Аймақтар • 01 Наурыз, 2023

Сырмақ таққан көлік

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бір суреттің көркемдігіне ғана таңдай қағып өте шығуға болады. Енді бір сурет бар, көз сүрінетіндей көркемдік таппайсыз, бірақ айтар ойы, мазмұны терең. Сөйлеп тұрады. Тек, көре біліңіз, түсініңіз...

Сырмақ таққан көлік

Жуықта белгілі фототілші Тілеубек Шаяхмет Өскеменнің кіреберісінде терең мағынаға ие фото түсірді. Әрине, әдейілеп емес, «құ­ланның қасуына мылтықтың басуы» демекші, фо­то­­аппараттың шүріппесі ба­сыл­ғанда, тұмсығына оюлы те­кемет тағылған көлік ыңырана келе жатқан.

Суретке назар аударыңыз; қыс­тың жайма шуақ күні. Тіп­ті көктем лебі байқалады. Ер­тіс пен Үлбі өзенінің түйіс­кен тұсында орын тепкен Өс­кемен қаласының кіре­бе­рісі. Күні кешеге дейін «Усть-Ка­меногрск» болып тұр­ған қа­ла атауы «Os­kemen» деп мен­­мұндалайды. Бұл ұлт ру­ха­ниятындағы үл­кен жетіс­тік дер едік. Соңғы жылда­ры Өс­кеменнің рухани жаң­ғыруында шынайы серпіліс байқалады. Идеологиялық тұр­ғыда ес­кір­ген қаншама көше атауы қа­зақ­шаланды? Биылдың өзін­де бірсыпыра көшеге елге еңбегі сіңген тұлғалардың есі­­­мі берілгенін білесіздер. Оның ішінде Еңбек Ері Бошай Кітап­­паев, жазушылар Оралхан Бөкей, Талаптан Ахметжанов, қылқалам шебері Әбілхан Қас­теев, спортшы Жақсылық Үш­кемпіров сынды саңлақтар бар. Ол өз алдына сүйіншілі та­қырып. Жаздық та.

Ал «Oskemen» деп қала атауын қасқайтып, кирилл қар­­пінен алшақтап, латыншаға ұмтылғанымызбен, тақтайдай жолда тұмсығына қазақтың сыр­мағын таққан ГАЗ-53 кө­лігі көңілге кірбің ұялатып, ой­ды басқа арнаға бұра ма қа­лай? Біріміз қазақылануға ұм­тылыс жасап жатсақ, енді бірі­мізге дәстүр-салттың көк тиынға қажеті жоқтай көрінді. Шын­дық сол. Киіз үйдің төрінде жа­татын оюлы сырмақтың қи­қымы 1961 жылы шыға бас­таған кеңестің көк көлігінде желб­іреп жүргені жақсы ма? Кеңестік көлік демекші, рухани құндылығымыздың қадіріне жете алмай жатқанымызбен қой­май, ескі көліктен құтыла ал­май келе жатқанымыз және бар. Демек суретте елдің эко­но­микалық мәселесі де қы­лаң бер­гендей... «Сырмақты көлік­тің» орнын басар жаңа көлік алу­­ға қарапайым азаматтардың қал­­тасы көтермейді. Ескі көлі­гін іл­­дәлдап күн көріп жүрген жұрт...

Суреттегі көкжиекте будақ­таған көк түтін «Қазцинк» зауы­­тының мұржасы болса ке­­рек. Бәлкім «Титан-магний» ком­­­бинаты ма? Әлде «Үлбі метал­лургия» зауыты ма? Иә, Өс­кемен темір илеген титан қала. Өндірісі өркендеген. Бір­ақ өкініштісі сол, жамағат ескі көлікке жармасып әлі жүр...

Енді бір жағынан алып қа­расақ, сырмақ сыру – үлкен өнер. Бабамыздың қолөнерін қас­­­терлемеген санамыздың дең­гейі осы ма дейміз. Пәл­сапалық тұрғыдан алып қа­расақ, даңғыл жолда келе жат­қан жүк көлігі әне-міне өте шы­ғады. Сол се­кілді бүгінгі кем-кетігіміз де өт­­пе­лі шығар. Ертең-ақ жаңа за­ман, Жаңа Қазақ­станда өмір сүріп, өз өн­дірісіміздің өнімін көрер­міз.

Фотосуретті оқыған болдық. Астар іздеп, тым терең бойлай қоймадық. Көргеніміз бен түй­геніміз осы. Байқасаңыз, сурет сөйлеп қана тұрған жоқ, ком­пози­циялық жағынан да үй­лесім тапқан. Көркем туын­ды. Алдыңғы план, ор­таң­ғы, көкжиек, бәрі-бәрі қам­тыл­ған. Әсіресе деректі фото­мен айналысып жүрген фото­тіл­ші­лердің архивтерінен көз тоқ­­тата қарайтын суреттер көп кез­­­деседі. Тек, түсіну керек шы­ғар. Айт­қандай, кейбір сәт­ті тү­­сірілген фото бүтін бір ма­қа­­­ла­ның жүгін көтеріп кетуі мүмкін.

 

Шығыс Қазақстан облысы