– Жалпы, бейнелеу өнерінде шет-шекара жоқ. Бұл сала өткен ғасырда жақсы дамыды, ал қазір ше? Әлемді жайлаған пандемия әсер етті ме?
Байтұрсын Өмірбеков:
– Өнер қоғамдық сананың бір көрінісі десек, оны коммунистік идеология аттай қалап, өз еркінше пайдаланды. Кезінде суретшілер цензура қысымын көргені болмаса материалдық игілікке кенелгені рас. Сондықтан ғой, әлі күнге кейбір суретшілер «Одақтан тапсырыс неге жоқ, қаржы қайда кетті» деп байбалам салатыны бар. Бір қызығы, осы күнде нағыз шығармашылықпен айналысып, өз ойың мен қиялыңды іске асыруға мүмкіндік өте көп. Солай істеп жүрген суретшілердің де арамызда жоқ емес. Иә, өмір сүруге қаражат керек. Оны қайдан аламыз? Міне, мәселе осыдан басталады. Біздің Мәдениет және спорт министрлігі «Алтын адамды» 32 жыл бойы шетелге таныстырамыз деп қаражатты шаша бергенше, талантты 32 суретшінің көзі майын тауысып, бүкіл зердесін жұмсаған туындыларын Венециядағы Биенальға апарса, олардың суреттеріне сол жақта көзі қарақты жұртшылықтың назары ауып, тіпті пейілі түсіп, сатып алмасына кім кепіл? Содан түскен қаржының жартысын суретшіге, қалғанын бюджетке берсе, қанеки.
Бүгінгі бейнелеу өнерінде әлеуметтік проблема, қоғам және адами құндылықтар тақырыбы ешкімді мазаламайтын сияқты. Суретші елмен, қоғаммен қоян-қолтық араласады. Елдің сөзін сөйлеп, ортада жүрмесең, суреткерлігің кімге керек?! Бізде ондай суретшілер болды ғой: Еркін Мергенов, Тоқболат Тоғысбаев, Салихитдин Айтбаев, Дулат Әлиев, Мағауия Аманжолов, Мақұм Кисамединов, т.с.с.
Хамит Файзуллин:
– Иә, өткен ғасырда, КСРО кезінде әдебиет, сурет, музыка, балет, опера сияқты өнер түрлері жақсы дамыды. Мәдениетке, өнерге жақсы көңіл бөлінді. Үкімет тарапынан өнер адамдарын пәтермен, шеберханамен, жұмыспен қамтамасыз етіп отырды. Алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасап берді. Мәдениет сарайларында, пионер үйлерінде үйірмелер жұмыс істеді. Егемендік алған соң Қазақстан Суретшілер одағы жай ғана көптеген қоғамдық ұйымның бірі болып қалды. Музейлер суретшінің сәтті шыққан туындыларын сатып алуға қауқарсыз. Үкіметтің бейнелеу өнеріне деген көзқарасы салқын. Есесіне музыкалық жобаларды қаржыландыру басым. Мәдениеті жоғары мемлекеттерде бейнелеу өнеріне ерекше көңіл бөлінген. Адам баласының жаратылысынан бері салған суреттері мен жасаған мүсіндік туындылары әлемдік музейлердің алтын қорында. Баға жетпес жауһарлар.
Әлемді жайлаған пандемия кезінде нағыз шығармашылық адамдары бекер қарап отырған жоқ, керісінше еселей еңбек етуге тырысты. Суретшілер онлайн көрмелерге қатысты. Әлеуметтік желілерде өз туындыларын көрсетіп, челендж жасап, бір-бірін атсалысуға шақырып, жарыса еңбек етті. Әлемдік деңгейде де осы үрдіс пайда болды. Пандемия кезіндегі өз шығармашылығыма келер болсақ, Украинадағы халықаралық пейзажистер көрмесіне қатысып, лауреат атандым. Ол көрме ұлы суретші А.И.Куинджидің 180 жылдығына арналған болатын. Мұндай көрме бес жылда бір рет қана өтеді. Өнерде ұлт жоқ деген осы да.
