24 Маусым, 2014

Алтын діңгек

222 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мерейли отбасыҮйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауы кезеңінің

Батыс Қазақстан облысы бойынша жеңімпаздары.

Сәндібековтер

Сәндібековтер отбасы байқаудың бірінші жүлдесіне ие болды

Ауыл мәдениетінің жанашыры

Әлқиссамызды әріден бастасақ, атақты «Ақтабан шұбырындыдан» бері қазақ деген қайсар халықтың көрмегені жоқ. Беріден тартсақ, кешегі кеңестік жүйе қолдан жасаған аштық, кәмпеске, қуғын-сүргінде сыртқа кеткен қандастарымыздың ұрпақтары бүгінде атамекеніне оралып жатқаны әмбеге аян. Ал, біздің кейіпкеріміздің әулеті тап болған тағдыр мүлде аянышты дерлік. Кеңестік кезеңге «коммунизм» елесін қалдырып кеткен Хрущевтің солақай саясатының кесірінен көптеген қандастарымыз өз жерінде отырып-ақ жатжерлікке айналып шыға келді! Солардың бірі ата-бабасы Мырзашөл аймағын мекендеген Сәндібековтер әулеті еді. Олар еліміз егемендік алған соң Орал өңіріне қайта оралуға мүмкіндік алды. Сәндібековтер отбасы Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұстанған сара саясатына мың алғыс айтады. Республикамызда Елбасының өзі басты назарда ұстап отырған «Мәдени мұра» атты ұзақ мерзімді, ұлтымызды ұйытуға, тарихын тануға үлкен септігін тигізетін байсалды бағдарлама бар екені белгілі. Осы бағдарлама бағытында, еліміздің мәдениет, өнер саласында сан-салалы істер атқарылуда. Әсем ән мен мұң бұралған биді және күмбүр­­­леген күйді айтпағанда, баһадүр бабаларымыз ата-кәсіпке айналдырған зергерлік, ұсталық секілді ұмытыла жаздаған өнер түрлері де жанданып келеді. Кілем, алаша тоқитын құрал-саймандарды осы кезге дейін сақтап келген Сән­дібековтер отбасы – сөзіміздің бір дәлелі. Осының барлығын тәптіштеп жатқан себебіміз, бір кездері «бошалап кеткен», боздап кеткен, туған жерінен еріксіз алыстап кеткен аруана­ларымыздың ботақандары еркін еліміз­дің ертеңі үшін әл-қадірінше еңбектеніп, қасиетті туған жерге терін сіңіріп, қазақ атты мың өліп, мың тірілген халықтың мәңгілігіне қызмет жасап жүргенін айту, жақсы істерін жалған­ның жарығына шығарып, паш ету, қолдау білдіру. Оны өзіміз жақсы білетін Сәндібековтер әулеті­нің мысалында алаш жұртына таныстыру еді. Бүгінде ел аузында Жұбан елі аталып кеткен Ақжайық ауданындағы іргелі ауылдық округ – Будариннің мәдениет «министрі» Нұрболат Сәндібековпен әңгімелесіп отырмыз. Оның әулеті Ақжайыққа 2004 жылы Мырзашөлден қоныс аударыпты. Ата-бабалары оңтүстік өңірге өткен ғасырларда қоныстанса керек. Әкесі Нұрсейіл өмір бойы депода теміржолшы болып еңбек етіпті. Өмірінің соңына қарай Нұрсейіл қарт айықпас дертке бет алады. Оның себебін алыс­та жүріп сарытап болған елге-жұртқа деген сағыныштан іздейді ұрпақтары. Ақыры «қа­­нына тартқан» қария­ны Нұрболат