Талантты жастармен қайта жасақталған шығармашылық ұжым күні кеше ғана тұсаукесер-концертін өткізді. Сахнада – жаңа есімдер, жаңа үн, заманауи стиль, өзгеше образ. Қазақ өнерінің тарихында түрен салған әйгілі ансамбльдің жаңа құрамы мәдени сабақтастықты жалғай алатындарын дәлелдеді. Айтулы кешке «Гүлдердің» барша көрермені мен Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысты.
Бүгінде қайта бүр жарған «Гүлдердің» ұлан-ғайыр қазақ даласының әр түкпіріне тараған атақ-абыройы әмбеге аян. Өз уақытында қоғамды дүр сілкіндірген шығармашылық ұжымы Қытай, Үндістан, Германия, Жапония, Куба, Болгария, Моңғолия, Израиль, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне гастрольдік сапарларға шығып, ұлт өнеріне тәнті еткен еді. Тарихты парақтасақ, ансамбль алғашында 71 адамнан құралыпты. Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Сембек Жұмағалиев, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева басқа да әртістер осы ансамбльден ширығып шықты.
«Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын жүзеге асыру мақсатында ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер Анвара Садықова мен жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылған. Дәл осы жылдың маусым және шілде айларында ансамбльдің құрамына өнерпаздарды қабылдау үшін тәлімгерлер Қазақстанның бірқатар қаласында кастинг жүргізді. Кейін ұжымның жаңаша бағыттағы қызу дайындық жұмыстары басталып кетті. Ансамбльдің бұрынғы құрамында өнер көрсеткен талантты әншілер мен кәсіби бишілер арнайы шақырылып, репертуары жаңа музыкалық шығармалармен жаңартылған. Мәселен, өнер ұжымының брендіне айналған «Бипыл» (хореографиясы Д.Қияқованың), «Асатаяқ» (хореографиясы З.Райбаевтың), «Малайзия биі» (хореографиясы Г.Измайлованың) және басқа да билер хореограф Татьяна Ауталипованың қатысуымен жүргізілсе, жаңа хореографиялық композицияларды Гүлнәр Саитова, Карина Хайтматова, Гүлден Фаткулла, Евгений Моисеев, Карина Жиренбаева, Мөлдір Нығымет сынды хореографтар қойды. Қазір қайта жасақталған ансамбльдің құрамында 15 биші мен 9 музыкант бар.
Айта кетейік, қазір «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басты мақсаттарының бірі – осы ансамбльді жаңа құраммен көрерменге таныстыру болып отыр. Сондықтан биыл жалпы аталған ұйымға қарасты шығармашылық ұжымдарға 5 халықаралық және 3 республикалық, 8 бағыттағы шет мемлекетке және 5 бағыт бойынша республикалық гастрольдік сапар жоспарланып отыр. Соған сай «Гүлдер» де Оңтүстік Корея, Франция, Бельгия, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерде өнер көрсетеді. Ал ендігі концерт Алматы қаласында өтпек.
Аңыз-ансамбльдің жаңа толқынын дайындау жұмыстары да оңай болған жоқ. «Гүлдердің» бұрынғы видеоқұжаттары сақталғанымен, архивтік құжаттарды ақтарып отырып, сол кездердегі қазақ би өнерінде қолданылған қимыл-қозғалыстары мен би түрлеріне қатысты құнды мәліметтер табылмаған. Сол себептен ансамбльдің басы-қасында жүрген шығармашылық топқа осы бағытта да көп еңбек етуге тура келді.
Жаңа жобаға дайындық кезінде ансамбльдің мұрағаттық материалдары мұқият зерделеніп, топтың «Алтын қорынан» ең үздік нөмірлер іріктеліп алынды. Айтулы кешке ансамбльдің алғашқы солистерінің бірі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Клара Төленбаева, жас әншілер Мәди Сыздықов, Зарина Божакова, Дидар Әбдіхалық, Салтанат Меңдіғалиева, «Turan» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Steppe Sons» альтернатив-фольк тобы қатысты.
«Гүлдердің» орындауында «Бипыл», «Асатаяқ», «Малайзия», «Хорезм», сондай-ақ музыкалық композицияларға арналған түрлі бағыттағы билері ұсынылды. Ән мен би кезек өрілген кеш барысында әйгілі ұжымның тарихынан сыр шертетін видеофильмдер көрсетілді. Оған қоса ансамбльдің бұрынғы өнерпаздары экран арқылы ыстық естеліктерімен бөлісіп, жаңа құрамға – жас таланттарға сәттілік тіледі.