Бейбіт Әсемқұл:
– Пандемиядан кейін біздің салаға қатты өзгеріс келді деп айта алмаймын. Өнер саласы әрдайым өзгеріске ұшырап отырады, бұл – табиғи құбылыс. Осыған дейін де әлемдік деңгейде болып жатқан көрмелер, ізденістер ешқашан тоқтаған емес. Көп жағдайда кескіндеме өлді деп айтып жүрді, бірақ бұл мүмкін емес.
Алайда қолдағы материалды қолдану мен пайдалану әдісі өзгеріске ұшырап жатыр. Адамзат қоғамы дамыған сайын бәрі өзгеріске ұшырап отырады. Қалай дегенмен де, пандемия белгілі деңгейде әсер еткен шығар. Бұл жағдай жалпы біздің суретшілерге де жаңа бір үрдіс әкелген болар. Тіпті кейбіреулерді өнер өлкесінен кетуге итермелеген де шығар.
Мәлік Өскенбаев:
– Бейнелеу өнері дүние жүзі тарихында әртүрлі қилы кезеңдерден өтті. Сонау ежелгі Мысыр өнері, ежелгі Грек өнері, ежелгі Сақ өнері, дүркіреген Түркі өнері, Еуропадағы қайта өрлеу кезеңі, Орта ғасыр өнері, импрессионизм, тағысын-тағы болып осылай жалғаса береді. Баяғы заманнан бейнелеу өнеріндегі түрлі бағыттар, яғни «измдер» туралы көптеген пікірталас толастамай әлі күнге дейін келе жатыр. Бұл заңды құбылыс, солай болады да! Әсіресе қазіргі кезде интернет, ғылым мен техника дамыған біздің заманымызда компьютер суретшіні біртіндеп ығыстыра бастады десек болады. Иә, компьютер суретшінің жұмысын біраз жеңілдеткен шығар. Бір қарағанда суретшінің істегенін компьютерлік бағдарламалардың көмегімен істейтіндей көрінеді. Бірақ олай емес!
Кезінде бір америкалық суретші көрмеге барады, ол италиялық мүсінші Джакома Манцудың «Орындықта отырған әйел» деген картинаның қасында иін тіресіп тұрған халықты көріп, мен де бұлай жасай аламын деп, тура сондай етіп қызбен үстелдің қалыбын гипстен құйып алып, қолаға аударады да көрмеге қояды. Бірақ оның сол суретінің алдында халық жиналмайды. Неге? Өйткені ол жансыз, құр әншейін жел үрлеген мүсіндей болып тұрды. Ол жерде суретші-мүсінші саусақтарының энергетикасы, ішкі сезімі, жан дүниесі берілмеді, ал Манцуда саусақтарының іздері, қимыл-қозғалысы, энергиясы әрбір формада сезіліп тұрды. Сол сияқты компьютерде істелген жұмыс та суретшінің ішкі жан дүниесі мен энергетикасын толық бере алмайды, ол құр құрғақ штрихта болып қала береді. Ал пандемияға келетін болсақ, әрине, ол әсер етті. Әсіресе оқу үдерісінде көптеген оқушы фотографиямен жұмыс істеп, сурет салуға үйреніп алған. Пандемия біткеннен кейін оларды сол дағдысынан қайтару қиынға түсті, кейбіреулері сол дағдысынан әлі қайта алмай жүр. Өйткені олар отырған күйіне қарап сурет салудың орнына, оны телефонға түсіріп алып, сол фотодан сурет салып отырады. Ал бұл дұрыс емес. Өйткені ол натураға қарап ойланып, оны анатомиялық, конструктивтік, пластикалық жағынан жан-жақты зерттеп-зерделеп, талдау арқылы сурет салудың орнына, пассивтік көшірмешіге айналады деген сөз. Пандемияның осындай кері әсерлері болды. Жалпы, шығармашылық оқу орындарына қашықтан оқу тиімсіз.
