Өндіріс • 23 Ақпан, 2023

Талабы таудай тау-кен саласы

446 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміз пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемде жетекші орындардың қатарында. Осы деңгейге сай нарықтағы позицияны нығайтуға тау-кен металлургия кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, минералды-шикізат ресурсын толықтыру мен базалық металдарды дайын өнім түріне дейін терең өңдеу арқылы жететініміз айқын.

Талабы таудай тау-кен саласы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өткен жылдың қорытындысында салада оң серпін байқалды. Ресми деректер бойынша 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанында металл кендерін өндіру көлемі алдыңғы жылдағы 3,28 трлн теңгеге қарсы құндық мәнде 3,42 трлн теңгені құраған. Ал металлургиядағы шығарылым 2021 жылдағы 7,68 трлн теңгеге қарсы 9 трлн теңгеден асқан. Металл кендері тау-кен өндіру секторының жалпы шығарылымының шамамен 14%-ын құндық мәнде қамтамасыз етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі металлургияның салмағы шамамен 44%-ға жетті

Экономикалық даму мен әлеуметтің әл-ауқатын арттыруда зор рөл атқаратын маңызды өнеркәсіп секторларының бірі ‒ тау-кен металлургия кешені (ТМК). Қазақстанның экономикалық құ­ры­лымында өнеркәсіптің бұл буыны мұнай-газ саласы секілді ерекше орын алады. Республиканың ІЖӨ-сіндегі сектордың үлесі шамамен 9%-ды құрайды. Қазіргі геосаяси дағдарысқа байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, сала сын-қатерлерге төтеп бере алды. Тұтастай алғанда, ТМК елдегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің шамамен 26%-ын қамтамасыз етті, яғни республиканың барлық өнеркәсібінің төрттен бірінен астамын металдарды өндіру және қайта өңдеу секторы ұстап отыр.

Өткен жылдың қорытындысында салада оң серпін байқалды. Ресми деректер бойынша 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанында металл кендерін өндіру көлемі алдыңғы жылдағы 3,28 трлн теңгеге қарсы құндық мәнде 3,42 трлн теңгені құраған. Ал металлургиядағы шыға­рылым 2021 жылдағы 7,68 трлн теңгеге қарсы 9 трлн теңгеден асқан. Металл кендері тау-кен өндіру сек­то­рының жалпы шығарылымының шамамен 14%-ын құндық мәнде қамта­ма­сыз етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі метал­лургияның салмағы шамамен 44%-ға жетті.

Металл кендерін өндіру құрылы­мын­да темір кеніне 684,3 млрд теңгеден, түсті металл кеніне 2,73 трлн теңгеден келді. Металлургия өндірісінің құры­лымында қара металлургия үлесі ‒ 3,17 трлн тең­гені, негізгі асыл және түсті металдар өндірісі – 5,82 трлн теңгені, металл құю 25 млрд теңгені құрады.

Табиғи түрде қара металлургияның ферроқорытпа өндірісінде 2,6%-ға, 2,1 млн тоннаға дейін өсім тіркелді, алайда болат өндірісі 8%-ға, 4,1 млн тоннаға дейін, шойын 10,3%-ға, 3,2 млн тоннаға дейін қысқарды. Түсті металлургияда алюминий шығару оң (0,2%, 1,6 млн тоннаға дейін), мыс шығару елеусіздеу теріс (1,2%, 453 мың тоннаға дейін) төңіректе болды. Қорғасын мен мырыш өндірісі тиісінше 108,8 мың және 266,3 мың тоннаға дейін қысқарды. Алтын өндірісі 13%-ға, 129,6 тоннаға артты.

Экспорттық жеткізілімдерге келетін болсақ, 2022 жылдың 11 айының қоры­тындысы бойынша еліміздің барлық экспортының 14%-дан астамы (11 млрд доллар) және ТМД елдеріне экспорттың шамамен 21%-ы (2,8 млрд доллар) металдар мен одан жасалған бұйымдарға тиесілі болған. Салыстырмалы түрде бұл азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп және ағаш өңдеу өнімдерін экспорттаудан шамамен 1 млрд долларға көп.

