Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сонымен 2002 жылдан бері жыл сайын 1 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік иммунитет күні атап өтіледі. Неліктен 1 наурыз? Өйткені көктемнің басында ағзадағы иммундық жүйе әлсірей бастайды.
Алайда иммундық жүйе ана құрсағында қалыптасып, туғаннан бастап ана сүтімен нығаяды. Адам өсіп жатқан кезеңде ұйқысының дұрыс болмауы, теңшелмеген тамақтану, дұрыс таңдалмаған физикалық белсенділік, экология мен саламатты өмір салтынан бас тарту иммундық жүйенің қызметін әлсіретеді.
Осы мәселеге орай, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Республикалық аллергологиялық орталығының басшысы, аллерголог-иммунолог дәрігер Арай Батырбаева бір деректі алға тартты. Ол Клиникалық иммунологтер қауымдастығының зерттеулері барлық елдің 7-15% тұрғыны иммунитет әлсіреуінен зардап шегетінін анықтағанын айтты.
Кімдер тәуекел тобына жатады десек, жаңа туған нәрестелерде иммунитет жетілмегендіктен, 6 айдан 12 айға дейінгі баланы қорғауда ана сүті мен дисбактериоздың алдын алу үлкен рөл атқарады. Көбінесе иммунитет күйзеліс пен ауыр тапсырмалардан төмендейді. Сондықтан тәуекел тобынан алдымен ғарышкерлер, ұшқыштар, іскерлер, кәсіби спортшылар табылады. Сонымен қатар тәуекел тобына мамандығына байланысты ұйқысы үнемі қанбайтын, тамақтану режімін сақтай алмайтын адамдар жатады. Қарт адамдар да осы топқа кіреді.
Иммунитет саулығы қандай болатыны біз таңдаған өмір салтына шамамен 50% байланысты. Иммунитетті жиі торығу, күйзелу, дұрыс тамақтанбау, үнемі ұйқының бұзылуы, тым көп физикалық белсенділік пен керісінше жатыпішерлік те төмендетеді. Әрине, оның ішінде зиянды әдеттер – темекі шегу, алкоголь, есірткі де бар.
– Бірінші иммуномодулятор – иммундық жүйені ынталандыратын зат ана сүті. Ана сүтінде жасушалардың пайда болуына қажетті заттар – қорғаушылар бар. Олар баланың денесін оның иммундық жүйесі қалыптасқанша қорғайды. Иммунитет иммундық жүйенің «жасушаларының» 80%-ы орналасқан ішектің жұмысына да байланысты. Бұл біз жейтін нәрсенің бәрі көзге көрінбейтін қорғаушыларымызды әлсіретеді, яки күшейтеді. Көкөністер мен жемістер, өсімдік тағамдары ас мәзірінің 50%-ын құрауы керек. Құрамында бифидо, лактобактерия бар ашытылған сүт өнімдері патогендік микробтарға қарсы қорғаныс тосқауылын жасайды. Тазартылған қанттың артық болуы иммундық жүйені төмендетеді, инфекциялармен күресетін антиденелердің белсенділігін төмендетеді, – дейді А.Батырбаева.
Антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау иммундық жүйеге де пайда әкелмейді. Ең бастысы, өзін-өзі емдеуге болмайды. Дәрі-дәрмекті тек дәрігер тағайындай алады.
Иммунитеттің басты «жауларының» бірі – күйзеліс. Ең қауіптісі – адам өз эмоциясына қарсы тұра алмайтын сәт. Психикалық күйзелістерден құтылудың басты құпиясы, егер сіз басқа түскен сынақты өзгерте алмасаңыз, оны әдеттегідей қабылдаңыз.
АЛМАТЫ