24 Маусым, 2014

Сенат бюросы күн тәртібін бекітті

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат бюросының отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Жоғарғы палатаның 26 маусымда болатын кезекті отырысының күн тәр­тібі қаралды. Сенат отырысына «Дене­шы­нықтыру және спорт туралы» заң­намаға денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы ілеспе заң жобасы шығарылатын болды. Депутаттар, сондай-ақ, кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру мәселелері бойынша түзетулер енгiзу туралы заң жобасын қарайды. Күн тәртібіне одан басқа халықаралық құжаттарды ратификациялау туралы бес заң жобасы енгізілді. Бас комитеттердің төрағалары заң жобаларының Сенат отырысына әзірлік барысы туралы баяндады. Бюрода, сондай-ақ,  таяуда Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді. Палата Төрағасы Қ.Тоқаев Парла­ментаралық Ассамблеяның дамуына белсенді қатысқаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдер халықтары арасында достықты нығайтқаны үшін ТМД ПАА-ның құрмет грамоталарын сенаторлар Ермек Жұмабаев пен Владимир Бобровқа табыс етті. Сенаттың бірқатар депутаттары «Нұр Отан» партиясының жаңа үлгідегі билеттеріне ие болды. Бюро, сондай-ақ, Астана, Алматы қалалары мен еліміздің облыстары мәс­лихаттарының  бір топ депутатын «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдығына орай және отандық құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған қызметі үшін» Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы қаулы қабылдады. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттарын қосқанда 63 адам Сенат наградасын алатын болды.