Экономика • 23 Ақпан, 2023

ТШО: Озық үрдістегі отыз жыл

400 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіз еліміздің өсуімен тығыз байланысты «Теңізшевройл» өзі жұмыс істеп келе жатқан 30 жылдың ішінде тұрақты даму мен ілгерілеудің жарқын мысалына айналды. Егер 1993 жылы компания небәрі 1 млн тонна мұнай өндірген болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 30 млн тоннаға жуықтады.

ТШО:  Озық үрдістегі отыз жыл

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өнімдерді өткізу барысы да қарқынды. Өткен жылы 1,19 млн тоннадан аса сұйытылған газ, 9,7 млрд текше метрден аса құрғақ газ, 2,4 млн тоннаға жуық күкірт өткізілді

Саладағы күтпеген қиындық­тар­ды табандылықпен еңсеру, дұрыс стратегия және бизнесті сауатты да жауапты жүргізу қашанда өз нәти­же­сін берері анық. Заманауи эко­но­миканың қозғалтқышы саналатын мұнай, газ және ілеспе өнімдер өн­діру­ші компания қызметінің жо­ғары деңгейі осыған дәлел. Өткен жылы «Теңізшевройл» ЖШС өндір­ген шикі мұнай көлемі 29,2 млн тон­наны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ға артық болды. Бұл – республикадағы шикі мұнай өндірісінің жалпы көлемінің шамамен 34%-ы.

Сөйте тұра ТШО өндірілген шикі мұнайдың әр тоннасына шаққандағы жалпы шығарындылар (эмиссиялар) көлемін 2000 жылдан бері 75%-ға қысқартты. Былтыр өндірілген газдың 99%-ы кәдеге жаратылды. Сондай-ақ суды қайтадан пайдалану көрсеткіші 49%-ға жетті. Компания тұрмыстық ағын суларды кәдеге жарату, өндірістік мақсатта тазарту мен қайта пайдалану арқы­лы суды үнемдеу бағытындағы іс-шараларды үздіксіз жүргізіп келеді. Қалдықтардың 35-тен аса түрі қайта өңдеуге жіберіліп, былтыр өңдеу деңгейі 63%-ды құрады. Жетекші компания үздік технологияларды енгізе отырып, өз қызметін еңбек қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі дүниежүзілік стан­дарттарға сай жүзеге асырып отыр.

Өнімдерді өткізу барысы да қар­қынды. Өткен жылы 1,19 млн тон­надан аса сұйытылған газ, 9,7 млрд текше метрден аса құрғақ газ, 2,4 млн тоннаға жуық күкірт өткізілді.

Жуырда іске қосылған Атырау қала­сындағы KPI мұнай-химия ке­ше­ніне шикізат ретінде пайдаланатын пропанның 100%-ы ТШО-дан жеткізіліп жатыр.

Бұған дейін, 2022 жылдың мау­сым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Теңіз кен орнының акционерлеріне тапшылықты жабу үшін 2 млрд текше метр газды экспорттаушыдан ішкі нарыққа қайта бағыттау мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. «Ішкі нарықтағы газ тап­шылығы келесі жылдың өзінде-ақ болжанып отыр. Газға деген ішкі қажет­тілікті қамтамасыз ету оның экспортынан сөзсіз басымдыққа ие», деп түсіндірді Президент.

Кейінірек, Қазақстанға сапары аясында Chevron корпорациясының бас­шысы Майкл Вирт «Теңіз­шев­ройл» Қазақстанның ішкі нарығының қажеттіліктеріне қо­сымша 2,6 млрд текше метр тауар­лық газ жіберетінін хабарлады. ТШО барлық өңделген тауарлық газды Қазақстанның ішкі нарығына жеткізбек. Өткен жылы компания еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібі мен ішкі нарыққа қажетті газға өсіп келе жатқан сұранысты өтеу­де белсенді іс-қимыл танытты. Сөйтіп, ТШО өндірген газдың 87%-ы Қазақстанның ішкі нарығына жіберілді. Қажеттілікті ескеріп, компания елімізде өндірілетін газдың барлық 100 пайызын қал­ды­руды жос­парлап отыр.

2022 жылдың қорытындысы бо­йынша Теңізде ілеспе шикі 16,1 млрд текше метр газ өндірілді, оның бір бөлігі қайтадан қабатқа айдалады, бір бөлігі компанияның ішкі өндірістік қажеттіліктеріне пайдаланылады.