Қазақ­стан­ға көші­ріп әкеледі. Елбасына ерен риза­шы­лық білдіретін бір себебім осы – дейді Нұрбо­лат бауырымыз. Облыстық байқауларда бас жүлдені бермей жүрген отба­сының басты «көзір­­лерінің» бірі де осы ата-баба мұраларын көздің қарашығындай сақтай білуі, қолдануы десек болады. Нұрболат­тың жары Гүли де «он саусағынан өнер тамған» өнерпаз. Мектепте зертханашы болып істейтін ол туралы әріптес­тер пікірі мен бағасы өте жоғары. Міне, осылайша туған жерге келіп тамыр жайған отбасы бүгінде ауданға ғана емес, облыс білген мәш­һүр өнерпаздарға айналды. Облыс орталы­ғын­да оздырылған «Мерейлі отбасы» ұлт­тық байқауы аясында өткен облыстық байқаудың бас жүлдегерлері атанып, Жайық өңірінің, Жұбан елінің намысын Астанада қорғауға аттанбақ. Әмбебап әулеттің отағасы Нұрболат­тың ауылдағы Мәдениет үйіне жетекшілік жасайтынын жоғарыда айттық. Бұл бағытта ол алдымен әжелер ансамблін құрып, жетілдіруге күш салды. Ондағы ойы, бүгінде айтылуы сирексіп кеткен қазақтың жауһар әндерін жаңғыртып, әжелердің дауысымен даласына қайтару болатын. Еңбегі жеміссіз емес, бүгінде «Жайдарман» әжелер ансам­блін Орал өңірі түгел таниды десек ­болады. Олар – 2009 жылы облыстық «Алтын ұя» байқауында І орынды иеленсе және сол жылғы облыстық «Өнер шамшырағы» атты отбасылық ансамбльдер байқауында ІІ орынды жеңіп алды. Қызы Мәдина 7-сынып оқушысы. Оның да жетістіктері жетерлік. Ол облыстық «Қадыр оқуларында» бас жүлдені иеленіп, биыл «Сәлем, Астана!» фестиваліне қатысып, жүлделі І орынды иеленіп қайтты. Өнерлі балапан «Әдемі-ай» триосының белді әншісі. Үлкен ұлы Әзи дауылпазда шебер ойнайды. Спортпен де етене боп өсіп келеді. «Әсіресе, фото-бейне құралдарға әуестігі атасына тартқан» – дейді әкесі Нұрболат. Заманға ілесе өскен ұлан компьютермен ән өңдеуге де бейім. Ал кіші ұлы Нұржан отбасылық вокалды аспаптар ансамблінің «белді» гитарашасы әрі ән айтады. Ал, егіз гүлдей жайнап өсіп келе жатқан Гүлзада мен Бекзаданың да «қолы бос емес», олар ансамбльде сылдырмақ соғып әнге ырғақ қосып тұрады және «мың бұралған» биші­лер! Сегіз жастағы егіздердің өнеріне талай көрер­мен қол соқты. Қысқасы, 2009 жылы құрылған «Сәндібековтер» отбасылық ансамблінің мүшелері жыл сайын толығып келеді, біз соған қуанамыз. Олар өздерінің шағын ауылдарында тек өнерде ғана емес, өмірде де үлгілі, ұйыған отбасы ретінде танымал. Ұл-қыздарын татулыққа тәрбиелеп, бабалардың асыл қасиеттерін бойларына сіңіріп өсулеріне бағыттап жүр. Сахнада қосетек, бүрмелі көйлекпен «ямаханың» құлағында ойнайтын Гүли келін үйде сиырдың бауырынан, самаурынның жанынан табылатын, берекелі шаңырақтың отанасы. Жайықтан жеке-дара Астанаға аттанатын Нұрболат пен Гүлиге және оның өнерлі де сүйкімді бес перзентіне сәт сапар тілейміз! Ақжайық ауданы. Анципровичтер

