Ресейдің “Лукойл” компаниясы – елімізде мұнай саласында жұмыс істейтін ірі шетелдік инвестор. Ол “ҚазМұнайГаз” ҰК” акционерлік қоғамымен бірге “ҚазақОйлАқтөбе” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы болып табылады. Серіктестік Мұғалжар ауданындағы Әлібекмола, Қожасай кен орындарынан мұнай өндірумен айналысады. Бұл компанияның өзге шетелдік инвесторларға қарағанда бір ерекшелігі – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне баса назар аударатындығы. Соның ішінде әлеуметтік жобаларға қаржылай қолдау көрсетуі арқылы тек қана ауылдықтардың аз қамтылған тобына өз ісін ашуға жағдай туғызып отырғаны қуантады. Бұған дейін Маңғыстау облысында осындай игілікті істер тындырған компания өздерінің “Арай” бағдарламасы аясында биыл мұнайлы өңір Мұғалжар ауданында қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға кіріскен болатын. Компания сол үшін өз бизнесін ашуға және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға талап қылушылар арасында конкурс жариялап еді. Жақында өз істерін ашуға бизнес-жобаларын ұсынғандардың арасынан озып шыққандарға “Лукойл” компаниясының 850 мың теңгеге дейінгі көлемде қайтарымсыз гранттары тапсырылды.
Компанияның қайтарымсыз гранттарына ие болған 56 мұғалжарлық алты шаштараз, соншама тігін цехы мен наубайхана, екі техникалық қызмет көрсету стансасын, екі газ-дәнекерлеу цехын ашуға жолдама алды.
– Барлық бизнес-жобаларды тәуелсіз комиссия мүшелері саралап, талдап, іріктеді. Алыс аудан тұрғындарының іскерлік белсенділігін бір грантқа 8 жоба ұсынылғанынан да аңғаруға болады. Бұл жоба шын мәнінде халықтық болды десек, артық айтқандық болмас. Жобалардың бәрінің аймақ үшін әлеуметтік маңызы зор,–деді “Лукойл” компаниясы қазақстандық филиалының директоры Андрей Кириллов.
Компания аз қамтылған ауылдықтардың қолына қаржыны ұстата салып іс бітті деген жоқ. Қайтарымсыз гранттар тапсырылғаннан кейін конкурс жеңімпаздарына арналған семинар өткізіп, өз бизнесін неден бастау керектігіне бағыт-бағдар сілтеді, кәсіпкерліктің қыр-сырын жете түсіндірді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.