25 Маусым, 2014

Осалдар орнын босатып жатыр

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Футбол-2014-1Дүйсенбі күні кешке әлем чемпионатының үшінші турын Голландия мен Чили құрамалары бастады. Негізі командалардың топтық кезеңдегі соңғы ойындарын ережеге сәйкес, «А» тобының құрамалары бастау керек еді. Алайда, ФИФА ешкімге түсіндірместен Бразилия – Камерун матчын кейінге шегерді. Халықаралық футбол федерациясының бұл шешімін Голландияның бас жаттықтырушысы Луи Ван Галь сынға алды. Ол ФИФА-ның шешімі алаң иелерінің «өтініш­­­терін» ескеріп, Голландия мен Чили кездесуінің нәтижесін білу үшін әдейі жасалғанын, өйткені, Бразилия Голландиямен 1/8 финалда кездескісі келмейтінін айтты. Бұл жерде Ван Гальдің сөзінің жаны бар. бразилия-4Жалпы, әлем чемпионаты кезінде жарысқа қандай да бір өзгерістер енгізу дұрыс емес. Мұндай жағдай 1982 жылы Испанияда өткен әлемдік додада да болғанын білеміз. Енді, міне, арада 32 жыл өтсе де сол жағдай тағы қайталанып отыр. Содан ФИФА-ның ешқандай сабақ алмағанын да көріп отырмыз. Өкінішті, әрине. Басқа айтарымыз жоқ. Ал, Бразилия болса мақсатына жетті. Голландия мен Чили арасындағы ойын 2:0 есебімен аяқта­­­­лы­сы­­­­мен қамшыны басты-ау. Камерунды 4:1 есебімен ұтты. Сөйтіп, «А» тобында бірінші орынмен 1/8 фи­­нал­­ға шықты. Енді олар плей-оффта Чили құрамасымен кез­деседі. Ал Голландия Мексика командасымен күш сынасады. Мексика Хор­­­ва­­­­тия­ны 3:1 есебімен жеңсе де доп айыр­ма­­шылығы бойын­ша Брази­­­лияға жете алмай, топта екінші орын алды. Тағы айтатын бір нәрсе, Бразилия қаншама рет Голландиядан қашқақтаса да екеуі 1/8 финалда қарсыластарын жеңсе ширек финалда кездесуі мүмкін. «Қызықтың көкесін қуырдақ пісіргенде көреміз» демекші, сол кезде Бразилияның көкмайса алаңында кескілескен бір шайқас­тың болатыны сөзсіз. Осы күні «В» тобында ойындардың кө­леңкесінде қалған тағы бір матч өтті. Испания Австралия командасын 3:0 есебімен ұтты. Қазір Коста-Рика, Франция, Бельгия, Арген­­тина, Колумбия командалары екінші турдан кейін 6 ұпай жинап, келесі айналымға жолдама алды. Әсіресе, Коста-Риканың Италияны 1:0 есебімен жеңіп, «D» тобында бірінші орынмен 1/8 финалға шыққаны үлкен жаңалық болды. Коста-Риканың осы жеңісін тарихи жеңіске, сенсацияға балап жатқанын айту керек. Ал негізі, біздің ойымызша бұл жеңісті сенсация деуге де болмайды. Коста-Рика әлемдік додаға ара-тұра қатысып, плей-офф кезеңіне шығатын команда. Егер мәселе Италияны жең­ге­ніне тіреліп тұрса, онда Коста-Риканың жеңісіне еуропалықтардың өздері кінәлі. Жалпы, биылғы чемпионатта командалардың жеңілісіне жарысқа дайындығы ғана емес, ауа райының да әсері бар. Коста-Рика осылайша екі ойында өздеріне үйреншікті климатта жеңіске деген жігерінің арқасында қарсыластарын ұтты. Енді «D» тобында Уругвай мен Италия арасында өтетін кездесуде қай елдің жарысты жалғастыратыны белгілі болады. Бұл командалар кеше кешкісін кездесті. «Е» тобында Францияның бі­­­рін­ші орын алғанын айттық. Осы топта Швейцарияның 1/8 финалға шығуға мүм­­­­кін­дігі көп. Олар Гон­ду­­­­рас­­ты жеңсе, келесі айна­­лым­ға шығады. Ал Эква­дор­­дың Францияны жеңуі қиын. «F» тобында Нигерия мен Иран тағы бір жолдамаға таласады. Егер парсы елі Боснияны ұтып, аф­­­рикалықтар Аргентинадан же­ңілсе, онда Иран 1/8 финалға шы­ғады. Ал Нигерияға жолдама алу үшін тең ойнаса да жет­­­кілікті. «G» тобында Германия мен АҚШ құрамаларының мүмкіндігі көп. Екеуінің де төрт-төрттен ұпайлары бар. Егер бір ұпайы бар Гана келесі айналымға шыққысы келсе, Португалияны ұтып, АҚШ-тың «неміс машинасынан» жеңілгені керек. Ал Португалия туралы айтпай-ақ қояйық. Олардың мүмкіндігі 90 пайыз жоқ деуге болады. «Н» тобында Алжир, Ресей және Корея жолдамаға таласып жатыр. Бұл топта Бельгияның 1/8 финалға өткен аптада шығып алғанын білеміз. Осы командалардың арасында Алжирдің мүмкіндігі көп сияқты. Олардың жеңіске деген құлшынысы, жігері тым күшті болып тұр. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».