21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні қарсаңында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен әсерлі кеш өтті. Оған «Димаш Құдайберген. Ұлыбритания және дүниежүзі» фан-клубының белсенді мүшелері қатысты. Ұлты басқа, тілі бөлек әр жанкүйерді дара дауысты Димаштың өнер әлеміндегі беделі бір араға тоғыстырды. Ана тілімізге құрмет білдіріп, үйренуге ынтыққан ағылшындардың арасында бұрын Қазақстанға саяхаттап келгендері де бар. Олар біздің бай мәдениетімізден, салт-дәстүрлерімізден және ұлттық тағамдарымыздан да хабардар екен.
– Мен негізі бала күтімі бойынша колледж студенттеріне лекция оқимын. Фан-клубымызды 2022 жылдың тамызында аштық, бар болғаны 6 ай өтті. Күні кеше 1 мыңыншы мүшеміз қатарымызға қосылып, қатты қуандық, – дейді фан-клуб төрағасы Джилл Бичем.
Елшіліктің ұйымдастыруымен өткен қазақша курсты «Хабар 24» арнасының Лондондағы тілшісі Ғалымжан Қараманұлының қызы Кәусар жүргізеді. Қазақ, ағылшын тілдеріне жетік Кәусар бұған дейін «Балапан» телеарнасында балаларға ағылшынша үйретіп, тәжірибе жинақтаған. Енді, міне, ұлттық киім киіп, британиялықтарға қазақ тілінің ғажаптығын танытуда.
«Құлағымдағы сырға мен мойнымдағы алқаны Алматыға Димаштың концертіне барғанда сатып алдым. Тереза құрбым екеуміз көлге бардық, шатқалдарды да көрдік. Өте тамаша уақыт өткіздік», дейді фан-клуб мүшесі Луанна Кипинг. «Мен қазақша сәлемдесіп, жағдай сұрай аламын. Өзімді таныстыра аламын», дейді тіл үйренуші Кристина Брэйн.
Қазақ мәдениетіне, тіліне тәнті болған ағылшындар осылай ақжарма тілектерін білдіріп, кішкентай жетекшілеріне алғыс айтып жатқаны біз үшін сүйініш. Тереза Невес есімді қала тұрғыны: «Біз осы фан-клубқа мүше болғанымызға қуанамыз. Димаш барлығымызды үлкен шаңырақ астында біріктірді. Біз ұйыған бір отбасындаймыз», деген ойын жеткізді.
Аталған шара аясында халықаралық фан-клуб мүшелері қайырымдылық шарасын да өткізіп, Қазақстандағы «SOS балалар ауылы» үкіметтік емес ұйымына қаражат жинап берді. Жиналған ақшаға жетім немесе ата-анасының қарауынсыз қалған балалар музыкалық аспаптар сатып ала алады. Қазақтың дәстүрлі домбырасында ойнап үйренуге мүмкіндік алады.
– Біз әзірге 1 млн теңге жинадық. Науқан әлі де жалғасып жатыр. Бұл сома еселене түседі деп сенеміз. Бірқатар жоспарымыз да бар. Алдағы уақытта «SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілеріне онлайн платформа арқылы ағылшын тілін үйреткіміз келеді. Сондай-ақ сол ауылға барып оқытатын мұғалімдерге ақша төлеу де ойымызда бар, – дейді Джилл Бичем.
Халықаралық ана тілі күні қарсаңында өткен кеште түрлі ұлт өкілдері өз тілдерінде өлеңдер оқыды. Сосын олар әнші Димаштың шығармашылығына қатысты танымдық сұрақтарға жарыса жауап беріп, оның репертуарындағы қазақша әндерді орындады.