Қазақстандағы байланыс және әріптестік жөніндегі FAO бюросының басшысы Қайрат Нәжімиденовтің айтуынша, біздің ел бұл ұйымға 1997 жылы мүше боп қабылданған. Ұйымның мақсаты – әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, халықтың жоғары сапалы тағамға тұрақты қолжетімділігіне кепілдік беру. Сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығы секторына қолдау көрсету.
– FAO басшылығы нақты өзгерістерге қол жеткізу үшін инвестицияларды ұлғайту, инновацияларды дамыту және бүкіл әлемдегі фермерлерді қолдау жөніндегі әрекеттерге назар аудару сияқты үш негізгі шартқа басымдық беріп отыр. Кейінгі жылдары ұйым ғалымдарға, студенттерге, магистранттарға арналған бірқатар оқыту семинарын және фермерлерге ғылым мен техникаға инновациялар енгізу бойынша тренингтер өткізіп келеді. Мұндай жобалар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында да жалғасын табады, – деді Қ.Нәжімиденов Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығымен болған кездесуде.
Еліміздегі FAO бағдарламаларының үйлестірушісі Жаңыл Бозаева нысаналы қорлардың жобаларының азық-түлік секторы мен ауылдарды дамыту, орман және балық шаруашылығын жақсарту әрі қалпына келтіру, жер және су ресурстарын тұрақты басқару, климаттың өзгеруін ескере отырып ресурс үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарының нәтижесіне тоқталды.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев халықаралық ынтымақтастықты дамыту университеттік білім беруді халықаралық деңгейге сәйкестендірудегі маңызды қадам екенін айтты.
– Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің халықаралық қызметі жоғары білім беру жүйесіндегі университет мәртебесін арттыруға және әлемдік білім беру қоғамдастығына қосылуға бағытталған. Бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуді мақсат етіп отырғандықтан, агроөнеркәсіп инновацияларын дамыту және фермерлерді қолдау бойынша FAO-мен ынтымақтастыққа мүдделіміз. Білімді практика мен оқу үрдісіне тарату арқылы агроөндірістің дамуына ықпал ететін озық тәжірибелер мен технологияларды тарату үшін ғалымдар, ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік кешен мен жоғары оқу орындарының өзара іс-қимылын үйлестіруіміз қажет. Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде халықаралық білім беру бағдарламаларын дамыту үшін барлық жағдай жасалған, – деді А.Күрішбаев.
Кездесуге FAO ауыл шаруашылығы саясаты жөніндегі аға сарапшысы Лилия Мусина, бағдарламалық талдаушысы Самат Қайырбеков және университет ғалымдары қатысып, әлемде азық-түлік жетіспеушілігінің, аштықтың алдын алу, инновациялық ғылыми жобаларды әзірлеу мен іске асыруды талқылады. Осы орайда extension жүйесінің әлеуетін арттыру, фермерлер үшін біліктілікті арттыру жүйесін құруда ұлттық университеттің ғылыми-технологиялық инфрақұрылымын пайдалану, кадрларды даярлау сияқты маңызды бағыттарды да FAO-мен бірлесе жүзеге асыру маңызды.
АЛМАТЫ