Үкімет қаулысымен Samruk-Kazyna Construction «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде салынатын мектептер құрылысының дирекциясы болып анықталғаны белгілі. Компанияның басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, қазір жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдармен келісімшарттар жасалып жатыр.
«Келісімшарттың мәні – әкімдіктер тапсырыс берушінің міндетін атқаратындығында. Біз барлық қажетті конкурстарды өткіземіз. ЕРС-келісімшартында жобалаудан бастап, құрылыс және құрал-жабдықпен қамтуға дейінгі барлық жұмыс қарастырылады. Бұл ауыл мен қалада, мегаполисте салынатын мектептің бәрі оқушыларға бірыңғай стандарттағы жайлылықты теңдей қарастырады», деді М.Айманбетов.
Мектеп жобалары оқушы санына қарамастан бір типтес болады. Сәулеттік дизайны да ортақ. Заманауи жиһаздар, құрал-жабдықтар, бейнебақылау жүйесі болуы шарт. Әрбір мектепте STEM-зертхана, роботтехника бөлмелері, спорт және жаттығу залдары, коворкинг орталықтары болады. Ерекше балаларға кедергісіз орта қалыптастыру да назарда.
Сонымен алдағы жылдары аймақта түрлі сыйымдылықтағы жайлы мектептер салынады. Олардағы оқушы саны 300-ден бастап 2 мың орынға дейін жетеді. Биыл Қарағандыда – 4, Балқашта – 1, Бұқар жырауда – 3, Шет ауданында 2 мектептің құрылысын бастау жоспарда тұр. Осы жылы іргетасы құйылған білім ордалары 2024 жылы тапсырылуға тиіс. Сондай-ақ 2024-2025 жылдарға тағы 8 мектептің құрылысы жоспарланған. Олар Қарағандыда, Абайда, Қарқаралыда, Приозерскіде, Нұрада салынады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, аймақта «Жайлы мектепті» жүзеге асыру үшін жол картасы бекітілмек. Ұлттық жоба арқылы үш ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептер жойылады және орын тапшылығы мәселесі реттеледі.
Жалпы, бұл ұлттық жобадағы құрылыстарды іске асыруда отандық өнімдер қолданылмақ. Мәселен, бүгінде Қарағанды облысында 500-ге жуық компания ықтимал өнім беруші тізімінде тұр. Мұндай тізімді облыстың кәсіпкерлер палатасы жасақтайды. «Жиһаз шығаратын отандық өндірушілердің тізілімі жасалып жатыр. Алдағы уақытта олар «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру кезінде Samruk-Kazyna Construction-ға ұсынылады. Бүгінде Қарағанды облысынан осы тізімде 495 компания енді», деп хабарлады облыстың кәсіпкерлер палатасы.
Қарағанды облысы