Аңсаған Мұстафа:
– Сурет өнері үнемі дамып келе жатыр. Оның табиғатын, ерекшелігін басқаларға көрсетуге тіл білудің де керегі шамалы екен. Адамдар барлық елде бірдей екеніне әбден көзім жетті. Бұрын шетелдіктер бізден артығырақ, ақылдырақ, әдемірек, жұмыстары жақсырақ көрінетін. Соңғы кезде, шетелдерде 35-40 көрмеге қатысқан соң түсінгенім, адамдар қай жерде болсын бірдей. Проблемалары бірдей, армандары да бірдей, қорқынышы мен мақсаттары да тура сондай екен. Шетелдердегі әріптестеріміз де біздің туындыларымызға қызыға қарап, бізден де жаңа бірдеме үйренгісі келеді екен. Ашық-жарқын жақсы адамдар.
Пандемия кезінде суретшілер де үйде қамалды, олар қарап отырмай, виртуалды көрмелер ұйымдастырды. Галереялар онлайн көрмеге билет сатып, суреттерін онлайн сатып күндерін көре берді. Шетелдердегі көрмелерге қатысқанымда, олар менің туындыларымды Пластик-арт деп атады. Бұл қалай дегенімде, қазір біз пластик заманында өмір сүріп жатырмыз, киіміміз – синтетика, жейтініміз – синтетика, пайдаланатын ыдыс – пластик, өнеріміз де пластик деп түсіндірді.
– Қазақ суретшілері туындыларының көбі табиғат көріністері, портрет, ауыл өмірі болып кете береді. Қазіргі қылқалам шеберлеріне не жетіспейді?
Мәлік Өскенбаев: – Суретшілер әртүрлі жанрда жұмыс істейді. Бірі пейзажист, бірі жансыз натюрморт салса, бірі портретист, анималист, баталист дегендей жалғаса береді. Жалпы, суретшілік ішкі интуиция, яғни сезімталдықпен ғана шектелмейді. Суретші өз ісінің хас шебері болу үшін Алла Тағаланың берген талантымен қоса бірқатар біліммен қарулануы керек. Ол жоғарыда айтып кеткен суретшіге өте қажетті пәндер, мысалы: перспектива, пластикалық анатомия, композиция, түстану, т.б. Бұларды білу немесе білмеу суретшінің жұмыс істеу ауқымын шектейді немесе кеңіте түседі. Мысалы, пластикалық анатомияны білмейтін суретші соғыс жанрындағы дүниелерге немесе көп фигуралы тақырыптарға бара алмайды. Өйткені ол жерде адамның пластикасын, анатомиясын білу керек, әйтпесе, сауатсыз, қисынсыз, әлсіз пропорциясы табылмаған, ұсқынсыз фигуралар орын алады. Бұл деген жұмыстың эстетикалық көркемдік құндылығын жоғалтады деген сөз. Сондықтан қылқалам шебері болу үшін теориялық және практикалық білім болу керек! Суретшілікте бір пайыз талант болса, қалған тоқсан тоғыз пайызы білім мен еңбек болуға тиіс, онсыз қылқалам шебері болу мүмкін емес.