2022 жылы салада 3,5 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 232 млрд теңгеге 19 жаңа инвестициялық жоба іске асы­рылған. Алдағы уақытта секторда жаңа қуаттар мен кәсіпорындарды енгізу жос­парлануда. Айталық, Қарағанды об­­лы­сындағы Саран өнеркәсіптік айма­ғында үш металлургиялық кәсіпорын: мырышталған болат өндіру зауытын, құбыр зауытын және ыстық мырыштау зауытын салу жоспарлануда. Инвестиция көлемі 478 млн доллар көлемінде болады деп күтіледі. Жаңа кәсіпорындар 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашады.

Ақтөбе облысында рельс, теміржол дөңгелегі, құрылыс және құрылымдық арматура шығаратын QazSpetsSteel болат балқыту зауыты салынбақ. Қуат­тылығы жылына 800 мың тонна өнімді құрайтын жобаға 587 млн доллар көле­мінде инвес­тиция салынады.

Бүгінде «Қазақмыс», Kazzinc, Қазақ­стан алюминиі, Қазақстан электролиз зауыты, Өскемен титан-магний ком­бинаты сияқты индустрия алып­тары еліміздің түсті металдарды өндіру мен өңдеу саласындағы тау-кен метал­лургия кешенінің негізгі ірі кәсіп­орын­дары болып саналады. Темір кендерін өндіру және қара металлур­гия саласында «АрселорМиттал Теміртау», «Қазхром», «Жәйрем» кен байыту комбинаты, «Соколов-Сарыбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, Те­мір­тау электрометаллургиялық комбинаты және басқа да белді нысандар жұмыс істейді. Біразы өндіріс аясын кеңейтіп, заманауи үрдістерге сай тех­­нологиялық жаңғыртуларды жү­зе­ге асыруда. Мысалы, ERG тобына кіре­тін «Соколов-Сарыбай» тау-кен байы­ту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ) құрамында темір мөлшері жоғары BF-түйіршіктердің сынақ партиясын шығарды. Жаңа өнімнің сипаттамасын растайтын халықаралық сертификат алынды. Кәсіпорында концентрат өндірісінің технологиялық схемасын жаңғырту жұмыстары басталды. Жақын арада өнеркәсіп кешеніне негізгі технологиялық жабдықтар жет­кізіледі. Құрылыс-монтаждау жұ­мыстарымен бірге инвестициялар шамамен 2,8 млрд теңгені құрайды. Өндірісті жаңғырту және жаңа өнім алу бүгінгі қалыптасып отырған геосаяси жағдайда өте өзекті. Бұл жаңа өткізу нарықтарына, оның ішінде Еуропаға шығуға мүмкіндік береді, топ­тың ре­сейлік серіктестері ұшырап отыр­ған және саладағы өндірістің құл­ды­рауына әкелген санкциялардың теріс ықпалын жояды.

Былтыр күрделі инвестициялар ме­тал­лургия саласында 606,3 млрд тең­­ге­ні және металл кендерін өндіру са­ла­­сында 689,2 млрд теңгені құрады. Рес­публика бойынша өнеркәсіптік сек­тор­дағы негізгі капиталға салынған ин­вестициялардың барлық көлемінен ТМК-ның жиынтық үлесі 18%-ға жетті.

Тікелей экономикалық әсерден басқа, тау-кен металлургия кешені қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыруға ық­па­л­ын тигізеді. 2022 жылдың қоры­тын­дысы бойынша ТМК өнеркәсіп секторы қызметкерлерінің барлық тізімдік санының 27%-дан астамын құрады. Тікелей металлургияда еліміздің өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің шамамен 30%-ы, металл кендерін өндіруде тау-кен саласы қызметкерлерінің шамамен 44%-ы жұмыспен қамтылды. Кеншілердің еңбекақысы дәстүрлі түрде тұрақты сипатқа ие. 2022 жылдың соңғы тоқсанында Қазақстанда орташа айлық жалақы 338,7 мың теңгені, өнеркәсіпте ‒ 474,3 мың теңгені, металлургияда – 537,5 мың теңгені, металл кендерін өндіру сегментінде 558,3 мың теңгені құраған. Сонымен қатар биыл 1 қаңтардан бастап ERG тобының өндірістік кәсіпорындары өз қызметкерлерінің жалақысын 15%-ға арттырған. Компания еңбекақы қорын ұлғайтуға қосымша 60 млрд теңге ба­ғыттаған.

