Кәсіпқой бокс • 23 Ақпан, 2023

Белдігін қорғауды міндеттеді

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақта әлем чемпионы отандасымыз Жәнібек Әлімханұлына (13-0, 8 КО) британиялық боксшы Лиам Смитпен (33-3-1, 20 КО) жұдырықтасып, чемпиондық белбеуін қорғауды міндеттеді.

Белдігін қорғауды міндеттеді

WBO ұйымы екі тарапқа жекпе-жек кешін ұйымдастыру бойынша жедел түрде келіс­сөз­дерге кірісуді міндеттеді. Бокс­шылардың командасына ымы­раға келу үшін 20 күн уақыт бе­рілді. Егер осы мерзім ішінде олар ортақ мәмілеге келе алмаса, онда WBO ережесі бойынша жек­пе-жекті өткізу құқығы промо­у­терлік бәс саудаға шығарылады.

Кәсіпқой бокстағы орта және бірінші орта салмақта жұ­ды­рықтасатын Лиам Смит – өз сал­мағындағы ең мықты бокс­шы­­лардың бірі. 34 жастағы был­ғары қолғап шебері Ұлы­британияның Ливерпуль қала­сында дүниеге келген. Әуесқой бокста айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмаған Смит 2008 жылдан бері кәсіпқой рингте жұдырықтасып жүр. Сол ара­лықта 37 кездесу өткізіп, 33 жек­пе-жегінде жеңіске жетті. Соның ішінде 20 қарсыласын мерзімінен бұрын ұтты. Сонымен қатар үш айқасында қарсыласына жол беріп, біреуінде тең түскен.

2015 жылдың күзінде ол өзінің отандасы Джон Томпсонды же­тінші раундта ұрып жығып, орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Кейіннен ол алтын белбеуін британиялық Джимми Келли мен черногориялық Предраг Радошевич секілді бірде-бір жеңілісі жоқ атақты боксшылармен өткен жекпе-жектерде сәтті қорғады. Алайда кейін­гі ай­қасында мексикалық даңқ­ты боксшы Сауль «Канело» Аль­варестен нокаутпен ұтылып, чемпиондық атағынан айырылып қалды. Бұл оның карье­ра­сындағы алғашқы жеңіліс еді. Лиам Смит одан кейінгі ай­қас­тарында мек­сикалық Хайме Мунгия мен ре­сейлік Магомед Курбановтан ұпай саны бойынша ұтылды.

Смит өз кезегінде Лиам Уильямс, Роберто Гарсия, Эн­тони Фаулер, Джесси Варгас, Сэм Эг­гингтон сынды танымал бокс­шы­ларды ұрып жыққан. Бри­та­ниялық боксшы ең кейінгі жек­пе-жегін биылғы қаңтар айын­да отандасы кіші Крис Юбенк­пен өткізіп, төртінші раунд­та техникалық нокаутпен же­ңіске жетті.

Биыл 30 жасқа толатын жер­лесіміздің аяқ алысы жаман емес. Бүгінге дейін ол кә­сіп­қой ринг­тегі 13 кездесуінің бар­лығын жеңіспен аяқтап, сегіз бәсе­кесінде айқын басымдық танытты. Жоғарыдағы жаңалық ресми жарияланған соң Жәнібек «Шынын айтқанда, менімен жұдырықтасудан бас тартатын қарсыластардан шаршадым! Ке­лесі қарсыласым менімен кез­­десуден қашпайды деп үміт­те­немін. Бірақ кіммен шаршы алаңда кездессем де, әлемдегі ең атақты боксшылардың бірі бо­ла­тыныма уәде беремін», деп жазды әлеуметтік желідегі парақ­шасында.

Әлімханұлының бұл жекпе-жек­тің де өтпей қалуынан күдік­теніп отырғаны бекер емес сияқ­ты. Өйткені Лиам Смит жоға­рыда кіші Крис Юбенкті жең­генін айттық. Смит пен Юбенк арасындағы жекпе-жектің келі­сім­шарты бойынша, екі бокс­шы алдағы уақытта міндетті қа­­рымта жекпе-жегін өткізуге тиіс. Сондықтан Лиам Смит те Жәні­­бекпен жұдырықтасудан бас тартуы ғажап емес.