Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»
«Ресей-Украина қақтығысы басталғалы Орталық Азия мен Кавказдың бес елінде адамдар мен капитал ағыны, сондай-ақ сауда ағынының ұлғаюы байқалды. Бұл Ресейге қарсы салынған санкциялармен және ол елден ірі халықаралық компаниялардың кетуімен байланысты. Біз бұл ағын өңір елдерінің экономикалық өсіміне қолдау көрсетеді деп күтеміз. Осымен бір уақытта ауқымды көші-қон экономикалық теңсіздікті күшейтіп, соның салдарынан тұрғын үй мен жалға алу бағасы қымбаттауы ықтимал. Біздің банк секторының салалық және елдік тәуекелдерін бағалауымыз (Banking Industry and Country Risk Assessments, BICRAs) бойынша Орталық Азия мен Кавказдың бес елінің банк жүйелері жаһандық контексте жалпы жоғары тәуекелдерге ұшырайтынына қарамастан, аталған нарықтардағы экономикалық және салалық тәуекелдердің даму үрдісінің тұрақты екенін байқап отырмыз», деп бастайды агенттік зерттеу біссімілләсін.
Агенттік бағалауына сәйкес, 2023 жылы Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан және Өзбекстанның ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) өсімі 2022 жылғы қатты өсімнен кейін баяулайды. Бұл ретте Қазақстанның ІЖӨ-сі 2022 жылғы 3,0 пайыздан 2023 жылы 4,1 пайызға өсім көрсетуі мүмкін. Бірақ одан кейінгі жылдарда қайта баяулау аңғарылады: 2024 жылы – 3,6 пайыз, 2025 жылы – 3,8 пайыз.
«Қазақстан және Әзербайжан сияқты мұнай өндіруші елдер көмірсутегінің ыңғайлы бағасынан және газ экспортының өсімінен пайда табуды жалғастыра береді. Алайда алдағы екі жылда Әзербайжандағы экономикалық өсім қарқыны жоғары болмайды, өйткені ондағы мұнай кен орындары сарқылып жатыр және өндіріс көлемі төмендеуде. 2022 жылы коронавирус инфекциясымен күрес мақсатында елдің құрлық шекарасы жабық болды, сол себепті мигранттар ағыны бұл елдің экономикалық өсіміне әсер етті деу қиын. Сонымен бірге мұнай экспортының 80 пайыздан астамын тасымалдап отырған Каспий құбыр консорциумының (КТК) жұмысындағы іркіліске байланысты Қазақстанның да ахуалы осал күйде қалып отыр. Қазақстан экономикасының өсімін қолдайтын негізгі фактор – мұнай өндірісі көлемін айтарлықтай арттыруға септігін тигізетін Теңіз кен орнының кеңеюі», деп мәлімдейді.
Бұл орайда агенттік Өзбекстанның әлеуетін жоғары бағалайды. Сарапшылар болжауынша, Ресейден ақша қаражатының және адам капиталының көптеп баруы бұл елдегі тұтыну көлемі мен инвестицияны арттырған. Жалпы алғанда, агенттік өңірдегі несие сапасының көрсеткіштері тұрақты сақталады, тіпті күшейеді деп күтеді.
«Дегенмен кейбір факторлар біздің базалық сценарий болжамының нашарлап кетуіне әкелуі де ықтимал. Атап айтқанда, ол – жаһандық экономикалық өсім перспективасының нашарлауы және геосаяси тәуекелдердің артуы. Өңір елдеріндегі инфляция да компания мен үй шаруашылықтарындағы несие қабілетін төмендетуі мүмкін. Позитивті фактор ретінде біз Орталық Азия мен Кавказ елдерінің энергия бағасының өсу әсеріне көп тәуелді емес екенін айтар едік. Себебі Еуропа елдеріне қарағанда бұл елдерде – Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстанда – өзінің энергетикалық ресурстары бар. Ал Армения өздеріне тиімді шарттармен Ресеймен энергетикалық келісімдер жасасқан», деп жазады агенттік.
Болжам бойынша, өңірдегі банк секторының тұрақтылық көрсеткіші бөлшек несие өсіміне және тәуекел құнының қалыпқа түсуіне негізделеді. Тарқатып айтқанда, жоғары пайыздық мөлшерлеме, бөлшек өнімдерге бейімделген несие өсімі, тәуекел құнының реттелуі және операциялық шығындарға жасалған бақылау – 2023 жылы өңірдегі банктердің кірістілік көрсеткішінің тұрақталуы жолындағы аса маңызды фактор болмақ. Базалық сценарийге сәйкес, биыл кірістілік көрсеткіші 2022 жылдың деңгейінде сақталады.
«Ипотекалық және тұтынушылық несие басқа сегменттерге қарағанда жоғары маржасы және комиссиялық кірісі арқасында несие портфеліне ерекше қолдау көрсетеді. 2021-2022 жылдардағы жедел өсімнен кейін біз жеке тұлғаларға кредит беру көлемі Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі жиынтық несие портфелінің 20-40 пайызы деңгейінде қалыптасады деп күтеміз. Бұл ретте Қазақстан, Әзербайжан және Грузиядағы бөлшек несиенің циклі бірқалыпты жүрсе, Армения мен Өзбекстанда бұл сегменттегі өсім айтарлықтай болады. Сол себепті, біз тұтынушылық несие сегментінде бәсеке күшейеді деп ойлаймыз. Бұл өз кезегінде әлдеқайда агрессивті баға саясатына және жоғары тәуекелдердің қабылдануына әсер етіп, ол фактор таза пайыздық маржаға деген қосымша қысымды арттырып, маркетинг пен клиент тартуға кеткен шығынды көбейтуі мүмкін», деп жазады агенттік.
Олардың байыптауынша, алдағы бірнеше жылда әсіресе, ипотекалық несие бөлшек несие нарығындағы орнықты сегмент болып қала береді. Бұған оның банк үшін тәуекел мен кіріс тұрғысынан тартымдылығы ғана емес, мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясындағы азаматтардың жекелеген категориясы үшін пайыз ставкасын субсидиялауы да айрықша әсер етеді.
Сондай-ақ агенттік инфляция операциялық шығындардың 10 пайыздан кем емес өсіміне алып келеді деп болжайды. Ал банктердің IT-ге қатысты шығындары 15-17 пайыз деңгейінде қалыптасуы мүмкін.
Зерттеу барысында агенттік өңірдегі ресейлік банктердің хал-ахуалына қатысты да пікір ұсынады. Ресей-Украина соғысына дейін ең көп ресейлік капитал Қазақстанда болған – 14 пайыз. Бұл көрсеткіш Әзербайжан мен Грузияда – 2, Арменияда 5 пайыз мөлшерінде.
«Біздіңше, Қазақстан ресейлік банктерге қатысты түйткілді нарықтық шешім көмегімен және мемлекеттік қадағалаушы органдар қолдауымен шеше алды. «Бәйтерек» холдингі «Сбербанкті» сатып алды, ал «Банк ЦентрКредит» «Альфа-Банкті» иеленді. Қазақстанның банк секторында ресейлік банктер үлесінің айтарлықтай қысқаруы сектордың одан әрі шоғырлана түсуіне әсер етті және ұлттық банктердің позициясы нығая бастады», дейді.