Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ғылым саласын дамытуға қатысты заңнамаларға бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтсақ, отандық ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі мен ғалымдардың жалақысы өсті. Сондай-ақ зерттеушілерді қолдау шаралары көбейді. Мәселен, жас ғалымдардың ғылымға келуін ынталандыру үшін «500 ғалым» жобасы қолға алынды. Игі бастама көмегімен жыл сайын зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарынан тағылымдамадан өтеді.
Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған қанатқақты жобаның игілігін көргендердің бірі – Гүлмира Мұхиева. Жас ғалым 2022 жылы Польшаның Быдгощ қаласындағы «Ұлы Казимир» университетінен тағылымдамадан өткен. Ол алты ай бойы оқу ордасының ғалымдарымен етене жұмыс істеп, сол елдің білім беру мекемелеріне барып, тәжірибе жинақтаған. Мұғалімдерді академиялық деңгейде даярлау бойынша зерттеулер жүргізген.
– Мен 2019 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша педагогика ғылымдары магистрі дәрежесін алдым. Кейін осы оқу ордасында педагогика факультетінің мектепке дейінгі және бастауышта білім беру кафедрасында оқытушы болып қызметке орналастым. Жұмыс істеп жүріп «500 ғалым» жобасы туралы естіп, қабілетімді сынап көрмекке бекіндім. Талапқа сай құжат тапсырып, шетелдік ЖОО-дан шақырту алдым. Сөйтіп, іріктеуден өттім. Ғылым жағына тоқталатын болсақ, ол жақта өз елдерінің азаматтарына және поляк, ағылшын тілдерін жетік меңгерген шетелдіктерге докторантураға оқуға түсу жеңілірек. Оқу барысында да өзге мемлекеттер немесе біздің елдегідей «Scopus» базасындағы журналдарға мақала жариялау міндетті емес. Бастысы зерттеу жұмысың өзекті әрі мақалаң нақты дәйектелген болуы шарт, – деді жас ғалым Г.Мұхиева.
Сұхбаттасымыз айтқан сөздің жаны бар. Елде докторантураны тамамдағандар түгел диссертацияларын қорғап, ғылыми дәреже алып үлгермей жатыр. Оның әртүрлі себептері бар. Басты қиындық – шетелдік «Scopus» немесе «Web of Science» сынды халықаралық базадағы журналдарға ғылыми мақала жариялау. Онсыз елімізде диссертация қорғауға рұқсат етпейді. Салдарынан отандық ғалымның 65 пайызының ғылыми дәрежесі жоқ. Айтпақшы, сол «Scopus» деректер базасындағы журналдарға қазақ тілі мен әдебиетін, қазақ филологиясын, Қазақстан тарихын, қазақ философиясына қатысты білім беру бағдарламалары бойынша оқитын докторанттарға мақала жариялау міндетті емес. Сонда да статистика өзгермей тұр.
Бұл мәселені шешу мақсатында министрлік ғылыми қызметкерлерді ынталандыру тетіктерін енгізу керек деп есептейді. Мәселен, гранттық жобаларды қаржыландыру көлемін арттыру – соның бір жолы.
– Елдің ғылыми-техникалық дамуына бөлінген қаржының жалпы үлесі шамамен 55,1 млрд теңгені құрайды. Іске асырылған 152 жобаның портфелін талдай отырып, көп жағдайда грант алушылар бизнес өкілдері және жоғары оқу орындарының нәтижесі төмен екенін атап өтуге болады. Мұндай жағдай дайын инновациялық өнімдер мен қызметтерді сату көрсеткіштерімен айқындалады. Мұнда бизнес өкілдері ең жоғары 79 пайыз нәтижені көрсетеді, жоғары оқу орындары тек – 4,5, ғылыми-зерттеу институты – 5 және ғылыми-өндірістік орталықтар 11 пайыздан сәл асады. Бұл жағдай ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша жұмыстарды күшейту қажеттілігін тағы бір рет растайды, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ғалымдардың нанына бизнесмендер ортақтасып отыр. Сондықтан ғылыми жобаларға берілетін қаржыландыруды қайта реттеу керек. Бұл жерде министр алдағы үш жылда ғылымды қаржыландыру үш есе өсетінін де айтты. «Биыл 150 млрд теңге, келер жылдары 240 млрд теңге, яғни үш жылдың ішінде біз 640 млрд теңгеден астам инвестиция құямыз. Оның басым бөлігі өңірлік университеттерге, өңірлік ғылымға бағытталады», деген еді С.Нұрбек. Ал кадрлық әлеуетті 2025 жылға дейін 1,5 есеге арттыруды көздеп отырмыз. Жауаптылар шара қолданып-ақ жатыр, бірақ салынған инвестиция бірден нәтиже беретініне күмән бар. Бұған қоса аз уақыттың ішінде 13 мыңға жуық ғалымды қатарға қосу да оңай шаруа емес. Яғни бұл отандық ғылымда ойласар мәселе көп деген сөз.
Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндер бар. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Еліміздегі іргелі оқу орындарындағы магистр дәрежесін оқып жатқан жастардың басым көпшілігі ғылыммен айналысқысы келмейді. Грантқа оқуға түскендердің бірі жұмысқа қажет деп ашық айтса, енді бірі стипендиясына қызығып оқып жатыр. Демек, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Салдарынан мемлекеттің қаншама қаражаты зая кетеді. Айта кетейік, жыл сайын еліміздің білім беру ұйымдарынан орта есеппен 905 докторант және 20 мыңға жуық магистрант түлеп ұшады. Тағы бір ойланатын тұсы – отандық ғылымдағы жалақының ұзақ жылдар бойы аз және тұрақсыз болуы. 2021 жылы орташа жалақы 187,7 мың теңге еді, биыл 252 мың теңгеге дейін өсті. Әрине, бұл – жақсы жаңалық. Бірақ биылғы қаңтар-ақпан айындағы азық-түлік пен пәтер, басқа да тұрмыстық қажеттіліктің қымбаттағанын да ескеру керек. Бұған қоса еліміздегі 35 жасқа дейінгі жас отбасылардың кемінде 1-2 баласы бар. Демек, нағыз ғылым жолын тек жанкештілер ғана таңдайды деген сөздің жаны бар.