Пікір • 28 Ақпан, 2023

Депортация. Дерек пен дәйек

528 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірден айтайық, біз Қазақстандағы депор­тацияға ұшыраған ұлт пен ұлыс­тар­дың тарихын түзген кезде мұндай сұр­қия әдістің әуелі қазақтарға қатысты қолданылғанын білуіміз керек. Яғни қазақ ұлтына қатысты жазалау мен жер аудару саясаты кеңес одағындағы азамат соғысы аяқталысымен-ақ басталып кеткен болатын.

Мысалы, 1920 жылдан басталып, мем­ле­кет­тік деңгейде дайындалған депортациялау жоспарына қазақ ұлтының өкілдері алғашқы болып ұшырағанын архив деректерінің өзі айғақтайды. Оның бір көрінісін байларды «кәмпескелеу» науқанынан байқаймыз. Сол кезеңде мал-мүлкі тәркіленіп, өздері Сібірге жер аударылған қазақ байларының саны 5 500 адамнан асып кеткен екен.

Жалпы, кеңес одағы бойынша депортацияға ұшыраған ұлыстардың статистикасы 3,2 миллион адамға дейін жеткенін айтады. Бұл Сталин билік басында болған 1920-1950 жылдар аралығындағы жағдай екен. Ал осы мерзімде Қазақстанға күштеп жер аударылғандардың саны 1 200 000 адамға дейін жеткені айтылады. Яғни 1930-1940 жыл межесінде қазақ даласына кеңес одағы аумағында тұратын неміс ұлтының 38 пайызы, чешен, ингуш ұлтының 83 пайызы, корейдің 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен қоныстанғаны туралы мәліметтер бар. Өкініштісі, қазақ даласының «ұлттар лабораториясы» атауын иеленуі де сол заманның қасіретті шындығы мен мұрасы болып қала беретіні.

Салмақтап қарасақ, осы озбыр саясаттың зардабы одақ құрамында болған басқа республикаларға қарағанда Қазақстанға ерекше ауыртпалық әкелді. Аштықтан аман қалған халықтың еңсесін Екінші дүниежүзілік соғыс салмағы езіп жатты. Дәл осы тұста кеңес одағының өзге өңірлерінен депортацияланған ұлт пен ұлыс өкілдерін үсті-үстіне тоғыту қазақ ауылдарын тұралатып жіберді. Тарихтан белгілі мысалдарға жүгінелік. Соғыс жылдарындағы Қазақстанның экономикалық жағдайын зерттеген ғалымдардың еңбегінде сол тұста елдегі жағдайдың өте ауыр болғандығы нақты есептермен көрсетіледі. Өйткені колхоздас­тыру қателігі мен ашаршылық зардабынан сәл ғана бой жаза бастаған елдегі жағдай өлшеулі азық-түлік пен санаулы киім-кешекті мұқтаж әулеттермен бөлісетіндей жағдайда емес еді. Соған қарамастан қазақ халқы депортацияланған ұлыстарға бір жапырақ нанын бөліп беріп, топты жанды тоқал тамының бір бөлмесін босатып беріп, паналатты.

Ал бұл кезде соғыс жағдайындағы тәртіп бойынша еңбек етуге қабілетті әрбір отба­сы «Қызыл әскер» қорына 50 кило ет, 3 кило сарымай және 30 жұмыртқа өткізуге тиіс болған. Бұл салық өтелмеген жағдайда ауыл адамдарына қудалау, күштеп жер аудару, ауыр жұмысқа мәжбүрлеп жегу жазасы қол­данылатын. Тағы бір деректерде 1941-1945 жыл арасында қазақ жұмысшылары майдан қажеті үшін 4 700 000 сом ақша жинап тапсырғаны айтылады. Тұрғындар тағы да соғыс қажеттілігі үшін мемлекет сатуға шығарған заем қағазы мен облигация, лотерея билетін мәжбүрлі түрде алған екен. Бұл саудадан отан бюджетіне бір ғана Қазақстаннан 3 миллиард 184 миллион 395 мың сом ақша түскен. Ал негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған аумақтар үшін ет тапсыру міндеті тіпті орасан еді. 1942 жылы ғана еліміздегі ұжымшарлар 160 400 бас ірі қара мал және 878 100 бас қойды етке өткізген. Сондай-ақ осы жылдары кеңес одағының авиация әскеріне қажетті техника жасауға жылу жиналып, ел еңбеккерлері бірер күнде 842 533 пұт астық, 46 203 пұт күріш өткізіп, басқа да дайын дақылдардың түр-түрінен және 32 185 пұт жинап тапсырған екен. Біз бұл дәйектерді соғыс статистикасын жариялау үшін емес, сол жылдарда қазақ халқының ішер асқа, киер киімге жарымай жүріп те депортацияланған ұлыстарға жанашыр болып, қайырым көр­сеткенін нақтылау мақсатында алып отырмыз. Демек бір халыққа бағытталған саяси геноцид пен жендеттік ұстанымды екінші ұлттың ата дәстүрі мен адамгершілік болмысы жеңгені анық.

Айтпақшы, бұл көңілсіз әңгімені дәл Алғыс айту күні еске түсіріп отырғанымызға кешірім сұраймыз. Жалпы, мұндай мереке әлемде бар үрдіс. Және соның түпнегізінде қасірет пен қуаныштың лебі қатар жатыр. Мысалы, Америкада адамдардың бір-біріне алғыс айтуы ресми түрде 1621 жылы басталған. «Жабайы Батысты» жаулаған ағылшын отарлаушылары соғыс, аштық, қылмыстан шаршаған қоғамды жаңғырту үшін құрмет пен татулық күнін атап өте бастаған көрінеді. Бұл күнді тойлау басталғанда тараптар бір-біріне түйетауық үйтіп, тарту еткен. Ал 1789 жылы болса керек, Жорж Вашингтон дәстүрге айнала бастаған «Рақмет айту» күніне мәртебе беріп, ұлттық мереке деп жариялаған ғой...