Анципровичтер әулеті екінші орынды еншіледі

Ұлағат ұясы

Ел ішінде жарасымды жарас­­­тығы­­мен, сүттей ұйыған татулығы, береке-бірлігімен, құндылық атаулыны қадір тұтуымен көпші­лікке үлгі болар отбасылар жетер­лік. Біз сөз еткелі отырған Анци­про­вич­тер әулеті солардың қата­рында. Ауылдастарының ерекше құрме­тіне бөленген әулеттің ота­ғасы Николай Антонович Анци­провичтің есімі аудан жұр­тына кеңінен танымал. Бұла күші бойында бұлқынып, әскери борышын өтеп жүрген поляк жігітінің қазақстандық татар қызы Әминамен таныстығы, уақыт өте маздаған махаббатқа ұласқан жарастығы жүзінен жалын атқан жас жігіттің өмірін түбегейлі өзгертті. Бәрін басынан бастайық. Ұлан-ғайыр Ресей Федера­ция­сының Читин облысы Дул-Дургин ауданы Зун-Ун­дур ауылында 1941 жылы дү­ние есігін ашқан Николай Анто­нович еңбек­ке ерте араласқан жан. Өнегелі отбасында тәлімді тәрбие көрген ұл ерте есейді, ер жетті, білім алды. 1957 жылы Чита қаласындағы №1 техникалық училищенің Паровоз жөндеуші мамандығы бойынша оқуға түсті. Қатарлас­та­рының алды болған қағылез жігіт оқуын тәмамдасымен аз-кем уақыт К.Ворошилов атындағы Паровоз жөндеу зауытында еңбекке араласқан. Сосын 1960 жылы  Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге алынады. Жастайынан ән-биге бейім өскен өнерлі жігіт аз уа­қытта көзге түсіп, әскери бөлімнің би ансамблі­не жетекшілік еткен, кейін дивизия хореографының көмекшілігіне қабылданған. Амур облысының №2 Се­рышев стансасында келі­сімшарт бойынша әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаз осы жерде болашақ зайыбы Әминамен танысады. Амур өлкесінде қыдырып жүрген талдырмаш келген татар қызына бір көргеннен ғашық болған сабазың әңгімені әріге созбай сөз салған ғой. Әскери қызметке түбегейлі нүкте қойылған соң 1971 жылы Зеленов ауда­ны Қаражар ауылына оралып, ауыл клубы меңгерушісі болған. Арнайы білімі болмаса да, өмірден түйгені көп жігітке педагогикалық білім алуға ел ағалары кеңес берген. Сөйтіп, өнерге бейім, спортқа икемді, адамгершілігі мол азамат аудандық білім бөлімі басшылығынан мұғалімдік мамандыққа шақырту алып, мектепке жұмысқа орналасады. Балаларға сабақ бере жүріп, ауыл­дың қоғамдық жұ­мыстарының бел ортасынан та­была білді. Жалынды жастық шағын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған Николай Антонович 1971-2004 жылдар аралығында ұзтаздық қызмет етсе, жары Әмина Ғабдулғалиқызы ауыл медпунктінде 33 жыл бойы мейірбике болған. Табандай 33 жыл ғұмырын білім саласының өркендеуіне арнаған азаматтың ауыл мектебіндегі тәрбие ісінің жүйелі жүргізілуіне, жалпы ауылдың өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі барын айта кету керек. Ел экономикасының тұ­ралап тұрғандығына қара­мастан, білімге құштар өрен­дердің сапалы білім алуын, сөйтіп жоғары оқу орнына қол жеткізуін көздеген ұлағатты ұстаз небір «тәуекелге» бар­ғандығын еске алады бүгінде. – Сол кездегі басшыларға ауыл мектебінің мүшкіл жағ­дайын жіпке тізе отырып, көңіл бөлулерін, оқыту құрылғыларымен толыққанды жаб­дық­­­тауларын талап еттім. Аудан орта­лығы­нан жеті-ақ шақырым жерде орна­лас­қан шағын ауылдың таза сусыз, көгіл­дір отынсыз болуы ешбір қисынға кел­мейтінін жеткіздім – дейді ол. Ақсақал­дың атын өңірге мәшһүр еткен де осы еңбегі. Қоғамдық саладағы еңбегі еш кетпей ауылға көгілдір отын жетті, таза су тартылды. Осының арқа­сында Қаражар ауылы түтіні түзу, әлеуеті зор ауылдар санатына енді. Құдай қосқан қосағы Әмина анамыз екеуі тәрбиелеген ұлдан көрген  Ғалия, Надия есімді немерелеріне ел қатарлы жоғары білім берді, бәріне белгілі іспен айналысып, елге қызмет етулерін парыз етті. Немеренің үлкені Ғалиясы да өз бақытын Асқар есімді қазақ жігітінен тапты. Болашақ ұрпағының қажетіне байлық емес, білім жиған әке тәлімін алған ұрпақтары  ел игілігіне білек сыбана қызмет етуде. Педагогика саласына өмірінің 33 жылын арнаған ұлағатты ұстаз әлі күнге қоғамдық шаралардың бел ортасында жүр. Ұлы қазақтан келін алса, өз немересін қазаққа ұзатып, татулығы жарасқан ағайынмен құдандалы болған шаңырақтың берекесі беки түсті. Татулық, бірлік, келісім­ді үнемі ту етіп жүретін отаға­сы Николай Антонович Пе­ре­метный ауылдық қоғам­­дық келісім кеңесінің төраға­лы­ғы қызметін абыроймен атқаруда. Зеленов ауданы. Бимұхановтар

