Байқоңыр ауданында ТЖД қызметкерлеріне алғыс білдіру мақсатында «Батырларға алғыс!» іс-шарасы өтті.
Құтқарушылар күн сайын өз өмірін қауіпке тіге отырып, өзгелердің өмірін сақтап қалады.
Іс-шара елімізде 1 наурызда атап өтілетін Алғыс айту күніне орайластырылған. Оны Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты мен елордалық Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырды.
«Баршаңызды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін ауданымыздағы «Құтқарушылар» алаңына жиналуымыздың себебі – ел игілігі үшін кәсіби міндетін мүлтіксіз орындайтын, қызметте жанқиярлық танытатын мамандарға ризашылық білдіру. Елімізде соңғы жылдары болған табиғи апаттарда әр аймақта қызмет ететін төтенше жағдайлар қызметкерлері міндеттеріне адалдық танытты. Шын мәнінде, бұл нағыз ержүрек азаматтардың қызметі. Өзгелерді құтқарамын деп қайтыс болып кеткен құтқарушылар да аз емес. Олардың қатарында елордалық құтқарушы Асқар Забикулинді ерекше атап өткен жөн. Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауы керек. Сонымен қатар жақында Түркияда болған жер сілкінісіне құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді. Сын сәтте құтқарушыларымыз бірнеше адамды аман алып қалды. Түркияда күндіз-түні қызмет еткен азаматтарымызға алғыс айтамыз!», деді Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.
Іс-шара барысында қызмет барысында қаза тапқан батырлардың рухына тағзым ретінде ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Ал елордалық оқушылар ТЖД қызметкерлеріне алғыс ретінде ән шырқап, флешмоб өткізді.
«Оқушылар біздің батырларымызға батылдығы үшін, кәсіби борышын орындағаны үшін алғыс айтуға келді. Біз өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлеміз, өйткені балалар біздің болашағымыз, олар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін білуі тиіс. Ол үшін оқу орындарында түрлі іс-шаралар өткіземіз. Онда біз үздік оқушыларды анықтап, оларды естелік сыйлықтармен марапаттаймыз», деді қалалық ТЖ департаменті бастығының орынбасары полковник Дастан Алдабеков.
Түркия елшісінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Махмут Шевкет Байрам қазақстандық құтқарушыларға алғыс білдірді.
«Біздің еліміз үшін Қазақстанның көмекке ұмтылып, қиыншылыққа тап болған түрік халқына көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанына қуанамын. Бауырлас халықтан моральдық, материалдық және физикалық қолдауды сезіну бізді ерекше сезімге бөледі. Қазақ халқының бізбен бірге шын жүректен қайғырып, түрік халқының тұтастығы мен қауіпсіздігі үшін дұға еткенін көрдік. Біздің еліміз бастан кешкен апатты оқиғалар Қазақстан мен Түркия арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етті. Қазақстандықтардың еңбегіне, күш-жігеріне және ыстық ниеттеріне қарап, үлкен ризашылығымызды білдіреміз», деді елшінің кеңесшісі.