– Эльмира Нұрланқызы, өзіңіз басқаратын Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі қашан құрылды? Немен айналысады? Бірлестік жайлы кеңірек айтып берсеңіз.
– Бірлестік 2017 жылы құрылды. Ұйымның өмірге келуіне Nazarbayev University-нің қазақ тілі және түркітану департаменті түрткі болды. Мақсат – ана тіліміздің аясын кеңейтіп, мемлекеттік тіл ретінде қоғамдағы мерейі мен мәртебесін үстем етуге үлес қосу. Еліміздегі қазақ тілі мамандарының басын біріктіріп, ортақ іске ынталы оқытушыларды жұмылдырып отырамыз. Бірлестікке негізінен жоғары оқу орындары мен мектеп мұғалімдері, белгілі ғалымдар, ұстаздар мүше. Қазақ тілін үйрету үшін оқытушының бүгінгі заман талабына сай біліктілігі болуы керек. Жаңа дағдыларды, технологияларды игеруге тиіс. Оқытушы табиғатымен, тіл оқыту құралдарымен, ішкі жан әлемімен талапкерді өзіне тарта білуі қажет. Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі осындай бағыттарға басымдық береді.
Бастапқыда бірлестіктің бағыты қалай болады, қандай міндеттерді шешуге тиіс деген сұрақтарға жауап алу үшін білікті мамандардың пікірін тындадық, ұсыныстарын жинадық. Оның бәрі ғалымдар мен әдіскерлердің талқылауынан өтті. Сөйтіп, 2018 жылы бірлестіктің алдағы бес жылға арналған стратегиялық жоспары бекітілді, мақсат-міндеттері, негізгі бағыттары айқындалды.
Жұмыс негізінен төрт бағытта жүрді. Бірлестік жұмысының негізгі ерекшелігі – қазақ тілі оқытушылары, мектеп мұғалімдері арасындағы байланысты нығайту, өзара пікір және тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізу, әдіскерлік дағдылармен бөлісу.
Халықаралық бірлестік болғандықтан, қазақ тілінің Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де оқытылуына назар аударылды. Сол себепті бастапқыда ұйымдастыру комитетінің құрамына Польша, Түркия елдерінің өкілдерін тарттық. Олардың қатарында Янковский, Кенан Коч сынды мықты мамандар болды. Шетелдіктерді тартудағы мақсат – қазақ тілінің елден тыс жерде оқытылу деңгейін білу, өзара тәжірибе алмаса отырып, біліктілігімізді шыңдауға мүмкіндік алу.
– Бес жылдың ішінде қандай жұмыстар атқарылды? Негізгілеріне тоқталып өтсеңіз.
– Бірлестіктің бес жылдан бері атқарып келе жатқан негізгі жұмысының бірі – ғылыми-әдістемелік семинарлар ұйымдастыру. Олардың әрқайсысының өзіндік мақсаты, міндеті бар. Біз қазақ тілінде тек тіл мамандары ғана емес, тұтас қоғам – миллион санды алып аудитория еркін сөйлесе деген мақсатпен STEAM бағдарламасын алғашқылардың бірі болып қолға алдық. Сол бағытта жүйелі жұмыс жүргіздік.
Қазақ тілі – ғылым тілі әрі инженерлерге, математиктерге, биологтерге, химиктерге, экономистерге арналған жан-жақты жетілген құрал ретінде Nazarbayev University-де алғашқы күннен бастап дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Студенттік аудиторияға үйретілетін тілдің өзгешелігі бар. Ауызекі сөйлеу тілінен, публицистикалық стильден ерекшеленуі қазақ тілінің әлеуеті жоғары тіл ретінде ғылыми көпшіліктің алдында академиялық сипатта да өзекті болуы керек. Бұл бағытта да біраз жұмыс атқарылды, атқара да бермекпіз. Болашақта Nazarbayev University-нің оқытушыларымен шектелмей, іс-шараларымыз еліміздің өзге де жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтасу алаңына айналса дейміз. Бұл мақсат толық жүзеге асса, қазақ тілінің қолданылу аясы да кеңейе түсер еді.
Алғашқы семинарларды өзіміз дайындадық, оған жастар, білікті әдіскерлер үлес қосты. Қазір Instagram желісінде ұсынылатын курстар, технологиялар, ойын форматындағы тапсырмалар көпшілікке ұнайды. Сол секілді қазақ тіліне қатысты монетизация ұғымының да өзекті бола түсуі – заман талабы. Демек қазір әр оқытушының жинаған әдістемелік қорымен шектелмей, оны сыртқа шығаруы, өзін танытуы, өзгені тануы өте маңызды.
Тағы бір маңызды дүние – ғылыми бағыт. Ғылым мен әдістеме – егіз ұғым. Тіл үйрету үшін әуелі әдістемені білу керек. Ғылымның құнарын бойға жинай отырып, тілді игеру – үлкен басымдық. Сондықтан біз жас докторанттарға да ғылыми семинарлар, вебинарлар өткіздік. Нәтижесінде, алғашқылардың қатарында оларға ғылыми мақаланың құрылымын түсіндіріп, ғылыми басылымдармен таныстырдық. «Ғалым және ғылыми ізденіс платформасы» деген тақырыпта семинар ұсынылды.
Гүлнар Омарбекова мен Эрик Асланд сияқты мамандардың жетекшілігімен қазақ мақал-мәтелдерін экологиялық ізденістермен сабақтастырып, қазақ тілі оқытушыларына шетелдік басылымда жариялану мүмкіндігін сыйлаған вебинардың ұйымдастырылуы да үлкен жетістік. Атап өтерлігі, 2022 жылдың соңында «Қазіргі қазақ мақал-мәтелдерін зерттеу: цифрлық, танымдық, әдеби және экологиялық тәсілдер» атты кітап ағылшын тілінде Peter Lange Publishing (АҚШ) баспасынан жарық көрді. Бұл қазақ мамандарының ағылшын тілін еркін игергенін, мақал-мәтелдерді әлем жұртшылығына таныстыратын мүмкіндік барын көрсетеді.
Ерекше атап өтер жетістіктің бірі – жас ғалымдар көрмесінің ұйымдастырылуы. Оны жыл сайын дәстүрлі түрде Nazarbayev University-мен бірлесе өткізіп келеміз. Мұның идеясы кафедра оқытушысы Мейрамгүл Құсайыноваға тиесілі. Жас мамандар да, студенттер де ғылыми жоба жазу кезінде өзара ынтымақтасуы қажет. Сол себепті біз постерлер көрмесін жасадық, онлайнға көшкен уақытта да көрме жұмысын тоқтатқан жоқ. Бастапқы кезде университет шеңберінде, кейін Астана қаласының 4-5 жоғары оқу орынының қатысуымен өткіздік. Кейінгі жылдары 16 жоғары оқу орнының студенттері қатысып келеді.
Бірлестік өз алдына дербес ұйым ретінде шектеліп қала алмайды. Сондықтан барлығын ынтымақтастыққа шақыру – маңызды. Сол кезде ғана біз әркімге керек ақпаратты бере аламыз, еліміздің түкпір-түкпірінде дамып келе жатқан әдісті немесе технологияны тұтас Қазақстанға танытуға көмектесеміз. Міне, бес жылдың ішінде осындай игі шаралар ұйымдастырылды. Мен тек негізгілерін ғана санамалап өттім. Бұл – командалық жұмыстың жемісі. Сол себепті еліміздің әдіскерлер қауымына, қазақ тілі оқытушыларына рахмет айтқым келеді. Барлығының бір мақсатты көздеп, жұмыла жұмыс істеуінің нәтижесінде, алдымыздан түрлі мүмкіндіктің есігі ашылды. Бұл ретте жоғары оқу орындары мен мектеп деңгейіндегі қазақ тілі оқытушыларының, мұғалімдерінің бірігуін, сабақтаса қимылдауын – бірлестіктің ең үлкен жетістігі санаймын. Өйткені мүдде де, мақсат та, абырой да – ортақ.
– Бірлестік өз мүшелеріне нақты қандай мүмкіндік сыйлайды?
– Біріншіден, ұйым білікті маман ретінде кәсіби тұрғыдан жетілуге мүмкіндік тудырады. Екіншіден, ғылыми-әдістемелік ресурстарға қол жеткізуге жағдай жасайды. Еліміздің білікті мамандары өз қазанында ғана қайнап жатпауы керек. Білікті маман – қоғамның, халықтың олжасы. Ортақ олжа қолданыста болғаны абзал. Үшіншіден, бірлестік AATT, NCOLCTL, CESS сияқты халықарлық беделді ұйымдармен байланыс орнатуға, ынтымақтасуға жол ашады. Ғылыми жобаларды бірлесе игеру де бірлестіктің маңызды бағыттарының бірі. Қысқасы, бірлестік қазақ тілі оқытушыларының шеберлігін шыңдап, көркем ойлары мен мақсат-мұраттарының жүзеге асуына ықпал етер еркін мінбеге айналды. Осы орайда ұйымның ұйымдастыру комитетінде жүрген әріптестерге айтар алғысым шексіз.
– Биылғы халықаралық семинар жұмысына біраз шетелдік және отандық ғалымдардың, есімі елге мәлім ұстаздардың қатысып жатқанын көрдік. Осы жолғы семинардың қандай ерекшелігі бар?
– Әрбір ұйымдастырылатын семинардың белгілі мақсат-міндеті, ұсынар тақырыбы, платформасы болады. Ол ізденуді, жаңалықты қажет етеді. Мәселен, 2021 жылдың желтоқсанында біз Сүлеймен Демирел атындағы университетпен бірлесе жұмыс істесек, осы жолы серіктес ретінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университетін таңдадық. Қазіргі семинардың ерекшелігі – екі апталық әрі гибридті жүйеде тәжірибе алмасатын мүмкіндікті, яғни офлайн және онлайн форматта қатар пайдалануға тырыстық. Екі университеттің бірігіп шара өткізуі жоғары оқу орындарындағы қалыптасқан тәжірибе мен жинақталған қордың нәтижесінде, ортақ мәселелерді талқылауға, безбендеуге бағытталды. Бұл семинарда қазіргі таңдағы тілді оқытуды, тілге қатысты білім беру жүйесін жетілдіруді, мамандардың сауаттылығы мен кәсіби деңгейін бағалауды, сөйлеу әрекетін дамытуды, филологиядағы ғылыми-әдістемелік ынтымақтастық сияқты бағыттарды анықтауды өзекті мәселе деп таңдадық.
