24 Маусым, 2014

Мақсат пен мүдде тоғысқанда орындалмайтын міндет, алынбайтын асу жоқ

416 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің жанашырына айналып отыр 1622883_1430166010555126_1281771359_nКәсіпкер қауымның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын Ұлттық палата құрылғалы бері онша көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те, елдегі ең ірі бизнес-қауымдастық кәсіпкерлерге кең өріс ашар кенеулі істердің жаршысы болып отырғаны баршаға аян. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен дүниеге келген Палата кәсіпкерлерді «сұқ көзден», «суық қолдан» сақтайтын кәнігі қорғаушысы, қолдаушысына айналды. Елбасы жүктеген міндет, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқалаған миссия – міне, осы. Ертең, яғни сәрсенбінің сәтінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтеді. Бизнесмендер мен іскерлер елордаға жиналып, өздерін де өзгелерді де толғандырып отырған мәселелерді ортаға салмақ. Осы орайда, біз ел кәсіпкерлерінің басын қосып отырған белді ұйымның басшысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай МЫРЗАХМЕТОВПЕН әңгімелескенді жөн санадық. – Абылай Исабекұлы, осы жуырда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезі шақы­рылғанын білеміз. Бұл жиынның міндеті қан­дай? Құрылтайда нендей мәселелер қаралады? – Сьезд Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары органы болғандықтан, жиынның салмағы өте зор деп айтар едім. Өйткені, бұл – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғаш­қы съезі. Бизнес-қауымдастық былтыр қыр­күйекте құ­рылды. Палатаның содан бергі араласуымен атқарылған шаруалардың нәтижесі қандай? Бизнес-қауымдастықтың алдында тұрған міндеттер қайсы? Бұдан бөлек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының стратегиялық жобасы таныстырылып, осы жиында бекітілуі тиіс. Алқалы басқосудағы әңгіменің арқауы міне, осылар болмақ. Өздеріңіз білетіндей, съезге Ұлттық пала­таның құрамына енген республикалық сала­аралық және салалық бизнес-қауым­дастықтар, шағын және орта, ірі бизнес қауым­дастықтары мен Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі іріктеген кә­сіпкерлер, яғни өңірлік кеңес делегаттары шақырылды. Маңызды жиынға міндетті түрде Үкімет мүшелері қатысады деп күтілуде. Сон­дықтан, ұйымға қатысты ең ма­ңызды ше­шімдер ертең өтетін съезде қабылдануы тиіс. – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрыл­ғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Жасалып жатқан шаруалардың жай-жапсарымен етене таныспыз дей аламыз. Бастапқы ойлаған мақсат­тарға жете алдыңыздар ма? Әлде палата көп бастамалардың бірі болып қалмай ма? – Кез келген жаңа бастаманың аяқ алысына белгілі бір дәрежедегі сын көзбен сенімсіз қараудың (скепсистің) болуы заңды құбылыс. Палата институционалды құрылым ретінде әлі де болса толық қалыптасып кетті деп айту ертерек. Дегенмен, жасалған жұмыс та жеткілікті. Бизнес-қауымдастықтың еліміздің барлық облысында өңірлік палаталары бар. Аудандар мен моноқалаларда 124 филиалы жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, аймақтарда өңірлік кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Кеңеске ылғи кәсіпкерлер мү­шелік етеді. Күні кеше ғана аймақтарды аралап келдік. Көрдік. Рас, бізде бизнеске дегенде құлшыныс пен көңіл зор. Дегенмен, кәсіпкердің жолында көлбеңдеп шыға беретін кедергілер аз болмай тұр. Бизнесмендерді бидайдай қуырып, төбесінен қиқу кетірмей отыратын тексеру органдары бұрынғыдай емес, шүкір бұл күнде тыйылды. Өйткені, тексеруге шектеу қойылды. Қазір Ұлттық палата күш салып отырған биз­нестің басты кедергісі – заңнамалардағы қайшылықтар. Ақпан айынан бері кәсіпкерлікке байланысты заңнамаларға 410 түзету енгізу туралы ұсыныс жасалыпты. Оның 239-ы мақұлданды. Біздің басты мүддеміз – билік пен бизнестің байланысын бекемдей түсу. Ал ең негізгі күшіміз – кәсіпкерлеріміз екендігі айдан анық. Олай болса бизнеске араласып, кәсібін жасап жүргендерді жан-жақты қолдау, мүддесін қорғау біздің басты бағытымыз болып отыр және бола береді де. Енді нақты нендей қолдау-көмек жасалып жатқанын жіліктеп берейін. Кәсіпкерлікке жаңадан араласқысы келген азаматтардан бастайық Мұндай жандарды біз бизнесті сауатты жүргізуге оқытамыз. Бұл – бір. Екіншіден, бастапқы капиталды қалай, қайдан алуға болатыны жөнінде кеңес береміз. Үшіншіден, оларға сервистік қолдау көрсетіледі, құқықтық көмек беріледі. Жеке кәсіпкерлерге әлгінде айтқан сервистік көмек, яғни кеңес беру, бизнеске баулу жұмыс­тарынан бөлек, кәсібін одан әрі дамыту үшін төменгі пайыздық мөлшерлемелермен бөлінетін қаржылық ресурстар-субсидиялар алуға жәр­дем­­­десеміз. Тарифтік саясат пен салықтық әкім­шілендіру ісін реттеуге араласып, аяғынан тік тұрып кетуіне маркетингтік қолдау көрсетіледі. Былайша айтқанда, Ұлттық палатаның сарап­шылары нарыққа сараптама жасап беруді жолға қойды. Білесіздер, ол да үлкен жұмыс. Ауыл­дағы кәсіпкерлердің несиелік ресурстарға қол жеткізуіне, кадрлар дайындап беруге, өнді­рілген өнімге рұқсат құжатын алуға, тауарды ішкі нарық­та еркін саудалауға қолұшын созып, өрісін ұзартып отырмыз. Осылайша, енді, ірі кәсіпкерлердің ісі­не көшсек. Тәжірибелі бизнесмендер де әр­кез қолдауды қажет етеді. Олардың мүд­десін өзіміздің және халықаралық заң­на­малар деңгейінде қорғауға дайынбыз. Ірі кәсіпкерлеріміз де жоғарыда айтқандай, субсидия, кепілдік алуға, құқықтық көмекке қол жеткізу үшін бізге жүгінеді. Сосын кәсіп­керліктің қандай деңгейінде болсын, қазіргі жағдайда оларды мазалайтын басты проблема – кадр жетіспеушілігі. Қазір ол – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының күн тәртібіндегі басты мәселе. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекеттік органдармен, Үкімет­пен мықты байланыс орнатып отырмыз. Ұлттық палатаның Үкіметте тұрақты өкілі бар. Палата сарапшылары министрліктер жанындағы бизнеспен қарым-қатынасқа байланысты құрылған кеңестерге мүшелік етеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге қызмет көрсету дең­гейін білмек болып, бизнес иелері арасында сауалдама жүргізген еді. Қоғамдық мониторинг нәтижесі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменттерінің жұмысы ең жоғары жемқорлық жайлаған көрсеткішке ие екенін көрсетті. Одан кейінгі орында салық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, архитектура және жер қатынастары органдары мен «Ғылыми-өндірістік орталық жер кадастры» мекемелері тұр. Бизнестің дамуына кедергі жасап отырған органдар туралы талдау нәтижесі Министрлер кабинетіне жолданды. «2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы бағытталған іс-шаралар жос­пары» түзіліп, «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді шаралар жоспары» әзірленді. Бүгінге дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әртүрлі мемлекеттік органдармен 126 мемо­рандумға қол қойды. Бұған қоса Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екінші деңгейлі банктермен, үкіметтік емес ұйымдармен және салалық қауымдастықтармен, шетелдік ұйымдармен, елдегі дипломатиялық корпус өкілдерімен ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру үстінде. Екінші деңгейлі банктер үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемелерін төмендету бойынша қолайлы жағдайлар