Үкімет • 01 Наурыз, 2023

Су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды

347 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орта­лық және жергілікті атқару­шы органдардың алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығы және халық­қа онкологиялық көмек көр­сету шараларын күшейту мәселелері қаралды.

Су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жедел әрекет ету  тапсырылды

Бірінші мәселе жөнінде баяндаған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оңтүстік аймақтарда белсенді қар еру басталуына санаулы күн қал­ғанын айтты. Сол себепті қазір ба­рлық күш-жігер алдын алу шаралары мен су тасқынына дайындыққа бағытталған.

Жалпы, осы жылдың екі айында 15 шақырым уақытша бөген салынды, 24 шақырымға жуығы жөнделді, 16 шақырымнан астам жаңа бөген, сондай-ақ елді мекендердің айналасында 41 шақырым үйінді бөгет­ тұрғызылды. Одан бөлек 5 мың шақырымға жуық каналдар мен арықтар, автомобиль жолдары және теміржолдардың астына салынған 8,5 мыңнан астам суөтер тұрбалар тазартылды.

Су тасқыны жағдайының қолай­сыз дамуы кезінде су басу аймағында 255 елді мекеннің қалып қою қаупі бар. Оған қоса су тасқыны төтен­ше жағдайларының ықтимал жағым­сыз салдарының алдын алу және олар­ды азайту мақсатында Азамат­тық қорғаудың мемлекеттік жүйесі­нің облыстық кіші жүйелерінің бөлім­шелері жоғары дайындық режіміне ауыстырылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова көктем­ге арналған жаңартылған дерек­тер туралы, Индустрия және инфра­құ­­рылымдық даму министрі Ма­рат Қа­ра­баев жолдарды, көпірлерді және су өткізу құрылыстарын судың көтері­луіне дайындау туралы хабардар етті.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірлердегі қазіргі ахуал мен су тасқыны кезеңіне дайындық туралы баяндады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайылов болжамдарға сүйене отырып, биыл қардың көп болуына және жер бетінің қатып қалуына байланысты су тасу қаупі жоғары екенін айтты.

«Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды, алайда бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет» деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде күрделі жағдай қалыптасуына су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауы себеп болған. Салдарынан Түркі­стан, Жамбыл, Алматы облыс­тарын­дағы дренаждық жүйелер­дің жауын-шашынның көп мөлшеріне қуаты жетпеді. Одан бөлек Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалды.

«Арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпір­лерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын» деп тапсырды Премьер-министр.

Үкімет басшысы «Қазгидрометтің» болжамында айтылғандай, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде екенін, бұған дайын болу керектігін ескертті.

Премьер-министр «Көктем-2023» республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды, жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексеруді тапсырды.

«Қосымша күштер мен құралдар орналасатын жерлерді, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін және ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру үшін қауіпсіз учаске­лерді анықтау қажет» деді Премьер-министр.

Одан бөлек, Премьер-министрдің айтуынша, коммуналдық, жекемен­шік және иесі жоқ гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жөніндегі шаралар әзірлеп, су қоймаларын толтыру көлемін қайта қарау керек, қажет болса, оларды алдын ала қауіпсіз босату жөнінде шаралар қабылдану керек.

«Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша республикалық деңгейде Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік ететін үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия жағ­дайды бақылауда ұстап, су тасу жағ­дайларында жедел әрекет етуге да­йын болуға тиіс» деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

 

Қатерлі ісік ауруымен күрес күшейеді

Үкімет отырысында халыққа онко­логиялық көмек көрсету шараларын күшейту мәселесі қаралып, оның жоспары талқыланды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният республикада онкологиялық аурулары бар 205 мыңнан астам па­циент­тің динамикалық бақылауда тұр­ғанын, жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталатынын, қатер­лі ісіктен 13 мыңнан астам адам қай­тыс болатынын баяндады. 2022 жыл­ғы жұмыс қорытындысы бойынша жоға­ры көрсеткіш Қостанай, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында байқалады.

Онкологиялық медициналық кө­мекті одан әрі жетілдіру мақсатында Он­ко­ло­­гиялық аурулармен күрес жө­нін­дегі 2023-2025 жылдарға арнал­ған кешенді жоспар әзірлен­ді. Оның шең­берінде онкология­лық скринингтік бағдарламаларды кеңейту, адам папилломавирусына қарсы вакцинациялауды енгізу, қажет болған барлық өңірлердегі онкологиялық орталықтарды жөндеу, сондай-ақ олардың диагностикалық жабдықтарын жаңғырту жоспарланып отыр

Бұдан басқа, Алматы қаласында, сондай-ақ Атырау, Алматы, Ұлытау, Жетісу, Ақтөбе облыстарында жаңа онкологиялық орталықтардың құрылысы, ал Астанада Протонды терапиямен жабдықталған Ұлттық ғылыми орталықтың ашылуы күтілуде.

Сондай-ақ ісікке қарсы жаңа дәрі­лік заттарға қолжетімділікті арттыру, онкологиялық пациенттер үшін мобиль­ді бригадалар желісін кеңейту, ғы­лым­ның тиісті бағыттарын және жал­пы кадрлық әлеуетті дамыту жөнін­дегі шаралар көзделген.

Отырыста Астана қаласының бас онкологы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Төлеутаев та өз ұсыныстарын білдірді.

