге), канадалық қорғаушы Джесси Грэм (23 млн рубль немесе 137 млн теңге) және америкалық шабуылшы Джереми Бракко (22 млн рубль немесе 131 млн теңге).
Осы орайда биылғы Құрлықтық хоккей лигасының «Шығыс» конференциясындағы 66 ойынның тек 27-сінде ғана жеңіп, 61 ұпаймен көш соңында қалып қойған «Барыс» клубының ойыншылары өз жалақыларын адал алып жүр ме деген сұрақ туындайды. Ол үшін жоғарыда аты аталған хоккейшілердің статистикасына көз жүгіртіп көрейік.
Мәселен, «Барыс» құрамын биылғы маусымда толықтырған қақпашы Юлиус Гудачек күні кешеге дейін тұрақты біріншілік аясындағы 42 матчқа қатысып, өз қақпасына 93 шайба өткізіп алған. Ал Гудачектен әлдеқайда аз жалақы алатын Никита Бояркиннің қақпасынан өзге хоккейшілер 31 ойында 65 мәрте саңылау тапқан екен. Қауіпті соққыларды қайтару (91.4 – 90,9) және сенімді ойнау (2.46 – 2,58) жағынан Бояркинде аздаған басымдық байқалады.
Қорғаушы Джесси Грэм 64 матчта мұзайдынға шығып, бірде-бір ойында шайба соға алмаған. Десе де 19 голдың соғылуына жағдай жасаған. Әйткенмен, нәтиже көрсету жағынан Қазақстан хоккейшісі Әділ Бекетаев қорғаушылар арасында көш бастап тұр. Ол 62 матчта үш мәрте мергендігімен көзге түсіп, 17 мәрте ассистенттік жасаған.
Шабуылшылар Никита Михайлис, Линден Вей, Энтони Луис және Джереми Бракко статистикалық көрсеткіш бойынша бір-бірінің ізін қуып келеді. 56 матчта 18 шайба соғып, әріптестеріне 22 мәрте нәтижелі пас берген Вей мергендер көшін бастап тұр. Кейінгі орынға Д.Бракко жайғасқан. Ол 59 матчта 14 рет нысананы дәл көздеп, 26 мәрте командаластарының шайба соғуына мүмкіндік жаратып берген. Никита Михайлис 56 ойында 14 гол соғып, 24 мәрте дәл пас берсе, Луис 56 ойында (9+21) 30 ұпай жинаған.
Ал жылына 155 млн, айына 13 млн теңге шамасында жалақы алатын Майкл Шапю бір маусымда бар-жоғы 10 ойынға қатысып, үш мәрте мергендігімен көзге түскен екен.
Айта кетейік, бейресми дерек бойынша жылына 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінетін елорданың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасының биылғы маусымында «Шығыс» конференциясының турнир кестесінде ең соңғы орында қалып қойды. ҚХЛ тарихында «Барыс» бұған дейін ешқашан мұндай сәтсіздікке ұшырамаған.