Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қан тамырлары патологиясы орталығының ғалымдары ұзақ жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, атеросклероздың алдын алуға мүмкіндік беретін жаңаша әдіс ойлап тапты. Орталық директоры, профессор Оралбай Дәрменовтің айтуынша, «Артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған құрылғы және әдіс», «Атеросклеротикалық түйіндерді селективті ультрадыбыстық диссекция жасауға арналған құрылғы және артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіру әдісі» қан тамырларындағы түйіндерді түбегейлі жоюға арналған. Бірнеше қан тамырын бірден тазалау мүмкіндігіне ие әрі миокард инфаркті, инсульт, трофикалық жаралар, аяқ гангренасы, гипертония, альцгеймер сияқты адамды мүгедектікке апаратын аурулардың алдын алуға ықпал етеді. Бүгінде мұндай ауруларға әлемде 1,5 миллиардтан астам адам шалдыққан.
– Әлемде жүрек-қан тамырлары, әсіресе, артериялық патологиялар кең таралып отыр. Артериялардың қысылып, қан жүрмей қалу себебінен әлемде жылына 18 миллиондай адам көз жұмады. Бүгінде бұл бағытта дүние жүзінің көптеген елінде ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Отандық ғалымдар ойлап тапқан өнертабыс атеросклеротикалық түйіндерді түбегейлі жоюға және бірнеше артерияларды тазалауға мүмкіндік береді. Артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған құрылғылар шетелде өте қымбат тұрады. Заманауи өнертабыс аналогтеріне қарағанда техникалық тұрғыдан тиімді, қаржылық жағынан үнемді. Бір данасы шамамен 40 мың теңге тұратын бұл құрылғының жылына 1 млрд данасын шығаруға болады. Таза пайдасы 20 млрд теңге шамасында болмақ, – дейді профессор Оралбай Дәрменов.
Ғалымдар артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған құрылғылар мен әдістерге Қазақстанның және Еуразиялық патенттік ведомствоның екі патентін алған. Сонымен қатар ғалымдар клиникалық сынақтар мен коммерциялық өндіріске арналған құрылғылардың зертханалық және өндірістік үлгілерін жасаумен айналысып жатыр.
О.Дәрменов өнертабыстық өндіріске енуі таяу болашақта стендтеу, шунтирлеу сияқты операцияларды алмастырады дейді. Сонымен қатар еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге кететін шығындары, осы патологиядан болатын өлім-жітім, мүгедектік көрсеткіштері азайып, өмір жасы он-он бес немесе одан да ұзақ жылдарға ұлғаятын болады.
Аурудың алдын алуға бағытталған бұл әдіс арқылы науқастың тамырын ерте кезеңде және араға үш-бес жыл салып тазалап отыруға болады. Бүгінде зертханалық жағдайда аспиранттар, магистрлер осы әдістің жетістігімен қатар кемшін тұстарын да анықтау үстінде. Университет басшылығы тарапынан зертхана заманауи құралдармен қамтамасыз етілген. Ендігі кезекте ғалымдар гранттық жобаларға қатысып, зерттеу үдерістерін жетілдіруді мақсат етіп отыр. Профессордың айтуынша, қан тамырларын емдеу әдісі Еуропа, Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония елдерінде озық деп танылса, посткеңестік елдерде енді-енді дамып келеді.
Еліміз ғана емес, әлем жұртшылығы үшін пайдалы бұл әдіс таяу уақытта қолданысқа енетіндігіне ғалымдардың сенімі мол. Дегенмен де ғалымдар әркім өз денсаулығына мұқият болуы қажет екенін айтты. Сондықтан майлы тағамдардан гөрі табиғи өнімдерді көп тұтыну, таза ауада серуендеу, көп қимылдау, жүйкеге салмақ түсірмеу сияқты саламатты өмір салтын қатаң ұстануға кеңес береді.
АЛМАТЫ