Оның айтуынша, құрамында көп­салалы медициналық орталық, кон­суль­тативті емханалар мен онколог маман дәрігерлер шоғырландырылған Астананың онкологиялық қызметі 44 қалалық емханаларға көмек көрсетіп келеді. Орталықтың тәулік бойы жұ­мыс істейтін 10 емханасында жыл бойы 12 мың науқас ем қабылдайды.

«Орталық жұмысында хирургия­лық, химия-терапиялық және сәулемен емдеу тәсілдері қазіргі замандық дең­гейде толықтай игерілген. Бас пен мо­йын ісіктеріне микро хирургиялық операциялар және тіл мен жақ сүйектеріне адамның өз талшықтарын алып-салу операциялары елімізде 2012 жыл­дан бас­тап бірінші рет тек біздің орта­лық­та жү­зеге асырылып, халықара­­лық деңгей­де жүргізіліп келеді», деді М.Төлеутаев.

Оның айтуынша, орталықтың негізгі ғимараты 2009 жылы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды, сонан кейін онкологияны дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға ар­нал­ған бағдарламалар аясында емдеу, диаг­ностикалық құралдар және қон­дыр­ғылармен жарақтандырылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген еліміздің онкология саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары онкологтер мен онкологиялық орталықтардың қажетті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жоспар­дың жобасы республиканың барлық онкологиялық орталықтары және Қазақ онкология мен радиология ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен әрбір аумақтың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді», деді ол.

Мәселені қорытындылаған Пре­мьер-министр тіпті ең заманауи меди­ци­­налық технологиялар болған жағ­дай­да да онкологиялық ауруларды емдеу әлі де бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау салалары үшін үлкен сынақ болып келе жатқанын айтып өтті. Мәсе­лен, елімізде жыл сайын онкологияның 37 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады. Бұл ретте, 20 жыл ішінде өлім-жітім деңгейінің 33%-ға төмендеуіне қарамастан, қатерлі ісік жыл сайын 13 мыңнан астам адамның өмірін жалмайды.

Әлихан Смайылов онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың жартысынан көбі еңбекке жарамды жастар екенін айтты.

«Мұндай көрсеткіштердің бас­ты себебі – ауруды кеш анықтау. Сіз­де ең жаңа жабдықтар мен дәрі-дәр­мектер, заманауи ауруханалар болуы мүмкін, бірақ ауруды ерте сатысында анық­тай алатын жоғары білікті маман­дар қажет. Сондай-ақ халықпен үнемі про­фи­ла­к­тикалық жұмыстар жүргі­зу қажет», деп атап өтті Премьер-министр.

Үкімет басшысы өңірлерде медици­налық көмектің сапасы мен қолжетім­ділігін жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Бұл қалалық және ауылдық тұр­ғындар, өңірлер мен Астана ара­сын­дағы медициналық қызмет көрсету деңгейіндегі теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.

«Азаматар диагноздың кеш анық­талуы, жергілікті жерлерде меди­циналық мекемелердің нашар қам­тамасыз етілуі, медицина қыз­мет­керлері мен дәрі-дәрмектердің жетіс­пеушілігіне шағымданады. Мұның бәрі онкологиялық аурулардан өлім-жітімнің жоғары болуына әкеп соғады» деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында ерте бастан анықтау деңгейінің төмендігі мен өлім-жітім деңгейінің өте жоғары екені көрініс беріп отыр.

«Бұл өте маңызды мәселелер, оларды жүйелі түрде шешу қажет. Адамдардың отандық медицинаға деген сенімін, олардың тұрақты тексеруден және сапалы емдеуден өту қажеттілігін қалпына келтіру керек. Ол үшін біз жаңа онкологиялық клиникалар саламыз, жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып аламыз, заманауи емдеу әдістерін енгіземіз. Бұған онкологиялық аурулармен күре­судің жаңа кешенді жоспары да бағыт­талған», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы атап өткендей, бүгін­гі таңда азаматтардың 20%-ы скринингтік бағдарламалармен қам­тылған, бұл өте төмен көрсеткіш. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне профилактикалық тексеру, әсіресе онкологиялық аурулар­дың мақсатты топтары мен бағдар­ла­маларын кеңейту тапсырылды.

«Адамдарды өз денсаулығына мұқият болуға, үнемі тиісті тексерулер­ден өтуге сендіру керек. Ол үшін денсау­лық сақтау және ақпарат министр­ліктері әкімдіктермен бірлесіп кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуі керек», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов қатерлі ісіктерді ерте сатысын­да анықтау үшін анағұрлым тиімді диаг­ностикалық шараларды әзірлеу қажет­тігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы әлемдік тәжірибені ескеріп, қазақстандық жетекші ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың сарапшыларын тарту қажет.

Премьер-министр келесі жылы елордада Протонды терапиямен жаб­дықталған Ұлттық ғылыми онколо­гия­лық орталықтың ашылатынына байланысты оны жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелерін қазірден бастап пысықтау қажет екенін айтты. Атап айтқанда, кеңес беру, тәжірибе алмасу және отандық дәрі­герлердің біліктілігін арттыру үшін ірі әлемдік онкологиялық орталықтармен ынтымақтастық орнату маңызды.