Аңсаған Мұстафа: – Біздің елдің суретшілері не салып жатқанын, өкінішке қарай, онша жақсы білмеймін. Папам жазушы, мамам, жолдасым журналист болған соң араласатын ортам да кілең қаламгерлер, өте жақсы адамдар. Өзім портрет, табиғатты салып отыруға шыдамым жетпейді, баяғыда сабақ үстінде салғызған кезде де ішімде бір қарсылық болатын, фотоаппарат бар ғой, неге бір секундта сырт еткізуге болатын нәрсеге қырық сағат тапжылмай отыруымыз керек деген сияқты сұрақтар қоятынмын. Бірақ оның бәрі сол кезде сурет салып үйрену үшін керек болған болар. Музейлерге де көп бара бермеймін. Ішті пыстыратын жер сияқты. Жан жоқ. Өзім де көрме жасағанда адамдар көп жүретін жерге қойғым келді. Студенттердің арасына барып көрме жасап, одан кейін Алматының метросы, «Атырау» сауда орталығы деген сияқты жерлерді таңдаймын. Қазір көрме ұйымдастырушылар туындыларымды алып кетіп, көрмеге қатыстырып жатыр. Өзім барып жүрген жоқпын, суреттерді көрсе болды ғой. Өткен жылы Кореяның суретшілер одағы, биыл Иранның суретшілер одағы ұсыныс жасап, туындыларымды қабылдап алды. Ол елдерде суретшілер одағы өтіп жатқан көрмелерге барып, талқылап, ұнатқан суретшілерді шақырып қатарына қосады екен. Біздің елде 30-40 көрмем өтті, бірде-біреуіне суретшілер одағы қатыспады. Олардың не істеп, не қойып жүргендерін білмеймін.
Хамит Файзуллин: – Қазақ бейнелеу өнерін сөз етсек, осы салада еңбек еткен майталман классиктерімізді, олардың қазақ бейнелеу өнерінің жауһарлары, дүние жүзіне әйгілі туындыларын атап өту керек. Әбілхан Қастеевтің «Түрксіб», «Медеу мұз айдыны», «Қапшағай су қоймасы», Әубәкір Ысмайловтың «Хантәңірі жайлауы», «Картоғай», Айша Ғалымбаеваның «Қазақстан әні», Сабыр Мәмбеевтің «Тауда», «Көктем», Қанапия Телжановтың «Жамал», «Көкпар», Молдахмет Кенбаевтың «Асауға құрық салу», «Шопан әні», Әли Жүсіповтің «Бақыт», «Алғашқы оқу», Гүлфайруз Ысмайлова, Сахи Романов, Үкі Әжиев, Жанатай Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Абдрашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғысбаев еңбектерін айтпай кету мүмкін емес. Ұлы қазақ даласының теңдесі жоқ әсем табиғатын өз шығармасына арқау ету Қазақстан суретшілеріне тән заңдылық дер едім. Қазіргі заман суретшілерінің тынысы кеңейді. Ел, жер қорғаны болған батыр бабаларымыздың, ұлы билеріміздің бейнелерін сомдады. Тарихи шайқастар туралы кең көлемді полотнолар жазылды. Ал бүгінгі суретшілерге не жетіспейді десеңіз, осы жазылып жатқан жұмыстарды алушы жетіспейді. Меценаттар жоқтың қасы. Орыс бейнелеу өнерінің қамын ойлап, суретшілердің туындыларын өз қаржысына сатып алып, әлемге әйгілі Третьяков галереясын жинақтаушы Павел Третьяков, Савва Мамонтов сияқты өнер сүйгіш патриот, меценат азаматтар саусақпен санарлық. Суретшілерге шеберхана, жұмыстарын көрсететін көрме залдары жетіспейді.
Бейбіт Әсемқұл: – Бейнелеу өнерін насихаттауға қызмет етіп келе жатқаныма он екі жылдай болды. Мен дәстүрден тыс әдетте балаларға, балдырғандарға қосымша мағлұмат беріп отырамын. Әлемде не болып жатыр, жалпы бейнелеу өнерінде қандай жаңалықтар бар деген сияқты. Сосын олар оны дәстүрлі бейнелеу өнерімен салыстыра алады. Жаңағы өнертанушылар дәстүрлі бейнелеу өнері туралы сабақ беретін болса, мен қосымша өзіме ұнайтын, өзім дұрыс көретін мүмкіндіктерді көрсетуге тырысамын. Өйткені оқушылар қазір ненің жақсы, ненің нашар екенін ажырата алмайды. Бұған бір мысал, көбінде балалар білімі аздау, бірақ халықтың көңілінен шығатын, сапасыз суреттерді ұнатады. Олар маған сондай жұмыстарды көрсеткенде, мен оларға бірден түсіндіріп, қандай суретшілердің туындыларына көңіл бөлу керек екенін айтып беремін. Сөйтіп, осы салаға мен ұстаздық үлесімді қосып жатырмын. Менің шәкірттерімнің өзі қазір өзгелерге сабақ беріп жүр. Оның бәрі түбегейлі маған қатысты деп есептеймін. Былайша айтқанда, олар маған қарап бой
түзейді.
