ЕЛ және ЕЛБАСЫ
«Береке-бірлігіміздің ұйытқысы»
Төрехан Мұқанова, «Алтын алқа» иегері: Біздің қатарластарымыздың барлығы еңбекпен етене өсті. Жұбайым Жұмабай екеуміз де ел қатарлы еңбек еттік. Кеңшардың бір отар қойын бағып, хал-қадерімізше өмір сүрдік. Еңбек ете жүріп, он бала өсіріп, тәрбиеледік. Балалардың барлығы да еңбектің дәмін татып өсті. Қазір әрқайсысы бір-бір шаңырақ иесі. Бір жақсысы, ұшқан ұяларында жиі бас қосып, біздің жағдайымызды ойлап тұрады. Ана үшін ең қажеттісі де осы емес пе? Немере, шөбере сүйіп отырмын. Егеменді еліміздің гүлденіп, көркейіп келе жатқанын көріп, кеудемді қуаныш кернейді. Балалардың бәрі де жұмыс істейді, тұрмыстары жақсы. Соның барлығы еліміздегі береке-бірліктің арқасы екенін ана ретінде сезінемін. Ананың тілегі қашанда бейбіт өмір, ұрпағының амандығы ғой. Шүкір, біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған толық жағдай жасап отыр. Жыл сайын тұрмысымыз түзеліп, жағдайымыз жақсарып келеді. Зейнеткер болған соң, өз тұрғыластарымның да пікіріне құлақ түре жүремін. Барлығының айтары Елбасына деген ризашылығы дер едім. Немерелеріміз жаңа мектептерге барып, терең білім алып жатса, жыл сайын зейнетақымыз өсіп, өзімізге сапалы медициналық қызмет көрсетіліп жатса, бізге бұдан артық не керек. Қазір Елбасының ұтырлы саясатының арқасында жаңа кәсіпорындар салынып, ашылып жатыр. Бұл – балалар үшін жаңа жұмыс орны деген сөз. Яғни еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Жұмысы болса, жастар да ұлы көшке ілеседі деп ойлаймын. Біз еңбектің бейнетін көріңкіредік, әрине. Бірақ, егеменді еліміздің даму екпінін көріп, кәдімгідей марқаямыз. Арқаға Астананы көшіргенде көңіліміз күптілеу болғанын жасырудың да реті жоқ. Ал Астананы өз көзіммен көргеннен кейін Елбасының ғажайып бастамаларының баяндылығына имандай ұйыдым десем, артық айтқандық болмас. Сәулеті келіскен елорданың келбеті кісі қызыққандай екен. Бұл – менің жүрекжарды пікірім. Біз барымызды бағалай білуіміз керек. Байтақ еліміздің ертеңін ойлап, іс қылып жүрген Елбасымыздың әр қадамы туған жерімізді көркейту, егеменді елімізді дамыған елдер қатарына жеткізу екенін барша халық түсінеді. Біз елдегі игілікті аңғарып отырмыз. Сарабдал саясаты мен ұлттық ұстанымын әлем мойындаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Оны қарапайым халық көріп те, біліп те отыр. Күні кеше ауылдан үдере көшкен халық қазір шамасы келсе, ауылға баруға, мал өсіруге ынталы. Яғни елдегі берекенің бағы жана бастағаны. Елбасының халыққа жасаған жақсылықтары жетерлік. Сондықтан да, Президентке деген сүйіспеншілік жоғары, ықылас ыстық. Мен де сол көптің бірі ретінде Нұрсұлтан Әбішұлына игі тілегімді арнап отырамын. Ертеңіміздің кепілі, бүгініміздің берекесін келтірген Елбасы алда да тәуелсіз мемлекетімізді тың табыстарға бастайтынына сенімім мол. Осындай бақуатты тұрмыс пен бейбіт өмірге жағдай туғызып отырған Елбасына аналық алғысым шексіз. Ақтөбе.«Жас өмірімдегі жарқын сәттердің бірі»
Мәмбет БИГЕЛДИЕВ, «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың мұнайшысы: Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана! Осы үш ұғымның халқымыздың санасына үлкен жаңалықтың, ұран мен рухтың, еркіндік пен ерліктің белгісіндей нық орнағандығы қуантады. Кешегі толарсақтан саз, тобықтан су кешкен, еңсесін ел деп көтеріп, көзін келешек деп ашқан қайран бабалардың арманы да осы емес пе?! Қазақтың көсілген Сарыарқасының төрінде Астананың бой көтеруі де биік бірлік пен асқақ арманның нышаны деп айтуға болады. Көптеген елдің шаңырағы