Бимұхановтар отбасы ауылдарына жүлделі үшінші орынмен оралды

Халықтық өнерді қадір тұтқан

Шығармашылық іздені­­сінің арқасында талай жетіс­тіктерге жеткен, облыстық, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, жазба ақындар мүшәйрасының тарланбозы, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фес­тивалінің «Әдебиет», «Жур­налистика» аталымдары бойынша дипломанты, Қазақстан Журналистер одағының мү­шесі, ақын Ертай Бимұханов шалғай ауданындағы журналистика саласының майталманы. Оның зайыбы Эльмира Есқайырова Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітап­хана жүйесінің библиографы. Оның есімі облыстық «Жыл­дың ең үздік кітапханашысы» конкурсының жүлдегері ретінде де көпке танымал. Аталған отбасының жақсы атағы халықтық өнерді қадір тұту мен көркем әдебиетті үздіксіз оқу арқы­лы шыққан. Олардың ортақ жетіс­тіктері жетерлік. Облыстық «Тола­ғай», «Әкем, шешем және мен», «Ал­тын ұя» отба­­сылық байқауларында топ жарған және «Парасатты отба­сы» ата­лымының иегерлері атан­ған. Би­мұхановтар отбасы өздерінің жан-жақ­тылығымен ерекшеленеді. Қаратөбе мектеп-гимназиясы бойынша бала тәрбиесіндегі өнегесі үшін «Жыл отбасы-2012» аталымын да қоса иеленген кейіпкеріміздің мерейі қашан да үстем. Отағасы Ертай Бимұханов Респуб­­­­лика Президенті Нұр­сұлтан Назар­­баевтың алғыс хаты иегері, Қазақ­стан Жур­налистер одағының мүшесі, Астана қаласында өткен Қазақстанның Бас редакторлары І Форумының делегаты ретінде де көпке танымал. Талантты отбасы иесі «Ақындық-азаматтық тұлға қа­лыптастыру жолдары» атты кітаптың авторы. Оның сыр­шыл өлеңдері бірнеше жыр жинақ­тарына еніп, республикалық «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Алтын орда», облыстық «Орал өңірі» газет­тері беттерінде жарияланды. Отанасы Э.Есқайырова бұдан бес жыл бұрын облыс­тық «Үздік кітап­хана­шы-­­2009» конкурсының жүл­­де­ге­­рі атанған. Ол аудан­дық, об­­лыс­­тық мәдениет басқар­ма­ла­рының Құрмет грамотасымен марапатталған. Кітап­­хана­лық-шығармашы­лық жұ­­мыстары республикалық «Кітап­­хана әлемі» журналына енгі­зілген. Жоғары санатты кітап­ханашы-библиограф ретінде кітапханалық «Елмұра» өлке­тану клубына жетекшілік етеді. Ертай мен Элмираның тұңғыш ұлдары Руханият облыстық «Егемен елдің ер­теңі» атты жас ақындар кон­­­кур­сының І орын иегері. Әрі мектеп­іші­лік «Гармония» көркем сөз оқу шеберлері үштігінің және  «Жасұлан» атты оқушы­лардың бірыңғай ұйы­мының мүшесі. Аудандық информатика пәні олимпиа­дасының жүлдегері ретінде де оның таланты мен қарым-қабілетіне қол соғатын ауылдастары аз емес. Өнегесі мол ерлі-зайыптылардың кенже ұлдары Әлихан болса, «Алға, қазақ жігіттері!» байқауында маңдайы жарқырап, алға шық­ты. Отбасындағы бала­лар­ды тәрбиелеудің басты бір кілті отбасылық оқу дәс­түрі болып табылады. Отба­сылық қатынастар – сыйластық, ке­лісім, түсіністік қағидат­та­рына сүйе­неді. Бір айта кетерлігі, отбасы мүшеле­рінің осы уақыт­қа дейінгі алған жүлде-ма­рапаттары жүздеп саналады. Әйтсе де отағасы басты мақсат – жүлде алып, мақтау қа­ғазын иелену емес, тиісін­ше талмай іздену. Ізденіс жете­гінде бәсекеге қабілетті қоғамда қызметте де, өнерде де оқ бойы алда болу. Біздің «Мерейлі отбасы» бай­қауына қатысуымызға ықпал еткен аудан басшылығы мен аудандық ішкі саясат бөліміне үлкен алғысымды айта­мын. Байқауға қатысу үшін арнайы көлік бөліп, жан-жақты қолдау көрсет­кен қаратөбелік ағайынның бар­лығының еңбегіне табыс, отбасы­ла­рына баянды бақыт тілеймін, – дейді. Қаратөбе ауданы. Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын.