Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Шетел медицинасына сенім жоғары
Тек кейінгі жылдары Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарламада Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті әбден сарапталды. Сол сараптауды қарап отырсақ, «қолда бар алтынның қадірін әбден қашырған» екенбіз...
Әлем елдері туризмнің түр-түрін талдап, әрқайсынан әжептәуір табыс тауып отыр. Ең аяғы, денсаулыққа қажетті ауа мен судан тауар жасап алған. Түрлі ем-домын да табысқа айналдырған. Мұны өздері медициналық-шипажайлық туризм дейді. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Шыбын жанын шүберекке түйіп, шекара асып кетіп те жатады.
Бұл орайда бүгінде Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай, Германия, Ұлыбритания, Израиль, БАӘ, Шығыс Еуропа сияқты елдер алдына жан салмай тұр. Зерттеулер Қазақстан «туристік донор» қызметін атқарады дейді. Шипа іздеп шарқ ұрған жұрт солай қарай ағылады. Өйткені елдегі медициналық-шипажайлық туризмнің өзгенің бәсекесіне төтеп берер пәрмені жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны өзінің сайлауалды тұғырнамасында да атап өткен еді. «Азаматтарымыз шетелдік клиникаларға амалсыз барып емделіп жүрген медицина түрлеріне ерекше назар аударылады. Импорт алмастыру мен Қазақстанда медициналық туризмді дамыту денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің басты міндетіне айналады», деді Президент.
Жалпы, ел ішінде медициналық туризмнің мешеу қалуына клиникалардың менеджменті мен сервисі деңгейінің төмендігі, халықтың жеткілікті құлағдар болмауы, медицина жүйесіне халық сенімінің аздығы себеп деген уәждер бар. Мәселен, атын атауды құптамаған қарағандылық азамат бүйрек трансплатациясын Түркияға барып жасатқан. Себебі – біреу ол отандық дәрігерлерге сенбейді.
– Қазақстанда донорлық трансплантация тұралап қалған. Бұл салада даму жоқ. Осыдан он шақты жыл бұрын түрлі операциялар жасалып, бұл бағытта ілгерілеу бар сияқты еді. Қазір донор да жоқ, онымен айналыса қоятын дәрігер де жоқ. Сондықтан операцияны Түркияның клиникасына барып жасаттым. Біраз қаражат керек болды. «Көп түкірсе – көл» дейді ғой, ағайын-туыс, жора-жолдас, халық болып қажетті соманы жинауға көмектесті. Солайша бүйрек ауыстыру операциясы жасалды. Дәрігерлер сәтті өтті деді. Жалпы, әу баста олар операцияның сәтті өтетініне, бүйректің ағзаға сіңісіп кететініне 97% кепілдік берген, дейді тұрғын.
Алайда құзырлы орындардың айтуынша, Қазақстан медициналық, сондай-ақ сауықтыру туризмін дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Бұл – Астана қаласында жоғары технологиялы медициналық қызметтер көрсететін заманауи медициналық кластердің болуы, заманауи медициналық клиникалардың, стоматологиялық, косметологиялық және ЭКО-орталықтардың дамыған желісі және т.б. Қазақстанның жеті клиникасын JCI (JointCommissionInternational) халықаралық аккредитациялық комиссиясы сертификаттаған. Бұл – медициналық қызметтер мен пациенттер қауіпсіздігінің алтын стандарты. Тағы бір клиниканы EFQM – Еуропалық сапа менеджменті ұйымы сертификаттаған. Десек те, халық сыртқа ағылады. Неге? Сенім төмен. Нарық жүйесіз. Клиникалардың саны шектеулі. Бұған қоса медициналық туризмге маманданған шетелдік клиникалардың қалыптасқан маркетингтік саясатымен бәсекелесе алмайтынын да жасырмайды мәліметтер.
Негізі, Қазақстанда сапасы шетелдікпен бірдей медициналық қызметтер бар. Қарағанды қаласының №3 көпбейінді ауруханасының амбулаториялық-емханалық қызмет басшысы Анатолий Красножен жаман ауруды емдеудегі хаттама шетелде де, бізде де бірдей екенін айтады. «Жалпы, онкологияны емдеу дүние жүзінде бірдей. Біз сүйенетін халықаралық хаттамаға Жапония да, АҚШ-та сүйенеді», дейді ол.