Бұдан басқа, ТМК кәсіпорындарының моноқалаларды және жалпы қатысатын өңірлерді дамытуға қосатын үлесі зор. Мысалы, Kaz Minerals – Екібастұз, Kazzinc ‒ Алтай және Риддер, ERG ‒ Хромтау, Рудный, Ақсу және басқа да шаһарларды дамытуға атсалысады. Қазмырыш компаниясы оқу орындарын қолдаудан бастап, апатты жағдайдағы жылу-электр орталықтарының жұмысын қалпына келтіруге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты әртүрлі әлеуметтік маңызды салаларды ілгерілетуге белсенді қатысады. Ал ERG Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарының мектептерін цифрлық технологиялармен қамтамасыз етуге жәрдемдесуде, сондай-ақ Ақтөбе мен Хромтау мектептеріндегіэкологиялық бас­тамаларға, жалпы өңір тұрғын­да­рының кәсібіне қолдау көрсетуде.

ТМК сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға зор мән беріп келеді. Бұл ретте кәсіпкерлерге 3%-бен несие беруге қаражат бөлу (ERG Хромтау моноқаласын дамыту шеңберінде) және жергілікті өндірушілерден сатып алу отандық өндірісті дамытуда үлкен рөл атқарады. Өткен жылы топ 1,63 трлн теңгеге тауарлар мен қызметтерді сатып алды, оның ішінде қазақстандық компаниялардан сатып алу көлемі 1,24 трлн теңгені құрады. Сол секілді Kazzinc бизнес-жобалар конкурсының қорытындысы бойынша 13 отандық өндірушілермен 18 млрд теңгеден астам сомаға меморандумдар мен офтейк-келісімшарттар жасасқан.

Бүгінде жер қойнауы ‒ халықтың меншігі. Сондықтан сала мамандары мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жер қойнауын экономикалық өсу мен халықтың әл-ауқатын арттырудың қоз­ғалтқышы ретінде дамыту, бұл бойынша жалпыұлттық басымдықты бекіту, сондай-ақ алдағы нақты бағдарларды айқындау үшін ТМК-ны дамыту стратегиясын әзірлеу қажеттігін алға тартып отыр.

Сонымен қатар жер қойнауын пай­да­лану­шыларға салық салу жүйесін біріздендіруге, мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерін оңтайландыруға маңыз беріліп, инвестициялық әлеуетті шектейтін тежеуші факторларды жоюға баса назар аударылуы қажет. Бұл бағытта (еліміздің ТМК салық салу жүйесін реттеуде) Аустралия, Канада сынды әлемнің жетекші тау-кен өндіруші елдерінің тәжірибесіне сүйенген ұтымды.

Салық жүктемесінің коэффициентін есептеу әдістемесін қайта қарау да өзек­ті. Қазіргі уақытта Қаржы министр­лігі қолданатын есептеу ережелеріне сәйкес, ТМК-дағы салық жүктемесі – 8-9%. Алайда салық жүктемесінің коэффициентін есептеу үшін бастапқы деректер ретінде мемлекетке төленген са­лық­тардың салық салынғанға дейін­гі компаниялардың пайдасына ара­қа­тынасын қолдануды көздейтін Дү­ние­жүзілік банктің жалпыға бірдей танылған әдістемесі негізінде есептеу жүргізілсе, онда Қазақстанның тау-кен металлургиялық кәсіпорындарына салық жүктемесі 40-45%-ды құрайды. Осылайша, көрсеткіш Қаржы министр­лігінің сандарынан бірнеше есе ерек­шеленеді.

Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республи­калық қауымдастығы атқарушы дирек­торының орынбасары Максим Коно­нов­тың пікірінше, осындай қызметті ынталандыратын техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу жөніндегі опе­рацияларға салық салу тәртібін ай­қын­дау және халықаралық салық салу­ға қатысты Салық кодексінің бөлімін қайта қарау қажет.

Мемлекеттік органдардың жер қой­науын пайдаланушылармен өзара іс-әрекетінде жобалық және басқа құжат­тарды келісу рәсімдерін оңтайландыру және қысқарту арқылы «бірыңғай терезе» қағидатын енгізудің мәні зор. Сонымен қатар геологиялық барлау компаниялары үшін ҚҚС мөлшерлемесін төмендету, жер қойнауы туралы өзекті және жоғары дәлдіктегі деректерді алу мақсатында өңірлік аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізу бойынша бірқатар ұсыныс енгізілуде.

Сол секілді Экологиялық кодекстің эколо­гиялық реттеу және бақылау са­ла­сындағы жобалық құжаттаманы ке­лісу мерзімдері мен рәсімдерін оңтай­ландыру бөлігінде өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу жағы да бар. Қа­зір­де әзірленіп жатқан ең озық қолже­тім­ді технологиялар (ЕҚЖ) бойынша анықтамалықтарды климаттық және экологиялық жағдайларға бейімдеп, оларды нақты салаларда қолданудың экономикалық қолжетімділігін ескерген жөн.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта қара және түсті металл сынықтарын дайын­даушылар да бірқатар түйткілдерге тап болып отыр. Айталық, сынықтарды экспорттауға тыйым салу нормативтік актілермен реттелмеген және осы салада жұмыс істейтін кәсіпорындарды ‒ шағын және орта бизнес өкілдерін шығынға батырады. Ал сынықтарды дайын­даушылар металлургиялық кәсіп­орын­дарға сынықтарды жеткізгені үшін төлемдерді уақтылы алмайды, вагон­дардың жетіспеушілігіне тап болады.

Тағы бір өзекті мәселе – отандық өңдеу­шілерді металл түрлерімен қамта­масыз ету. Қазіргі кезде тау-кен металлургия кәсіпорындары Өнеркәсіптік саясат тура­лы заңның 60-бабында рег­ламенттелген қолданыстағы тәр­тіпке сәйкес өңдеуші өнеркәсіп кәсіп­орындарын отандық шикізатпен қам­тамасыз ету жөнінде ерікті үшжақты келісімдер жасап жатыр. Назар аударар­лығы ‒ Индустрия министрлігі Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне және Өнеркәсіптік сая­сат туралы заңға жер қойнауын пай­далануға арналған келісімшарттың қол­данысын мерзімінен бұрын тоқта­ту, ал қатты пайдалы қазбаларды өн­діруге арналған лицензиялар бойын­ша міндеттемелерді орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеу тү­ріндегі ТМК кәсіпорындарының жауап­кершілігін көздейтін түзетулер пакетін әзірлеген. Осы орайда еліміздің ТМК кәсіпорындары қауымдастығы тараптардың міндеттемелері, оларды орындау шарттары және басқа да мәселелер тараптар арасындағы келісім­шарт негізінде реттелуге тиіс деп санайды.

«Өнеркәсіптік саясат туралы заңды әзірлеу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар қолдаған бастапқы тұжырымдама сондай болған, көптеген компания ерікті негізде келісімшарттарға қол қойды. Осындай тәжірибе кең қолданыс табуы керек», дейді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы атқару­шы директорының орынбасары Ербол Закариянов.

Осылайша, отандық қайта өңдеу­шілерді қолжетімді шикізатпен толық­қанды қамтамасыз ету үшін ірі металл өндірушілерге әсер етудің қосымша нормативтік-құқықтық тетіктерін пы­сықтау туралы Мемлекет басшы­сының тапсырмасын талқылау және бар­лық тараптардың оңтайлы орындауы үшін металлургиялық кәсіпорындардың, өң­деуші өнеркәсіп кәсіпорындарының және мемлекеттік органдардың қа­тысуы­мен жұмыс тобын құру ұсы­нылып отыр. 

Соңғы жаңалықтар