жасап, қор жинауға қатысты мәселелерге араласып отыр. Инвесторларды қайтіп, қалай іздеуге ұтымды көмек береміз. Ұлттық палатаның атқарып отырған жұмысын талдап, мынадай бес бағытқа басымдық беруді жөн көрдік. Оның біріншісі – Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыру. 2015-2019 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламаны жасауға Ұлттық палата комитеттері нақты ұсыныстар дайындады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы индустрияландыру бағдарламасының өңірлік жол картасын әзірлеуге қатысуда. Елге шетелдік инвестицияны тартуды мұрат қып ALTARYS халық­аралық консультанттар тобын шақырдық. Үкімет басшысымен, мемлекеттік органдардың және даму институттарының басшыларымен кездесулер ұйымдастырылды. Жуырда мұнай және газды өндіру және қайта өңдеу бойынша ұлттық кластерді дамыту мәселелері жөнінде конференция өткізуді жоспарлап қойдық. Өздеріңіз білетіндей, биыл кәсіпкерлікті да­мытуға 500 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның 250 млрд. теңгесі екінші деңгейлі банктердегі түйткілді несиелерді жоюға және оңалтуға жұмсалады. 100 млрд. теңгесі «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерге бөлінсе, қалған 150 млрд. теңге осы үдемелі индустриялық-инновациялық жобалардың екінші кезеңін іске асыруға бағытталатын болады. Алда бәрімізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бірақ, ең бірінші кезекте біз мемлекеттік бағ­дарламаның алғашқы кезеңінің қорытын­дыларына талдау жүргізгенді дұрыс санадық. Талдау нәтижелері әлбетте, екінші кезеңде іске асатын жобаларды таң­даған кезде екшеліп, ескерілетінін айтқым келеді. Күні бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «КИРИ» АҚ-пен өзара ынтымақтастық туралы келісім­ге келді. Осы келісім-құжат негізінде ын­ты­мақтасып, зор ынта танытып ортақ пайдалы жұмыс жүргізудеміз. Екінші бағыт – ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Бұл бағыт бойынша да біз ең алдымен, осы саладағы қордаланған мәселелерді зерттеп алдық. Сөйтіп, төмендегі бағыттар бо­йынша жұмысты бастап кеттік. Ауыл шаруа­шылығын дамытуға көңіл бөлінбей отырған жоқ, бөлініп отыр. Бюджеттен қаражат та жеткілікті қарастырылған. Мәселе, сол қаржының мақ­сатты, тиімді, жүйелі жұм­салуында деп айтар ем. Сондықтан біз көктемгі егін егу және астық жинау жұмыстарына арналған мемлекеттік көмек қаржының әділ бөлініп жатқанына көз жеткізу үшін үкіметтік емес ұйымдарды қатыстыруға ықпал еттік. Мұны бір деңіз. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді біріктіру, кооперациялауға көп мән берудеміз. Ол не үшін керек дейсіз ғой? Шағын шаруашылықтар мемлекеттен бөлінетін көмек-қаржыға қол жеткізе алмай отыр. Инфрақұрылымы жүйесіз. Тіпті, кейбір шаруа қожалықтарында басқасын айтпағанда, сойылған малдың өнімін тасымалдау үшін көліктік логистика қаралмаған, құрылмаған. Осыларды ескере отырып, шетелдік тәжірибеге жүгіндік. Көптеген батыс елдері осындай шағын шаруашылықтарды кооперациялау арқылы шатқаяқтап қалған ауыл шаруашылығы саласын түзеп алғаны көпке мәлім, оны бәріміз де көріп отырмыз. Үшінші – саланың дамуына тағы басты кедергінің бірі – заңдық база. Қолданыстағы заңдарда біріне-бірі қайшы келетін нормалар көп. Қысқасы, қазір «Шаруа (фермерлік) қожалықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен түзетулер енгізуді ұсынып, «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң қабылдау туралы бастама көтердік. Төртіншіден, жергілікті атқарушы органдар қызметін жетілдіру керектігін есепке алдық. Тоқсан сөздің табықтай түйіні, өңірдегі мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының даму деңгейіне қарап, жергілікті жердегі әкім­дердің де атқарып отырған жұмысы бағаланбақ. Бесіншіден, мемлекеттік қолдауды біріз­дендіру мәселесі. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 20 түрлі субсидия қарас­тырылғанын біз жақсы білеміз. Бірақ, шаруагерлер одан хабарсыз болуы да мүмкін ғой. Білген күнде жайбарақат бейқам отыруы да ғажап емес. Жоғарыда келтіріп өткенімдей, палата ба­сымдық беріп отырған бес бағыттың бірі, әрі бірегейі – шағын және орта бизнесті дамыту. Ол үшін ең алдымен, әкімшілік кедергілерді жоюға күш жұмсалуда. Табан тіреп, жігерлілік танытумыз арқасында, бірыңғай байланыс орталығы құрылды. Өткен жылдың қазан айында Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес құрылды. Парламент депутаттары, Бас прокуратура, қаржы полициясы және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен кеңестің 8 отырысы өтті. Осы аралықта 35 кәсіпкердің өтініш-арызы қаралып, нақты шешім, көмек берілді. Әсіресе, Бас прокуратурамен тығыз жұмыс істеп отырмыз. Жиі-жиі бейнеконференциялар ұйымдастырдық. Оған өңірдегі кәсіпкерлер шақырылады. Бізге керегі де осы емес пе? Билік пен бизнес арасына дәнекер болудан артық не бар. Көксегеніміз де міне, осы. Жұмыстың ырғақты жүруіне тосқауыл болмау үшін жыл басында Қаржы полициясымен меморандум жасалды. Ақпан айынан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында кәсіпкерлердің өтініштері мен мәселелерінің ортақ тізілімі түзіліп отыр. Осы уақыттың ішінде ҰКП-ға кәсіпкерлердің құқықтарына байланыс­ты 595 өтініш келіп, оның 372-сі қаралып, нақты көмек көрсетіліп, кедергілер жойылды. Ендігі мәселе – бизнес-омбудсмен институтына қа­тысты. Мемлекет басшысы ҰКП құзыретін кеңейту, оның ішінде бизнес-омбудсмен институтын енгізу туралы заң жобасын әзірлеуді жүктеді. Біз нақты ұсыныстар әзірлеп қойдық. Қазір Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп, жұмыс істелініп жатыр. Жалпы, кәсіпкерлерге көмекке келуде ешқашан аянып қалмасымыз анық. Бұл бағытта атқарылған тағы бір үлкен шаруа – Ұлттық палатаның Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың жобасын талқылауға атсалысуы. Бұл құжат бойынша 17 келісім құжат кодификацияланды. Құжаттың аса маңыздылығын жақсы білесіздер, ол бойынша үлкен жұмыс атқарылды деп зор сеніммен айтуға әбден болады. Қазір біздің мамандар Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексін дайындау ісіне араласуда. Кеден кодексінің техникалық регламенттерін енгізу мерзімін кейінге қалдыруға қол жеткізілді. Бұл да ел кәсіпкерлерінің талабы еді. Төртінші бағыт – адами капиталды дамыту. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Орталықазия­лық Еуразия қоры» корпоративтік қорымен бірлесе отырып, ТМД аумағында алғаш боп Қазақстандағы бизнестің әлеуметтік-кор­по­ративтік жауапкершілігі туралы Ұлттық тұ­жырымдамасын әзірледі. Бұл құжат қазір Үкімет қарауына жіберілді. Кәсіпкерлердің ар-намыс кодексі түзілді. Дуалды білім берудің картасы жасақталды. Алматы, Қарағанды, Балқаш, Шымкент және Астана қалаларында дуалды оқыту жүйесі бойынша 7 оқу орны жұмысын бастады. 8363 мекемеге сауалнама жүргіздік. Осы­лайша, 2019 жылға дейін қай мекемеге қандай мамандықтар қажет екенін білдік. Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесе отырып, кәсіпорындардағы кадрларды шетелде тағылымдамадан өткізу туралы келісімге келдік. Машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру саласы бойынша еңбек етіп жатқан мамандарды шет мемлекеттердегі белгілі кәсіпорындарға тәжірибе жинақтауға жібереміз. Бес бірдей жоғары оқу орнында бизнес-инкубаторлар ашылды. «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» арнайы анықтамалығын дайындап шығардық. Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында мекемелерге сенім сертификатын беру бойынша жоба іске асырылуда. Бұл – қанатқақты жоба. Қазір Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан бизнес-мектептер ашылуда. Бұл жерде жастарды бизнес негіздеріне баулиды. Бізде бизнеске ешкім оқытпайды. Мамандық ретінде даярланбайды. Бұған дейін де ешкім кәсіпкерлік мамандығын алған жоқ. Біз ендігі жастарды кәсіпкерлікке мектеп партасынан дайындауды ұстанып отырмыз. Бесінші бағыт-заңнамаларды тексеру және сараптамалық жұмыстарға арналған. Жоғарыда атап өткендей, көптеген заң құжатына өзгеріс енгізілді. Шынын айту керек, палата құрылғалы бері кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштердің біразы осы заңнамаларды тексеруге байланысты. Ондағы кездесетін қайшылықтарды айтып арызданатындар көп. Қазан айынан бастап заңнамаға сараптама жүргізу жөнінде кәсіпкерлерден бізге 9920 өтініш түсіпті. Сараптама жұмыстарына келер болсақ, Ұлттық палатаға 1592 нормативтік-құқықтық акті түсті. 572 құжатқа ескерту жасалып, 1424-іне сараптамалық тұжырым дайындалды. Оған қоса, ҰКП сарапшыларының қазір нормативтік-құқықтық актіні әзірлеу жұмысына қатысуына құқы бар. Заң жобасын әзірлеу жөніндегі әдістемелік кеңес құрылғанын да осы арада атап өткен артық болмас. Тізе берсе атқарылған шаралар аз емес, кезегін күтіп тұрғандары одан да көп. Сондықтан палатаның шын мәнінде бизнестің жанашыр ұйымына айналатынына кәміл сенемін. – Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына таман Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылды. Бұл қа­дам ел кәсіпкерлеріне нендей мүмкіндік береді? – Еуразиялық экономикалық одақ ең әуелі кәсіпкерлердің қолын ұзартып, ісін ілгерілетуге, тасын домалатуға серпін беріп отыр деп айтар ем. Неге? Біз тәуелсіздік алғалы бері нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Ал, нарықтың заңын білесіздер, ұсыныс-сұранысқа байланысты. Сұраныс өссе, өндірушілер қарап қалмайды. Біздегі нарық қазір 17 миллион адам ғана. Ал, Экономикалық одақ бізге бұдан он есе, 170 миллиондық нарыққа шығуға жол ашады. Үш елдің қазіргі таңда өндіріп отырған өнімінің көлемі 2,5 трлн. АҚШ долларын құрайды. Тағы бір мәліметті ескеруіміз керек. Үш елдегі басқасын айтпағанда, мемлекеттік тапсырыстарының көлемі 9 млрд. АҚШ доллары. Демек, біздің кәсіпкерлеріміз осы үлкен сұранысты қамтуға қатысып, атсалысады. Бұл – бір. Екіншіден, үш мемлекетте де өндірістің ең негізгі салаларын субсидиялау жөніндегі саясат қайта қаралып, жетілдіріледі. Мысалы, ауыл шаруашылығы кешенін субсидиялауды алайық. Бұл жүйе бәсекеге сай емес. Сәйкесінше, саланың дамуы сылбыр. Ұйымға біріккен үш ел тек өндіріс жағынан ғана бәсекелесіп қоймайды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзінің бизнеске қолайлы жағдай жасау дең­гейімен де сыналады. Осы жерде және бір айта кетуді жөн көрдім, мысалы, Қытай елінде шикізат емес өндіріске бөлінетін несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, экспортерлерге салықтық жеңілдіктер ұсыну, суб­сидияланған кепілдемелер, экспорттық несие­леуді сақтандыру сынды бизнесті қолдау шаралары бірнеше жылдар бойы жасалып отыр. Сосын үш ел бір шеңберде жұмыс жаса­ғаннан кейін кедендік кедергілер болмайды. Яғни, кәсіпкерлеріміз бұрынғыдай кедендік рәсімдеулер жасап, уақыт ұттырмайды. Біздің ел Ресей мен Беларуське қарағанда, бизнес-ахуал жағынан озық тұр, оны көптеген сарапшылардың өздері мойындады. Әрі са­лық деңгейі төмен, жекеменшік құқықтары қатаң сақталады. Реттеу істеріміз бірнеше есе қолжетімді. Қолданыстағы заңнамамыз бойынша, кез келген кәсіпкерлік субъектісі Үкіметке өз ұсынысын жолдай алады. Мұндай тәжірибе Ресейде де, Беларусьта да жоқ. Сондықтан Қазақ­­стан бұл елдерге қарағанда, Еуразиялық эко­номикалық одақ аясында бәсекелестікке төтеп бере алады. – Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тіке­лей бастамасымен құрылған «Атамекен» эконо­микалық палатасы өзіне жүктелген тарихи міндетін атқарып, эстафетаны Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырды. Байқауымызша, кәсіпкерлердің қамын ойлай­тын коммерциялық емес ұйымдар баршылық. ҰКП осы ұйымдардың басын қоса­тын мекеме ме, әлде олар бір-біріне бәсе­келес пе? – Әрине, бірлесіп жұмыс жасауға ықылас­тымыз, оған не жетсін. «Жалғыздың үні шық­пас» демей ме дана халқымыз. Кезінде кәсіп­керлеріміз түрлі жағдайға байланысты өз алдына бизнес жүргізуді үйренді. Дегенмен, жалғыз жүріп жо­лыққан қиындықтарға тойтарыс беру мүмкін емес екенін ел кәсіпкерлері жете түсінді. Сөйтіп, бірлесе жұмыс істегенді жөн көрді. Иә, аймақтық, салалық қауымдастықтар бар. Бірақ, бұл ұйымдарға кәсіпкерлердің тек 2-3 пайызы ғана енген. Содан кейін аймақтық, салалық қауымдастықтардың көбі облыс орталықтарында ғана шоғырланған. Яғни, ауылдағы бизнес субъектілері мен шағын қалалардағы кәсіпкерлер мұндай қауымдастықтардың құрамына кірмейді. Ұлттық палатаның заңмен білгіленген міндеті бар. Соған сәйкес, бизнес-қауымдастықтардың қызметіне қолдау көрсетеміз. Ал, бизнес-қауым­дастықтар Ұлттық палата қызметіне өз еркімен, өзіндік талабымен араласа алады. – Абылай Исабекұлы, ендігі сізге қояр соңғы сұрақ мынадай? Басшы ретінде айты­ңызшы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Германия, Түркиядағы сияқты палаталардың деңгейіне жетуі үшін шамамен қанша уақыт қажет деп ойлайсыз? – Өзіңіз айтып отырғандай, бұл ұйымдар қашаннан бар. Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құрған кезде әлемдік тәжірибе зерттелді, зерделенді. Әлбетте, күні ертең біз Германияның, сол сияқты Францияның, өзіңіз айтып отырған Түркияның сауда палатасы мен тауарлы биржа одағының деңгейіне жете алмаспыз. Бірақ, кенеулі жұмыс жасалып отыр. Тағы да қайталап айтайын, бізде бизнеске бөлініп отырған көңіл ерекше. Сондықтан, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы діттеген мақсатқа жетіп, белді ұйымға айналатынына бек сенімдімін. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы толығымен дерлік шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне арналды. Көп кешікпей бизнесті тексеруге мораторий жарияланғанын жақ­сы білесіздер. Бізде бизнеске байланысты ай­қын тұжырымдамалы, күрделі бетбұрыс қалыптасқан. Анығын ашып айту керек, ел болашағы, ұлт тағдыры, туралы сөз қозғалса, белгілі саясаттанушылар, мәдениет қайраткерлері, тарихшылар қазақ тілінің тағдыры, мәдениетіміз бен тарихымызды терең насихаттауды қолға алу керектігін алға тартады. Әлбетте, орынды және де оған ешкімнің де таласы болмауы керек. Дегенмен, ұлт болудың алғышарты деп елдегі бизнестің дамуын да баса айтар едім. Қазіргі кезде бұл бізді толғандыруға тиіс ең басты мәселелердің бірегейі болып табылады. Байқасаңыздар, елдегі бизнестің ең басты жанкүйері – Елбасымыз. Елдің ертеңгі қамын бүгіннен ойлаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бизнес-қауымдастық алдына ауқымды міндет қойды. 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 50% болуы тиіс. Бұл – озық отыз елдің құрамына енуді көздеген еліміз үшін ең басты талап болуы тиіс! Міне, осы алға қойылған міндет үдесінен шығу – бәріміз бір жерде тоғысқанда ғана жүзеге асады. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».