Аймақтар • 01 Наурыз, 2023

Жерге қатысты жауапсыздық тыйылмай тұр

234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірінде жер қатынастарына қатысты былықтың беті ашылып жатыр. Қолында билігі барда белден бас­қандардың әрекеті әшкере болды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша депар­таменті басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Ахметқа­лиев хабарлады.

Жерге қатысты жауапсыздық тыйылмай тұр

– Жер қатынастары саласында жалпы бағасы 238 миллион теңге сомасындағы 3,56 гектар жер учаскелерін заңсыз берген Тараз қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғала­рына қатысты қылмыстық іс аяқталды. Сот шешімімен жер учаскелері мемлекет менші­гіне қайтарылып, облыс әкімдігі жүргіз­ген келісім нәтижесінде, қайтарылған жер учаскелері мектеп пен көппәтерлі тұрғын үй құрылысына беріледі. Аталған фактілерден басқа, мемлекетке ауыл шаруашылығына ар­нал­ған 12 846 гектар жер учаскелері қайта­рыл­ғанын айта кеткен жөн, – дейді Қ.Ахметқалиев.

Департамент тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жауапты адамдар­дың саны азаяр емес. Мәселен, 2022 жылы 68 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 16-сы түрлі деңгейдегі басшылық қызметте отырғандар екен.

– Қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқтал­ғаннан кейін міндетті түрде Қылмыс­тық-про­цестік кодекстің 200-бабына сәйкес мемле­кеттік органдарға ұсыныстар жолданады. Осыған байланысты 2022 жылы мемлекеттік органдарға жолданған 59 ұсыныс қаралып, қарау нәтижелері бойынша облыстағы әртүрлі ведомствоның 35 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді ол.

Айтпақшы, департамент тарапынан жол­­да­натын ақпараттық хаттардың кейбір мә­се­лелердің алдын алуда айрықша рөл атқаратыны да белгілі болып отыр. Хаттың дер кезінде жолдануы арқылы бірқатар кемшілік дер кезінде қалпына келтірілген.

– Агенттік бюджет қаражатын жымқыру және сапасыз құрылыс, жөндеу жұмыстарының алдын алу мақсатында мемлекеттік органдарға ақпараттық хаттарды жолдау бойынша ведом­стволық бақылау алгоритмін бекіткен. Мәсе­лен, Тұрар Рысқұлов ауданының Қарақат ауылын­дағы мектеп ғимаратына күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізу кезінде сапасыз құрылыс жұмыстары жүргізілгені және атқарылмаған жұмыстарға 80,8 миллион теңге сомасында қаражат төленгені анықталды. Осыған орай облыс әкімдігіне аталған дерек бойынша шара қолдану туралы ақпараттық хат жолданды. Осы нысан бойынша жұмыс тобы құрылып, қысқа мерзімде мектептің күр­делі жөндеу жұмыстары аяқталып, бюджет қаражатын жымқыруға жол берілмеді. Оқу үдерісі дер кезінде ұйымдастырылды, – дейді ол.

Қалай алып қарасақ та, өңірде құқық бұзушылықтың азаймай тұрғаны кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Бауыржан Момышұлы туған өңірде: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батырдың сөзіне бас ауыртатындар аз болып тұрғаны өкінішті.

 

Жамбыл облысы