Осы орайда бірлестіктің ұтымды тұсына тоқталғым келеді. Біз конференцияға, семинарларға қатыса отырып, өзімізге ұнаған, керек деп таныған мамандарды сырттан шақыра аламыз. Мәселен, ААТТ семинарына қатысу нәтижесінде, 2019 жылы офлайн платформада Түркиядан Тоғба ханымды шақырып, 7-8 тіл үйрету технологиясымен бірлесе жұмыс істедік. Осы бағытты мүмкіндігіміз келгенше ұстануға тырысамыз. Биыл Моңғолиядан қазақ тілін үйрететін маман хабарласып, семинарға қызығушылық танытты. Әрине, біз үшін отандық мамандармен жұмыс істеу маңызды. Сондықтан осы жолы да қазақ тілін үйрету серіктес университеттің ағылшын, неміс, француз тілдерін оқыту технологияларымен сабақтастырған тәжірибесі негізінде ұсынылды. Әрбір ақпарат семинарға қатысушыларға, жалпы қазақ тілінің кеңістігін кеңейтуге пайдалы боларына сенімдіміз.
– Тақырыппен сабақтас бір сұрақ қойсам деймін. Nazarbayev University-інде қазақ тілі қаншалықты терең оқытылады?
– Мұнда оқитын студенттердің өз ерекшеліктері бар. Осы уақытқа дейін қазақ тілін курс ретінде, пән ретінде болашақ тіл мамандарын оқытумен айналысып келсем, бұл жерде студенттердің пән таңдауда, курс таңдауда қажеттілік мәселесіне басымдық беріледі. Ұсынатын пән таза қолданбалы бағытта болғаны ұтымды. Студенттер жалпы филологиялық тілдік терең білімнен гөрі қазақ тілінің қоғамдағы орнына көбірек назар аударады. Осыған орай, пәндерімнің атаулары да сәл ерекшелеу. Бірі «Мемлекеттік қызметтегі қазақ тілі» деп аталады. Бұл пәннің дүниеге келуіне мен жұмысқа тұрғанда осында қызмет еткен Ропер мырза ықпал етті. Ол «біздің студенттер – Қазақстанның болашақ саясаткерлері, білікті азаматтары. Сол себепті олардың қазақ тілінде алатын білімін тереңдетіп, саяси біліктілігін, сауаттылығын арттыру маңызды» деп, осындай ұсыныс жасады.
Екінші пән ретінде әуелде «Сөйлеу мәдениеті» деген бағытта дәріс оқыдым. Кейін кафедрада қабылданған шешім негізінде «Бизнес. Қазақ тілі» курсын жүргізе бастадым. Бұл пәннің бастамашысы – кафедрамыздың профессоры Зейнехан Күзекова. Қазір бірнеше оқытушы бірігіп, пәнді бір модуль ретінде оқытамыз. Іздену барысында әр оқытушының өз силлабусы, өз ұстанымы қалыптасты. Негізгі ортақ мүдде – іскерлік бағыттағы қазақ тілін дамыту. Бұл пәннің де ерекшелігі, атының өзі айтып тұрғандай, студенттердің таңдау жасауына әсер етеді. «Бизнес. Қазақ тілі» пәнінде біз қазақ тілінің кәсіпкерлерге арналған, кәсіпкерлік ортаға қызмет ететін ерекшелігін меңгертеміз. Ол үшін бизнес идея, бизнес жоспар, маркетингтік жоспар төңірегіндегі тілдік дағдыларды дамытамыз.
Студенттердің біздің курстарға деген қызығушылығы зор. Кейде курсқа орын толып қалғанда «қосымша орын ашпайсыздар ма?» деп кеш қалғанына қынжылатын студенттер де кездеседі. Демек біздің қолға алған жұмысымыздың нәтижелі болғаны. Өйткені мұндағы дәрістердің бәрі концептуалды ойдан тұрады. Студенттермен жұмыс істеген кезде тілді жай ғана құрал ретінде емес, адамның ойын жеткізуші, пікір алмасуға көмектесуші, сезімді білдіруші құрал ретінде де қамтуға тырысамыз. Берілетін тапсырмалар да тек бизнес немесе мемлекеттік қызмет салаларымен шектеліп қалмай, мүмкіндігінше студенттердің танымдық кеңістігін кеңейтуге, қазақ тілінде бар ұғымдарды салыстыру нәтижесінде, өзге тілдерде кездеспейтін ерекшеліктерге бағытталады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»