ТШО-ның 1993 жылдан бас­тап 2022 жылдың соңына дейінгі ара­лықтағы Қазақстанға тікелей қар­жылай салымы кәсіпорынның жергі­лікті қызметкерлеріне төленген еңбекақыны, қазақстандық тауар өндірушілер мен қамтушылардың өнім­дері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржыны, мем­ле­кеттік кәсіпорындарға аударылатын төлемдер, серіктеске бө­лін­ген ди­ви­денд­терді, сондай-ақ мем­лекет­тік бюджетке аударылған салық және роял­ти түріндегі төлем­дер­ді қоса алғанда 176 млрд доллардан асты. Ал 2022 жылы компания Қазақ­стан бюджетіне 14,5 млрд доллар көле­мінде тікелей төлем жасап, ел эко­но­­микасының нығаюына септігін тигізді.

2022 жылы ТШО соңғы 6 жылдағы қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың ең жоғары үлесіне ‒ 70%-ға қол жеткізді. Жұмсалған қа­ражаттың басым бөлігі Келе­шек кеңею жобасы ‒ Ұңғыма ернеуін­де­гі қысымды басқару жобасы­мен (ККЖ-ҰЕҚБЖ) байла­ныс­ты. Бұл жоба­лар бірік­тірі­ліп, бір уақытта іске асырылады. ККЖ-ҰЕҚБЖ аяқ­тал­ғаннан кейін Теңіз кен орнындағы шикі мұнай өндіру қуаты жылына 12 млн тоннаға, ал жалпы көлемі 39 млн тоннаға дейін ұлғаятын болады. ККЖ өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берсе, ҰЕҚБЖ ұңғыма сағасындағы қысымды төмендетіп, өндірістегі алты кешенді технологиялық желі­де­гі қысымды арттыру арқылы Теңіз кен орнындағы зауыттардың өндіргіш қуатының толық қолда­нылуын қамтамасыз етеді. Бұл білік­ті мамандарды даярлау, шетел­дік компаниялармен серіктес­тік қатынас орнату арқылы технология алмасу және жергілікті инфра­құ­рылымды жаң­ғырту түрінде мұра қалдыруға мүм­кіндік беретін ұлттық маңызы бар жоба.

Қазіргі күні ҰЕҚБЖ құрылы­сы­ның басым бөлігі аяқталған. Жоба жүйелерді іске қосу сатысында және өндіріс нысандарын жоғары қы­сым­нан төменгі қысымға көшіру жұ­мыстарын бастайды.

1993 жылы кәсіпорын жұмыс­шы­лары арасында Қазақстан аза­мат­­тарының үлесі 50%-ды құ­ра­са, 2022 жылдың қорытындысы бо­йын­ша қазақстандық мамандар ТШО-ның негізгі өндірісіндегі лауа­­зымдардың 94,8%-ына ие.

Компанияның жергілікті халық игілігіне салған инвестиция­сы өңір тұрғындарының өміріне елеу­лі өзгерістер әкелуде. Әлеу­мет­­тік бастамалар Атырау облы­сының әрбір тұрғынының әлеуе­тін ашу мен ынталандыруға бағытталған. Ком­пания еліміздің эконо­ми­ка­лық дамуы мен кәсіп­орын орна­лас­қан өңірдің жергілікті хал­қының әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосып келеді. 1993 жылы негізі қаланғаннан бері ТШО Атырау облысының тұр­ғын­дары мен қызметкерлерін қам­титын әлеуметтік жобалар мен бағдар­ла­ма­ларды қаржыландыруға 2,7 млрд-тан астам доллар жұмсады. «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағ­дар­ламасының 2023 жылғы бюд­жеті 25 млн долларды құрады. Бұл қаржы негізінен Атырау облы­сын­дағы балабақша, аурухана, мектеп және басқа да әлеуметтік нысан­дардың құрылысына бағыт­талады.

«Жаһандық мұнай нарығындағы жағдайға қарамастан, компаниямыз кәсіби жауапкершілік танытып, дұрыс жолды таңдау арқылы құндылықтардан таймай, жоғары нәтиже көрсете алды. Бұған төрт ак­цио­неріміз бен Қазақстан үкі­ме­ті­нің көрсетіп отырған қол­дауының, сонымен бірге қыз­меткерлеріміздің зор қабілеті мен адал еңбегінің арқасында қол жеткіздік», деп атап өтті ТШО бас директоры Кевин Лайон журналистермен өткен кездесуде.