Спорт • 23 Ақпан, 2023

Параспортшылар Парижге дайындалып жатыр

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан құрамасының параспортшылары былтырғы Барыс жылында зор табысқа қол жеткізді. 2022 жылы жалауы желбіреген бірқатар халықаралық бәсекеде тәуір нәтиже көрсетіп, жанкүйерлерді шаттыққа бөлеген кезі аз болған жоқ. Мәселен, отандастарымыз бір жыл бедеріндегі сан түрлі додада 62 алтын, 63 күміс және 62 қола медаль, жалпы – 187 жүлде олжалады. Бұл – параспортшылар үшін жақсы көрсеткіш.

Параспортшылар Парижге дайындалып жатыр

Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған мәлімет бойынша, Қазақстан параспортшылары арасында ел қоржынына ең көп медальді пара пауэрлифтинг (51 медаль, оның 22-сі алтын), жүзу (42 медаль, оның 15-сі алтын) және пара жеңіл атлетика (41 медаль, оның 13-і алтын) өкілдері салған екен. Кейінгі орындарға пара дзюдошылар (20 медаль, оның 6-уы алтын) мен пара таэквондошылар (16 медаль, оның екеуі алтын) жайғасқан.

Сонымен қатар отандық параспортшылар пара волейбол (1 алтын), пара шаңғы жарысы және пара биатлон (8 медаль, оның біреуі алтын), пара үстел теннисі (5 медаль, барлығы – қола), пара садақ ату (2 медаль, біреуі алтын) және пара каратэ (1 алтын жүлде) түрлерінен де халықаралық жарыстарда түрлі-түсті жүлделерге қол жеткізген.

Қазақстан параспортшылары үшін 2022 жылдағы ең табысты кезең – қараша (61 медаль), маусым (35) және қазан (32) айлары болды. Өйткені дәл осы уақыт аралығында жерлестеріміз жылдың ең ірі турнирлерінде өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік алды. Айталық, маусым айында пауэрлифтингтен Азия мен Мұхит аймағы ашық чемпионаты өтіп, онда біздің параспортшылар 4 алтын, 8 күміс және 6 қола жүлдеге ие болды. Қазан айында жерлестеріміз бірқатар спорт түрінен ұйымдастырылған әлем чем­пионаттарына қатысты. Бұл додалар­да Қазақстан қоржынына 10 медаль түс­ті.

Ал қарашада Қазақстан параспортшылары әр екі жыл сайын халықаралық арбада отырғандар мен ампутанттар спорт федерациясы өткізетін IWAS Дүние­жүзілік ойындарында бақ сынады. Бұл сында ел құрамасының өкілдері жалпы саны – 42 медаль (11 алтын, 17 күміс және 14 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарынан көрінді.

«Қазақстанда кейінгі бірнеше жылда параспорт түрлері қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде спортшыларымыз ірі халықаралық жарыстарда жиі жеңіс тұғырына көтеріліп жүр. Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Керісінше, әрі қарай да параспортқа көбірек көңіл бөлуді жалғастыра береміз. Әсіресе, Париждегі Паралимпиада қарсаңында дайындықты күшейтуіміз керек», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.