– Әр өнердің мақсаты – оны ұрпаққа насихаттау, аманаттау. Өздеріңіз осы үрдісте қалай еңбек етіп жүрсіздер? Қазақ сурет өнерінің болашағын қалай елестетесіздер?
Хамит Файзуллин: – Бүгінгі таңда Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері шығармашылық ізденістерін жалғастыруда. Оны жылына бір рет болатын Одақтың республика көлемінде өтетін жылдық есеп беру көрмесінен көруге болады. 2021 жылы «Social Development Center» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ұлы таулар шыңдары» атты республикалық көрме Ә.Қастеев атындағы көрме залында өтті. Онда қойылған жұмыстардың каталог кітапшасы басылып шықты. 2022 жылы қазан айында Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып «Social Development Center» қорының (қордың атқарушы директоры Бейбіт Тұрабаев) ұйымдастыруымен Шымбұлақта 35 суретші қатысқан алты күндік пленэр болып өтті. Соңынан Орталық мемлекеттік музейде көрме өткізіліп, каталог жарық көрді. Пленэрге қатысушы бес суретші аға буыннан болса, қалған отызы – жас суретшілер. Бұның өзі жастардың өнерге деген көзқарасы, ынтасы зор екендігін көрсетті. Тек қана осындай жобалар көбірек болып тұрса, онда қазақ бейнелеу өнері өрлей түспек. Осы орайда айтарым, жас суретшілердің жаңа легі көз қуантады. Аға буын қылқалам шеберлерінен тәлім алған жас өнер иелері қазақтың сурет өнерін асқақтата бермек! Ал егер мемлекет тарапынан бейнелеу өнеріне қырын қарау болмаса, онда сурет өнерінің өрісі кеңейе түсетіні сөзсіз. Әрбір шығармашылық адамының өз туындысын халық көріп, бағасын берсе екен дейді және келешек ұрпаққа аман-есен жетсе екен деген арманы болады. Осы тұрғыда музейлердің атқарар рөлі үлкен. Суретшілер аманат ретінде музейлерге жұмыстарын сақтап қалу үшін тегін беріп жатады.
Аңсаған Мұстафа: – Атадан балаға мирас болып қалып жатқан мақал-мәтелдерден түрлі дизайн жасап, жейделерге шығарып, жұртқа көрсетіп жүрмін. 6-7 жылдан бері www.ansa.kz сайтында 1200-ден астам ұлттық нақышымызда, оюмен, қазақша жазумен дизайндар жасадым. Ұлттық сурет өнеріміздің болашағы жарқын деп ойлаймын. Еліміз кең-байтақ, әдемі жерлер өте көп, ішкі туризмді дамыту қажет, балалар елінің қандай кең байтақ, керемет екенін көріп өсу керек. Фантазиялары мықты болады, көп көрсе, өскенде берері де көп болады.
