Партия • 26 Ақпан, 2023

Мәдени мұра – мәңгілік құндылық

553 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Respublica» партиясы түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда 500-ден астам тұрғынмен кездесті. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Айдарбек Қожаназаров кездесуде ұлттық мәдени бірегейлікті ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Мәдени мұра – мәңгілік құндылық

– Көшпенділердің тарихи-мәдени мұрасын саналы ұрпақ ретінде сақтап қана қоймай, жастардың санасына сәуле шашатындай насихаттауға, бүкіл әлемге тарату маңызды. Біз халықтың біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыруды бас­ты міндет ретінде қарас­тырып отырмыз. Қазақ халқының ұлттық мәдени болмысының өзегі – тарихи дәстүріміз, ұлттық құндылықтары­мыз және қазақ тілі. Күллі түркі әлемінің рухани астанасындағы Қожа Ахмет Ясауи сияқты тарихтағы рухани көшбасшыларымыздың дүниетанымын дәріп­теп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу маңызды, – деді А.Қожаназаров.

Өз кезегінде депутаттыққа кандидат Ека­терина Смолякова да қоғамды топтастырудың факторы ретінде қазақ тілін насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

– Қазақ тіліндегі танымал контентті дамыту мен таратуды ынталандыратын тетіктердің жоқтығы қынжылтады. Біз бос ұрандарға қарсымыз. Біз ұлт бірлігінің басты факторы – қазақ тілін дамытудың тиімді тетіктері мен жағдайын жасауды мақсат етіп қойдық, – деді Е.Смолякова.

«Respublica» партиясының жетекшілері мен депутаттыққа кандидаттар Шымкент қаласы­на барып, «Ferrum Vtor», «ЦветЛит» және «ST temir» ЖШС металлургиялық кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Жиын барысында партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров қоғам игілігі үшін еңбек ету нағыз патриотизмнің көрінісі екенін айтты.

– «Respublica» партиясының идеяларын шынайы патриоттарға, күнделікті зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейтін нағыз еңбек адамдарына ұсынғаныма өте қуаныштымын. Отаншылдығыңды жар салып көрсетпей-ақ, Отанға деген сүйіспеншілігіңді іспен дәлелдеу – халықтың игілігі үшін еңбек ету деп білемін, – деді партия жетекшісі.