Ұзақ уақытқа жалғасқан сәтсіздіктен кейін жерлесіміз бірте-бірте ес жиып келеді. Осы турнирдің алғашқы кезеңінде әлемнің 67-ракеткасы сербиялық Филип Краиновичті үш сетте (7:5, 6:3, 6:4) тізе бүктірсе, екінші айналымда рейтингте 58-сатыға жайғасқан франциялық Грегуар Баррерді жарыс жолынан ығыстырып, ширек финалға шықты. Бір сағатқа жалғасқан матчта Бублик корт қожайынынан 6:4, 6:2 есебімен басым түсті.
Бір айта кетерлігі, екі теннисші жуырда ғана Монпельеде өткен жарыста кездесіп, Бублик тартысты матчта қарсыласына 4:6, 7:6 (14:12), 6:7 (3:7) есебімен есе жіберген еді. Енді Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 25-ракеткасы болгариялық Григор Димитров немесе рейтингте 116-орында тұрған нидерландтық Гийс Брувердің бірімен кездеседі.
Өкінішке қарай, Дубайдағы «WTA 1000» турнирінде сәтті өнер көрсетіп келе жатқан Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина жарақатына байланысты жарыстан шығып қалды.