Партия • 23 Ақпан, 2023

Экология ахуалы талқыланды

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері өңірлерде сайлаушылармен кездесуді жалғастырып келеді. Бұл жолы аманаттықтар Қарағанды облысында болып, тұрғындарды сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Экология ахуалы талқыланды

Теміртауда экологтар, қала белсенділері және өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерімен кездесу барысында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында көрсетілген экологиялық ахуалды жақсарту шаралары талқыланды.

– Экология – азаматтардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан біздің сайлауалды бағдар­ламамыздың бүтіндей бір бөлімі қоршаған ортаны қорғауға арналып отыр. Біз өндіруші және энергетикалық компаниялардың заңнама аясында жұмыс істеуін қадағалаймыз. Заң талаптарын айналып өткісі келетіндерге мүмкін­дік берілмейді, – деді партия төрағасы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ құжатта ластану деңгейі жоғары елді мекендердегі кәсіпорындардан шығатын қалдықтардың нормативін 40 пайызға дейін төмендету көзделген. Су балансын сақтау үшін 14 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Костенко атындағы шахтада партиялықтар көмір өндірушілер мен металлургтер кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесті. «Біліктілігі шетелдіктермен бірдей қазақстандық мамандар олармен тең жалақы алатын болады. Партиялықтар зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін жұмысшылардың зейнетке ерте шығу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Еліміздің барлық кәсіпорнында еңбек медицинасы қызметі іске қосылады», деді партия басшылығы.

Бұдан соң партиялықтар Қарағанды қаласын­дағы «Сұрыптау» теміржол стансасының еңбек ұжымымен көлік және логистика саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Сайлауалды бағдарламада еліміздегі темір­жолдарда пайдаланылатын отандық материал­дардың үлесін ұлғайту көзделіп отыр. Ескі вагондар Қазақстанда өндірілген жаңа вагондарға ауыстырылады.