Мәлік Өскенбаев: – Бейнелеу өнері саласында шәкірттерге білім беріп жүргеніме отыз жылдан асыпты. Ұстаздық ету оңай емес, әсіресе бейнелеу өнері бойынша. Ұстаздық ол өз алдына бір өнер. Суретшілердің бәрі бірдей ұстаз бола алмайды. Ол үшін ұстаздың бойында үш қасиет болу керек. Бірінші, өзінің шығармасы бар суретші болуы, шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсетуі шарт. Екінші, білімді болу және ол білімін оқушының санасына жеткізіп-құя білу. Үшінші, өзінің қалыптасқан сабақ беру әдістемесі болуы керек. Жалпы бейнелеу өнері кейінгі уақытта кенжелеп қалған саланың бірі десек болады. Бұрынғы кеңес одағының он бес республикасы өз алдына жеке мемлекет болғалы отыз жылдан асты, бірақ бір қызығы, бізден басқа республикалардың бәрінде алды екі немесе бір бейнелеу өнерінің мамандандырылған жоғары оқу орындары бар. Тек бізде ғана өз алдына жеке бейнелеу өнерінің мамандарын даярлайтын жоғары білім беретін оқу орны жоқ. Ал Т.Жүргенов атындағы оқу орны актерлер, хореографтар, кино мамандарын, әншілер, суретшілер даярлайды, соның өзінде суретшілер көбіне еленбей қалады. Негізі өз елімізде бейнелеу өнерінен жоғары білім беретін оқу орны болу керек. Мысалы, Грузия, Армения, Украина, Ресей, Балтық елдері, тағы басқа мемлекеттерде бұндай жоғары білім беретін оқу орнынан бірнешеуі бар. Мына тұрған көршілес Қырғыз елінде, кезінде суретші-мүсінші Садыковтың бастауымен ашылған өз алдына жеке суретшілер академиясы бар. Осыдан кейін ойлана беріңіз.
Бейбіт Әсемқұл: – Қазіргі кезде еліміздің кескіндеу өнерінде, әрине, білімнің аздығы, суретшілердің шетелге шығуы, шетелдіктердің бізге келіп, тәжірибе алмасу жағдайы аздау. Өйткені суретші өзі ізденісте болмаса, әлемнен тыс қалса, оның өсіп-жетілуіне күмәнмен қарау керек. Әлемнен тыс жаңа бірдеңе жасау мүмкін емес. Дамыған елдерден бірталай артта қалдық. Қазіргі көрмелердің көбі іш пыстыратыны шындық. Мен өз басым дәстүрлі стильден алшақтап кетіп бара жатқанымды байқаймын. Өйткені дәстүрлі бейнелеу өнерінде аз болса да, жаңашылдық жоқ сияқты. Сол үшін заманауи стильді таңдадым. Мен үшін бір бағытта қалу маңызды емес. Демек менде әрдайым өзгеріс болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біздің білім беру саласында арнайы заманауи өнерге, бейнелеу саласының жаңа бағыттарына қатысты нәрселерді үйретпейді. Сабақтар бүгінгі күнге сай, қазіргі қоғамның бейнесіне қатысты болғаны дұрыс.
– Қазіргі қазақ сурет өнерін сөз етсек, есімізге Әбілхан Қастеев оралады, ал біз ол кісінің шынайы бағасын бере алдық па?
Мәлік Өскенбаев: – Қазақ бейнелеу өнері туралы айтқанда, әрине, біз ең алдымен Әбілхан Қастеевті айтамыз. Өйткені қазақ елінің халық суретшісі әрі кәсіби қылқалам шебері деген жоғары атаққа бірінші ие болған адам. Ол өзінің бойындағы Алла Тағала берген тума талантын дамыта білді. Бейнелеу өнеріне деген қызығушылығының арқасында, ол үнемі прогрессивтік ізденістер үстінде болды. Айналасындағы қоршаған табиғатты, тау-тастар мен өзендерді, адамдар мен жан-жануарларды табиғи суреттерін салып, талдау жасап, үнемі ізденіс үстінде болды. Өз елінің салт-дәстүрі мен күнделікті өмір-тіршілігін терең зерттеп-зерделеу арқылы шеберлік шыңына шыға білді. Бейнелеу өнеріндегі жоғары эстетикалық талғамдағы шығармашылық туындылар әкелді. Италиялық