Тұлға • 23 Ақпан, 2023

«Ортекені» билеткен Қазым

415 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент келген кезде кім керек? Қазым Аманқосов. Әулиетада үлкен іс-шара ұйымдастырылса ше? Тағы да Қазым. Әйтеуір қажет кезде Қазымды көрсетуге құмар біздің билік оның «ортекені» билетуге алты жыл уақытын сарп еткенін естен шығарып ала береді. Аз-кем атағы бар демесек, үлкен бір атақтарға да ұсынбайды. Осылайша белгілі суретші, ағаштан түйін түйген қолөнер шебері қалтарыста қалып жүр.

«Ортекені» билеткен Қазым

Ол әуелде домбыра, қылқобыз секілді қазақтың ұлт аспаптарын жасаумен айналысты. Бұл тоқырауға толы тоқсаныншы жылдардың тұсы еді. Кейіннен «ортекені» билетуге бел буды. Тәуелсіздікті енді ғана алған елдің қолөнерін дамытуға тамшыдай болса да үлес қоссам деген жалғыз ниет көкейінде сайрап тұрды.

«Әуелде қазақтың ұмытылып ба­ра жатқан қолөнерін дамытуым керек деген ойдың жетегінде жүрдім. «Ор­текені» аспап ретінде көрсету ұмытыла бастағанын түсіндім. Оны көру тіпті арманға айнала бастаған. Ақыры ізденістің ізіне түстім.

Бұл жұмысты тоқсаныншы жылы қолға алдым. Тоқсан алтыншы жылы аяқтадым. Менде үш нұсқа болды. Алғашқы нұсқадағы ортекенің биі дұрыс шықпады. Екіншісін жетілдірдім. Алайда тағы да көңіліме қонбады. Тағы да ізденуге тура келді. Содан үшінші нұсқаға кірістім. Соңғысы ғана ойымдағыдай болғанын айтпай кетуге болмас. «Ортекенің» табиғи қозғалыстарын көргенде өзім де қатты қуандым», дейді Қазым Аманқосов ғажап туындысы туралы ойымен бөлісіп.

Шебер тартқан «Ерке сыл­қымға» болсын, басқа күйге болсын тоқтамай билей жөнелетін «ортекені» көргенде біз де таңғалған едік. Тіпті кезінде «Хабар» теле­арнасындағы «Таңғалмаңыз» бағдар­лама­сында да «ортекені» көрген жұрт шу­лап кетіп еді ғой. Қазымның байырғы өнер­ді қайта жандандыруына не түрткі болды?

«Ортекені» жасап шығуыма газет­тердің бірінен оқыған хабар түрткі болды. Сол мақалада Отырарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ағаш бұйым табылыпты. Зерттеген мамандар оның «ортеке» екенін анықтапты. Қолға түскен құндылықтың мың жылдықтармен сабақтасып жатқаны да айтылыпты. Осы шағын ғана хабар мені ойландырды. «Ортекені» қазақтың ғана аспабы дегенге келіскім келмейді. Меніңше ол түркі мәдениетінің айнымас бөлігі әрі белгісі», дейді шебер.

Қолөнермен өмірін байланыс­тырған Қазым бейнелеу өнерінің де биігіне көтерілген. Елімізде өткен фестиваль, байқау, көрмелерден бөлек, кескіндеме бағытындағы туындылары Франция, АҚШ, Германия, БАӘ, Испания елдерінің коллекцияларында сақталған.

Ол өз ісіне деген адалдығынан еш­қашан айныған емес. Қайтсем қазақтың қолөнерін халықаралық деңгейде танытамын деген ойдың жетегінде жүр. Басты мақсаты – «ортеке» аспабын брендке айналдыру. Шетелден келген қалталы меймандар «ортекенің» табиғи биіне қызығып, қомақты қаржы ұсынса да сатпапты.

«Үндістаннан келген азамат және басқа да мемлекеттерден келген мәртебелі меймандар «ортекені» сатып алғысы келіп, қомақты қаражат ұсынды. Алайда мен оны сатқан жоқпын. «Шығыс әуені» бастаған басқа да композицияларымды тапсырыс болса, жасап беруден бас тартатын ойым жоқ. Әйткенмен, «ортекені» кісі баласына ақшаға айырбастаған емеспін», дейді Қазым.

Облыстық театрда суретші ретін­де еңбек етіп жүрген қолөнер шебе­рі біршама уақыт бұрын аталған жұмы­сынан бас тартыпты. Себебі де жоқ емес. Айтуынша, қолөнерге деген адалдық оны осындай қадамға жетелеген.

«Өңірдегі билік басында отырған азаматтар Шерхан Мұртаза­ бюстінің эскиздік нұсқасын жа­сағанымды көрді. Көрді де риза болысты. Басқалардікінен бөлек екен деген пікір айтты. Содан билік басындағылардың маған назары ауды деп түсіндім. Бір ай уақытта толық жұмысты істеп шығатыныма сенімді болдым. Ақысыз демалыс алудың мүмкіндігі болмаған соң жұмыстан шығып кеттім. Сөйтсем, менікі аңғалдық екен ғой. Әуелде жылы сөз айтқандар кейін маған бас ауыртқан жоқ. Қазір жергілікті университетте қосымша жұмысымды істеп жүрмін. Ал театрдағы менің орныма әлі адам алмаған дегенді естідім. Мүмкіндік болса, қайта баруға қарсылық жоқ.

Бар мақсатым – ұлттық өнерді дамыту. Цех ашып жұмыс істегім келеді. Алайда мен бизнес дегенге жоқ екенмін. Несие алуға да тәуекелім жетпейді. Ондайды түсінбеймін. Әйткенмен жергілікті билік тарапынан ешқашан қолдау көрген емеспін. Қаржылай қол­дау көрсетілсе, цех ашсам, «ортекені» брендке айналдыру жолында тер төгер едім. Басқа да жұмыстарым жеткілікті ғой. Соның бәрін аяқтауға мүмкіндік туса деп армандайсың кейде. Қол қысқа», дейді ол.

Расында, Қазекең билік басын­дағылардың алдына бара бермейді. Қайбір жылы өңірдің идеологиясына жауапты өңір басшысының орынбасарының қабылдауына кірген. Сол кезде ортеке аспабын халықаралық деңгейде танытуға қолдау сұраған ғой. Әлгі идеолог: «Сенің мұның кімге керек?» деген әңгіме айтып, өтінішін келекеге айналдырып шығарып салыпты. Содан кейін қызметтегі адамдардың алдына жоламаған. Көңілі қалған.

Неге екенін кім білсін, өнерге деген адалдығынан айнымаған азаматты өңірдің өнері мен руханиятына жауапты мәдениет басқармасының басшылары да керек кезде ғана іздейтіндей көрінеді. Әйтеуір бір үлкен іс-шараларда Қазым жүреді. Сол кезде ғана көреміз.

Қысқасы, өңірдің идеологиясына жауаптылар Қазымды қолдауға аса бір құлықты емес. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов тапсырма берсе ғана қимылдайтын шенеуніктер Қазымды қашан құрметтейді екен?

Қазымның «ортекені» брендке айналдырам деген арманы орындалатын күн бар ма? Кім білсін. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов назарға алмаса, басқалардың өздігінен қолдауға ниетін байқай алмай жүрміз. Қалай болған күнде де Қазым ұлттық өнердің ауылынан алыстамақ емес.

 

Жамбыл облысы