Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қарағандыда шағын кәсіпорындар белдеуі құрылады
Қарағанды аймағының тоқымашылары мен ісмерлері билікпен бірлесе осы мәселелерді талқыға салды. Алдағы уақытта өңірдегі ірі өндіріс маңайында жеңіл өнеркәсіптегі шағын кәсіпорындар топтасып, өзара ынтымақтастықты нығайтатын белдеу құрылады. Сол арқылы тоқыма кәсіпорындарының екінші тынысын ашу көзделеді.
Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, негізінде бұл саладағы кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отырса керек. Мысалы, былтыр аймақта кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы 23 жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс орны несие алуда мемлекеттік кепілдендірілген субсидиялау түріндегі қолдауға ие болды. Бұл – 2 млрд теңгеден астам қаражат. Ал биыл бизнесті дамытуға өңірдің төл бағдарламасы да үлес қосады деген жоспар бар. Ол – «Кәсіпкер» деп аталатын өңірлік бағдарлама. Аймақтық бағдарлама жеңіл өнеркәсіпке де дем беруге тиіс.
– Біздің кездесуіміз ірі бизнес төңірегінде шағын кәсіпорындар белдеуін құруға, өңірдегі кәсіпорындар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бағытталған. Саланың дамуына мемлекеттік қолдау шаралары оң әсер етеді. 2022 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жеңіл өнеркәсіптің 23 жобасы қаржыландырылды. Биыл кәсіпкерлікті дамытудың «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы қосымша көмек болады, – дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Жалпы, бір ғана аймақта емес, елдегі барлық жеңіл өнеркәсіп өнімдерін жүйе құраушы ірі өндіріс орындарына шығарады. Түсінікті тілмен айтқанда, солардың тапсырысына сай арнайы қажетті киім-кешектер тігеді. Аймақтағы жеңіл өнеркәсіп бұл орайда былтыр 5,2 млрд теңгеге өнім өндірген екен. Өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің өрісі тек өндіріс болмауға тиіс. Мемлекеттік сатып алуға да қатысуына мүмкіндігі бар.
Мысалы, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2022 жылы Қарағанды облысында денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары арқылы жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өздеріне қарасты мекемелерге мемлекеттік сатып алу орталықтандырылған тәртіпте жүзеге асырылған. Құзырлы орындар сатып алған өнімдер қатарында төсек жабдықтары, бір рет киілетін бахила, киім-кешектер және тағы да басқа өнімдер бар.
«Мемлекеттік сатып алуға Қарағандының тауар өндірушілері де қатысты. Олардың қатарында «Ютария» ӨИК, «Біздің форма», «Самотекстиль», «Еско», «Азия-техно» секілді өнеркәсіптер бар. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласы өнімдерін сатып алуға 950 миллион теңге қарастырылған», дейді Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Басқармалар тарапынан ауқымды мемлекеттік сатып алу білім, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына тиесілі екен.
Шикізат пен маман қат
Облыстық кәсіпкерлер палатасы Жеңіл өнеркәсіп комитетінің төрағасы, «Еско» компаниясының директоры Андрей Шмарин өңірдегі шикізаттың қат екеніне қарамастан, аймақта жеңіл өнеркәсіптің шама-шарқынша жұмыс істеп тұрғанын айтады. Бірақ ол проблема жоқ деген сөз емес.
«Кез келген өндірістің тірегіне айналған төрт дүние бар. Ол – шикізатпен қамтамасыз ету, екіншісі – маман, үшіншісі – қаржыландыру, төртіншісі – тауардың тұтынылуы. Осы төртеуіне әрбір сала тәуелді. Бұл тек жеңіл өнеркәсіпке ғана қатысты емес. Шикізатқа келсек, Қарағанды облысында ауқымды көлемде шикізат материал шығаратын өндіріс жоқ. Олар негізінен Оңтүстік Қазақстанда орналасқан. Отандық шикізат, қажетті сапалы жіп пен фурнитура жоқ», дейді Андрей Шмарин.
Екінші мәселе – маман. Жеңіл өнеркәсіпте маман тапшылығы сезіліп отыр. Комитет төрағасының айтуынша, мамандар әлеуетінің қайта құрылымдауы жүріп жатыр. Осылайша, жастардың өзге мамандықтарға қайта бейімделуі белең алып барады. Бұрын жылына 1000 адам тігінші мамандығын меңгерсе, қазір жылына аймақта 100-ге жетер-жетпес тігінші диплом алады. Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіп қажет еткен ондаған мамандық иелері тапшы дейді Андрей Шмарин.