Әлеует зор, қарекет кем
Министрліктің деректеріне сүйенсек, сауықтыру туризмін дамыту үшін Қазақстан аумағында алуан түрлі туристік-рекреациялық ресурстар бар. Қазақстанда 20 курорттық аймақ тіркелген. Оның негізгі бөлігіне барлау жасалған. 500-ден аса емдік минералды су көздері, 78 балшық көлі, 50 климаттық жер сияқты табиғи емдік факторлары бар курорттық аймақтар Қазақстанда рекреациялық-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік береді.
Дей тұрғанымен, кейінгі жылдарда шипажайдың қатары мүлдем толықпаған, 66 нысан шамасында. Оған келушілердің саны кейінгі кезде кемімесе, көбеймеген. Бұған шипажайлардың материалдық-техникалық ахуалы мен сұраныс иеленбеуі ықпал ететінін де жоққа шығара алмаймыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сала – мемлекеттік қолдаудан мақұрым қалған сала.
Ал біле-білсек, осыдан бірер ғасыр бұрын қазақ жерінде ресейліктер, шетелдіктер арнайы келіп емделген. Немен? Қымызбен. Қазақ даласының саф ауасымен. Қымызбен емдеу шипажайлары өте-мөте танымал болған десек, сенесіз бе? Мәселен, «Бүгінгі таңда осы қымызбен емдеу шипажайлары неге жанданбайды?» деген сауал көкірегімізде көптен кептеліп жүр. Осындай жобалар медициналық туризмнің тынысын ашар ма еді?
Қымызбен емдейтін шипажай Жамбыл облысында бір кездері ашылғанын білеміз. Осылайша белгілі бір шаруашылық құрылым қымызбен емдеу кешенін тұрғызды. Дәл осындай жоба Қарағанды аймағында сұранып тұрғаны анық. Қарағанды өңірінде көктем шыға бие байлап, қымыз ішпейтін ауыл кемде-кем. Яғни әлеует шаш етектен, мүмкіндік мол.
Қымыздың емдік қасиетін білген Ресей дәрігерлері сонау ХІХ ғасырдың өзінде қымызбен емдеу шипажайларын Ресейде көптеп аша бастады. Мәселен, Самарада Нестер Постниковтың алғашқы қымызбен емдеу шипажайын 1858 жылы ашқаны тарихтан мәлім. Бұдан кейін бұл бағытты профессор А.Рубель жалғастырған. Оның Андреев қымызбен емдеу емханасы болғаны белгілі. Ал 1909 жылдың өзінде Ресейдің әр түкпірінде 40-қа жуық осындай емдеу орындары емделушілерді қабылдаған. Көкшетауда ресейлік ғалым баласын емдеуге әкеліп, сонда қымыздың шипажайын ашқаны белгілі. Оны қойыңызшы, кеңес одағы кезінде, тіпті, қымызбен емдеудің желісі қанат жайған. Осыдан-ақ қымызбен емдеу жобаларының экономикалық қана емес, әлеуметтік салдарын бағамдауға болады.
Бір жылдары Башқұрт президенті Рүстем Хамитовтың Қазақстанға бірлесе отырып, қымызбен емдеу ұйымдарын ашу туралы ұсынысын ескеретін кез келді. Қазіргі уақытта қымыз өндірісі мен онымен емдеуді Беларусь, Башқұрт, Ресей елдері жолға қоюда. Нақтырақ айтсақ, деректерде осы күні Ресей балаға арналған тағам шығарып отыр. Якутияда қымыз туралы арнайы заң қабылданған. Мұның сыртында АҚШ, Ресей, Қытай жылқының басын көбейтіп әлек.
Қымызбен емдеу жобаларын батыл ұсынып, оны мемлекеттік қолдау шараларымен қамтитын кезең – осы. Ірі қара, қой фермаларын ғана емес, жылқы фермаларын, соның негізінде қымызбен емдеу шипажайларын ашу – аймақтың туристік тартымдылығын жақсартатыны даусыз. Өйткені қазір бүкіл әлемнің аузында қымыз жүр. Сондықтан да шетелдіктер үйірімен жылқы айдап, бие байлауға көшті. Бардың қадірін біле алмай келеміз. Өкінішті-ақ.
Қарағанды облысы