суретші Микеланджело Буонарроти өнер жайлы айтқан сөзінде: «Өнер қызғаншақ: ол адамның оған толығымен берілуін талап етеді» деген болатын. Осы сөзді Әбілхан Қастеевке қатысты айтсақ та болады. Әбілхан Қастеев өнерге толығымен берілді десек қателеспейміз, өміріндегі небір қиындыққа қажымай, өзінің қажырлы еңбегінің арқасында жетістіктерге жетті. Оның шығармашылығы өте қызықты, әртүрлі кезеңдерден тұрады, авангардтық жұмыстардан бастап реалистік, классикалық шығармаларға дейін қамтиды. Акварель, майлы бояу, графикалық техникада еңбек етті. Амангелді Имановтың портреттеріндегі образдық ізденістері мен шешімдерінің өзі бір төбе десек болады. Осының өзінен бір ғылыми жұмыс, диссертация жазуға болады. Әрине, Әбілхан Қастеевтің шығармашылығына әлі күнге дейін шынайы баға берілмей келеді. Оның туындылары арнайы зерттеуді қажет етеді. Мысалы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Абай атындағы педагогикалық университет, т.б. бейнелеу өнері саласындағы магистранттар мен докторанттар даярлайтын жоғары оқу орындарында Әбілхан Қастеевтің шығармасын, туындыларын өз диссертациясының тақырыбы ретінде әртүрлі қырынан зерттеп талдау жасаса, қандай керемет болар еді. Арнайы ғылыми-практикалық конференциялар өткізілсе, үздік оқитын студенттерге Ә.Қастеев атындағы стипендия тағайындаса, арнайы қор болса артық етпес еді. Сондықтан қазақ бейнелеу өнерінің бет әлпеті саналатын Әбілхан Қастеевтің мәртебесі қазақ елі үшін өте жоғары. Көрші мемлекеттер өздерінің алғашқы суретшілерінің мәртебесін өз деңгейіне әлдеқашан көтеріп, бағасын да беріп, жан-жақты зерттеп, ғылыми еңбектер жазған әрі жазылып та жатыр.
Байтұрсын Өмірбеков: – Сурет өнеріне келер болсақ, біз бейнелеу өнері дегенді дұрысырақ көреміз, себебі ол ұғым бәрін қамтиды: кескіндеме, графика, мүсін, т.б. Осының бәрі қазір де бар, суретшілер мүмкіндігінше еңбек етіп, қоғам мен халықтың сұранысын қанағаттандырып жүр. Ал Ә.Қастеевке келер болсақ ол тұңғыш сурет өнерін кәсіп еткен, қазақ ұлтының тума таланты, дарын мен табиғи интеллект бойына біткен ол өмірінің соңына дейін қажымай еңбек етті.
Және сол өнердің өркендеуіне өз мүмкіндігінше қайраткерлік көрсетті. Одақтың төрағасы болды, ұлттық кадрлар үшін күресті. Сондықтанда артынан Ә.Ысмайлов, ағайынды Қожықовтар келді. Қастеевті менсінбегендер де болды, «арнайы оқу оқымаған» деді, «примитив» деп кемсітті. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды. Ал «оған лайық баға бере алдық па?» деген сұраққа келсек, «иә» деп жауап беру керек шығар, шүкірлік етпеуге болмайды. Дегенмен, тағы бір дарынды қазақ туралы айтпауға болмай тұр. Ол – өзбек бауырлардың Қастеев сияқты тұңғыш туын көтерген қандасымыз Орал Таңсықбаев. Оның атақ-даңқы – біздікінен мықтылау: КСРО халық суретшісі, Көркемсурет академиясының толық мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, т.с. Ең кереметі, көзі тірісінде екі қабат үлкен коттедж тұрғызып берген. Кейін ауласынан тағы галерея салып, бюст қойған. Біз болсақ Қастеевтің қамыстан салынған үйін музей жасадық деп мәз болып жүрміз. Осы екі кісі құрдас, аралас-құралас, дос болған адамдар. Келер жылы туғандарына 120 жыл толайын деп отыр. Осы бір датаны өзбек ағайындармен келісе отырып, бірге атап өтсе, аруақтар риза болар еді, өнер өрге басар еді.