«Қазір осы жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істейтін мамандарды ауыстыратын жас мамандар даярланбайды. Мәселен, 315 колледж бар. Оның бәрі техникалық емес, әрине. Арасында гуманитарлық та бар. Дегенмен осы барының 198-і мемлекеттік аттестаттаудан өтпей қалды дейді ресми деректер. Яғни үштен екісі. Даярлықтан өткен мамандардың жоқтығы, колледжде салалық мамандықтар бойынша берілетін білім сапасының төмендігі, түлектердің кәсіпорындармен байланыссыздығы, оқушыларды болашақ кәсібіне бейімдемеу сынды проблемалар бар. Колледж бітірген түлектер жұмысқа ешбір кәсіптік бағдарсыз келеді. Кәсіпорындар мамандарды қайтадан оқытып-үйретуге мәжбүр. Жұмыс күші біліктілігінің кемдігінен еңбек өнімділігі төмендей бастады. Әзірге кәсіпорындар бұрынғы егде кадрларымен күн көруде. Егер осы үрдіс жалғаса берсе, кәсіпорынның дамуы мен жаңғыруына кедергі келетіні сөзсіз», деді «Еско» компаниясының директоры.
Осыған байланысты ол дуальды білім алуды күшейту қажет, колледж түлегі оқуының соңғы 1,5 жылында кәсіпорындарда тікелей білім алуы керек деп біледі. «Сонда олар өздерінің кәсіби дағдыларын дамытып, қайда және неге бара жатқандарын білуші еді. Мемлекеттің оларға оқуға жұмсаған ақшасын текке шашпайды», дейді.
Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, аймақта тігіншілерді оқытатын 4 мемлекеттік және 2 жекеменшік оқу орны бар. Бұл колледждерде тігінші мамандығын 359 адам меңгеріп жатыр. Кадрларды даярлауға 30 кәсіпорын қатысады.
«Биыл 130 адам оқуын тәмамдайды және олардың қайда жұмыс істейтіндіктері де белгілі», дейді басқарма басшысы.
Дегенмен кәсіпкерлер статистиканың шындықпен қабыспайтынын айтады. Маман таппай «ашығып» отырған жанның бірі – «Абай» тігін фабрикасының басшысы Нұрхан Жұмабеков.
«Қазір біз жұмысымызды ұлғайтқымыз келеді. Бірақ маман тапшы. Дәл қазір 150 адамды жұмыспен қамтуға әзірмін. Алайда ондай маман жоқ. Бізге дуальды жүйемен оқитын студенттер тәжірибеден өтуге келген емес. Бүгінде білікті тігінші 200-250 мың теңге айлық алса да, сала кадр тапшылығынан зардап шегіп отыр», дейді.
Банк пен кеден өнеркәсіпке дос емес
Қаржыландыру мәселесі де жеңіл өнеркәсіптің жолын байлап отыр. Банктің жоғары пайызды несиесі мен кепілге мүлік талап етуі де әлі шешімін таппай келеді.
«Даму» қоры арқылы ықпал етуге қадам жасалғанымен, ол да айтарлықтай әсер ете алмайды. Мүліктік кепіл деген оңай іс емес. Батыста «банк – тауар өндірушінің досы» деген қағидат бар. Ал бізде банк несиесінің мөлшерлемесі жоғары да, банкке кепілге қойылған заттың құны төмен бағаланады», дейді Андрей Шмарин.
Оған қоса, А.Шмариннің айтуынша, кеденнен емін-еркін өтететін контрафакті тауарлардың көптеп келуі елдегі жеңіл өнеркәсіпке кері әсер етеді. Сұраныс аз болған соң кәсіпорындардың толық қуатта жұмыс істемеуі де жығылғанға жұдырық болса керек.
Кездесу не берді?
Кездесу жергілікті қамтуды дамыту және елдік құндылықты арттыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюмен аяқталды. Облыс әкімдігі «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» компанияларымен келісім жасасты. Өнеркәсіптегі алыптар жергілікті зауыттарға тапсырыс беруге уәде беріп отыр. Бұл да болса жеңіл өнеркәсіпке сәл-пәл демеу...
ИИДМ Индустриялық даму комитеті Жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы Айжан Әділованың айтуынша, бүгінде еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласында 30 мың адам жұмыс істейді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл салада жұмыс істейтін 1420 кәсіпорынның өндіріс көлемі 6%-ға артып, 178 млрд теңгеге жеткен.
Қарағанды