шайқалып, берекесі кеткен кездері Тұран даласында тыныштық орнауы кім-кімді де қызықтыратыны хақ. Қазақ даласының оңтүстігі мен солтүстігінің, шығысы мен батысының ыстық ықыласы, адал ниетінің бір арнаға – елдік мұрат пен елордасы – Астанаға түйісуі баршамыздың жанымызға шуақ, қанымызға қуат береді. Осынау болашаққа бет бұрған, келешектің шыңына ұмтылған ұлы көштің қарқын алып қарыштауында мұнайын бұрқақтатып, мерейін асырған Маңғыстау өлкесіндегі мұнайшылардың үлесі зор деп айта аламын. Ғылым мен өнерді өрістетіп, әркез Елбасы жолдауларына үн қосып, ауызбірлік пен адамгершіліктің алаңынан табылатын да осы мұнайшы азаматтар. Осы жылы көптеген мұнай мекемелерінде жастар ұйымы құрылып, өзара пікір алмасып, қайырымдылық пен қажыр-қайраттың туын желбіретті. Мұнайшы жастардың қай кезде де бас біріктіріп, еңселі түрде тізе қосуы ел ертеңіне деген сенімді нығайта түседі. Менің Астанаға алғаш 2001 жылы жолым түсті. Ол кезде мен студент болатынмын. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл толу мерекесіне орай ұйымдастырылған шығармалар байқауында жүлдегер атанып, осы жетістік нәтижесінде Астанаға бару құрметіне ие болдым. Осы жолы, яғни «Тәуелсіздік мерекесі» деп аталатын қасиетті мереке қарсаңында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен кездесу мәртебесіне ие болдым. Кездесу барысында Президентіміздің қолын алып, амандасқан сәтте өзімді азамат ретінде үлкен жауапкершілік күтіп тұрғандығын сезіндім. Бар ынта-ықыласымен қатар, үлкен кемеңгерлік бейнесін таныта сөйлеген Елбасы біздерге үлкен үміт артатындығын айта отырып, өзінің болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Жас өмірімдегі әсерлі сәттерге жататын осы оқиға менің өз жолымды табуға көп ықпал етті деуге болады. Әлі де талай атқарылар істер, жасалар шаралар жетерлік. Бастысы – жолымыз ашық, бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын. Ертеңгі ұрпақ мақтанатындай, дариядай дархан, қариядай кемел ел қалыптастыру бүгінгі біздің қолымызда екендігін ұғынсақ, азаматтық жауапкершілік, перзенттік парыз салмағы мен маңызы сезіле түседі. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы.«Қазақстан – баршамыздың қорғанымыз»
Илахун ЖАЛИЛОВ, Алматы қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі, ақын: Астанасына қарап елін тануға болатыны шындық. Біздің Отанымыздың елордасы – Астана қаласы егемен еліміздің келбетін бейнелейтін алып шаһарға айналып отыр. Еліміздің бас қаласы ұлттық мәдениеттің орталығына айналғаннан бері ел тұрғындарының ғана емес, алыс-жақын шетел азаматтарының да назарын өзіне қаратып келеді. Әлбетте, біздің сүйікті Астанамызды бір көрген шетелдік қонақ оның сұлулығы мен көркемдігіне тамсанып, таңданатыны сөзсіз. Себебі, Қазақстан егемендік алғанына жиырма жылдан жаңа асса, елорданың ел астанасына айналғанына 16 жыл ғана толып отыр. Бүгінгі таңда біздің экономикадағы, саясат пен мәдениет, білім-ғылымдағы жетістіктерімізге, соның ішінде, Астана қаласының ғажайып өсіп-өркендеп, дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы қалалар сапына кіруге батыл қадам жасап келе жатқанына бүкіл әлем таңдана назар салуда. Бұл жетістіктер, ең алдымен, келешекті болжай білетін, ақылды да парасатты Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және тікелей басшылығымен жүзеге асқан ғаламат жаңалық екенін айту керек. Астана – егемен Қазақстанның орталығы, мемлекеттік сипатымыздың белгісі. Ғасырлар бойы халқымыз армандаған тәуелсіздік, еркіндік, бостандықтың символы. Қазақстандықтардың шын мағынасындағы