Хамит Файзуллин: – Әбілхан Қастеев қазақ бейнелеу өнерінің атасы десек жаңылмаймыз. Сондай-ақ ол қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы, Қазақстанның халық суретшісі. Кеңес одағы кезінде сонау 30-жылдардан бері ол кісі туралы басылымдарда жазылып келеді. КСРО ордендерімен, Құрмет грамоталарымен наградталды, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Өмірден қайтқан соң Шымкент қаласының суретшілер училищесіне, туған жеріндегі орта мектепке Ә.Қастеев есімі берілді. Туғанына 80 жылдығына орай «Қазақ КСР мемлекеттік өнер музейіне» Әбілхан Қастеев аты берілді. 2004 жылы ЮНЕСКО деңгейінде 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. 2014 жылы Музей-үйі ашылды. 1986, 2004 жылдары еңбектерінің кең көлемді альбомдар жинағы жарық көрді. Еңбектерін буклеттер мен открыткаларға, маркаларға, монеталарға шығарып тұрды. Ол кісінің атында Алматы, Жаркент қалаларында көшелер де бар. Сонымен қатар жазушы Әміртай Бөриевтің «Арманына жолыққан адам» атты ғұмырнамалық повесі 1982 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрді. Туғанына 100 жылдығына орай «Әбілхан аға» атты естеліктер жинағы оқырманға ұсынылды. Жуырда жас жазушы, ақын Сәбит Молдаханның «Өмір мектебі» атты кітабы жарық көрді. Сәбит осы кітаптан үзінділерді Фейсбук парақшасында да жариялап жүр. Ә.Қастеевтің 2024 жылы туғанына 120 жыл толады. Егемендік алғалы бері Әбілхан Қастеев атын туған жеріндегі «Алтыүй» ауылына берсек деп, атқарушы билікке бірнеше рет ұсыныс жіберілді. Бірақ бұл ұсыныс әзірге қабылданған жоқ. Әбілхан Қастеев атын Ж.Жабаев, М.Әуезов және басқа да алыптармен қатар қою керек. Әбілхан аға осындай құрметке лайық тарихи тұлға.
Әбілхан ағаны көзім көрді. 1972 жылы Алматы суретшілер училищесіне оқуға түсуге келгенде Әбілхан ағаға әдейілеп барып, батасын алдым. Сонда аға: «Талабың таудай екен, алдыңнан жарылқасын, тек қана шаршамай, талмай еңбек ете бер», деп үш қылқаламын маған сыйға тартқан еді. Иә, Әбілхан Қастеев өзі де өмірінің соңына дейін қажымай еңбек еткен адам ғой. Атақ, даңқ қуалаған жоқ, олар еңбегінің арқасында өзі келді. Қазіргі кезде қазақ халқының көрнекті азаматтары туралы фильмдер түсіріліп жүр. Біртуар ұлы суретші Әбілхан Қастеев туралы көркем фильмдер түсірілсе нұр үстіне нұр болар еді. Ол кісінің өмір жолы өскелең жастарға өнеге болатыны сөзсіз.
Аңсаған Мұстафа: – Әрине, сурет десе бірінші болып Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева, Молдахмет Кенбаевтың керемет классикалық туындылары еске түседі... Олардың туындыларының шынайы бағасы берілді деп ойлаймын. Артынан еріп келе жатқан өнерсүйер қауымға, оқушы, студенттерге ұстаздары олардың туындыларын үлгі ретінде көрсетеді, музейге апарып жұмыстарымен таныстырады. Шығармалары талай оқулықтарда бар. Көздері тірі кезінде Қазақстан тәуелсіз ел болғанда Дали мен Пикассо сияқты әлемге танымал болып кетуші еді. Қызыл идеология біздің таланттарды буындырып ұстап отырды ғой.
Бейбіт Әсемқұл: – Меніңше, өз бағасын бере алдық. Кез келген Қазақстан азаматына осы сұрақты қойсаңыз, ең алдымен Әбілхан Қастеевті айтары сөзсіз. Демек ол кісінің жетістіктері өз елімізге және шетелге толық таныстырылды деп айтуға болады.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»