жүрегі және мақтанышы екені сөзсіз! Астана шартарапқа жайылып, биікке өрлеп өсуде. Аз жылдар ішінде ғажайып ғимараттар бой көтерді. Аспанмен бой таласқан биік ғимараттар – «Бәйтерек», Бейбітшілік және келісім сарайы, басқа да архитектуралық ансамбльдер, әкімшілік кешендер, «Астана Опера» опера және балет театры, тұрғын үйлер, мәдениет, спорт нысандары қала көркіне көрік қосып тұр. Бұл нысандар бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысы архитекторлық ерекшелікке ие. Мұндай ерекшеліктер дүниежүзінің басқа қалаларында сирек кездессе керек. Астана келешекте дүниежүзілік туризмнің орталығына айналуы үшін барлық мүмкіншіліктерді пайдалануды көздеп отыр. Сондай-ақ, дүниежүзілік мәдениет орталығына айналмақшы. Астана еліміздегі 140-қа жуық ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, оларды бір отбасының мүшелері сияқты тату өмір сүруге кепілдік берумен қатар, дүние жүзі халқының бейбітшілік, өзара түсіністік орнату жолында да үлкен жұмыстарды жүзеге асыратын орталыққа айналды. Біз ғажайып бір дәуірдің, өте үлкен өзгерістердің куәгерлері болып отырмыз. Біздің көз алдымызда адамдарымыздың күш-жігерімен жаңа мемлекет бой көтеріп, кәмелетке толуда. Бұл – біздің көпұлтты халқымыздың бірлігінің, татулығының, бір мақсатты көздеп әрекет етуінің, еліміз Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығының нәтижесі. Біз өзіміздің Президентімізбен, оның тікелей басшылығымен дүниеге келген Астана қаласымен мақтанамыз. АЛМАТЫ.«Президенттің қолын қысып үлгеріп едім»
Нұрзия АТАЕВА, Мойынқұм ауданы әкімдігі кеңсе бөлімінің басшысы: 2012 жылдың қараша айында өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде жастардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген қошеметін, риясыз көңілін сөзбен жеткізу қиын. Президенттің, әсіресе, қарапайымдығы ерекше рухтандырады. Съезде барлық саланы қамтып, алда атқарылар шаруаларды саралап берген Елбасы сөз соңында жастармен естелік суретке түсті. Жанына жарыса барған жастарды жауапты тұлғалар тоқтата алмады. Мүмкіндікті қалт жібермеген жастардың қатарынан бой көрсетуім бір мақсатымның орындалғаны еді. Тау тұлғаның мысы басып, қатты қобалжыдық. Көңілімізге қарап, сәл кідіріп қалған Президенттің қолын қысып, «Аман болыңыз!», деп айтып үлгердім. Міне, жастардың Нұрсұлтан Әбішұлына деген, керісінше, Елбасының жастарға деген қошеметі, құрметі шарықтаған сол сәт санамызда сайрап тұр! Елдің егемендігін, Тәуелсіздіктің тұғырлылығын, экономиканың қуаттылығын, халықтың әл-ауқатын нығайтып, жастарын алғырлыққа баулыған Елбасына қашанда тілектес болу менің азаматтық парызым деп білемін. Себебі, дәл қазіргі уақытта жастар саясатына деген қолдаудың аяққа нық тұрып, берекесі артып тұр. Елбасы ел экономикасының дамуына бірден-бір үлес қосатын маңызды салалардың тізгінін жас мамандарға ұстатуы күн санап артып келеді. Әрине, бұл дегеніңіз, жастарға деген үлкен сенімділіктің бастауы. Қабілеті барға, қолынан іс келетінге түрлі бағдарламаларды алға тартты. Мәселен, жас толқынның білімі мен білігін ұштастыратын «Болашақ» бағдарламасы талай жастың арманына қанат бітірді. Кейінгі жылдары жоғары және арнаулы орта білімді тәмамдаған жас мамандар үшін зор сұранысқа ие болған «Жастар іс-тәжірибесі» жобасының да шарапаты мол. Жұмыс таппай, сергелдеңге түскен оқу бітірушілер осы жоба арқылы 6 ай мерзімде түрлі мекемелерде тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алып отыр. Міне, қамқорлық пен жанашырлықты түсінген адамға Елбасының еңбегі ұшан-теңіз. Жамбыл облысы.