Кеше Бас прокуратурада Бас прокурор Асхат Дауылбаев пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен кеңес өтті.
Онда былтырғы жылдың аяғында Бас прокуратура мен Кәсіпкерлер палатасының арасында қол қойылған Ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберіндегі бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижелері қорытындыланып, одан әрі өзара әрекеттесудің басым бағыттары талқыланды.
Асхат Дауылбаев өзара келісім мен прокуратура органдарының күш-жігері бизнес қауымдастықпен бірігуі арқасында кәсіпкерліктің дамуы және әрі қарай өрістей түсудегі маңыздылығын атап өтті. Мұндағы басты мақсат – кәсіпкерлік бастамашылықты жүзеге асыру үшін халықты қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлармен қамтамасыз ету.
Бұл жұмыс нәтижесін де беруде. Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті барынша қолдау, негізсіз тексерулерді қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру жөніндегі тапсырмаларын тиімді жүзеге асыру осы салада шынайы тәртіпті қалпына келтіруге, бизнеске әкімшілік қысымды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
Тимур Құлыбаевтың пікірінше, мемлекет барлық кезде адал ниетті және заңға құлықты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауы қажет.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының міндеті – кәсіпкерлерге өз қызметтерін құқықтық шеңберде жүзеге асыруға, заңдарды орындау және тұтынушыларды сыйлауға көмек көрсету болып табылады. Ол кәсіпкерлердің тауарлары мен қызметтерінің қауіпсіздігі мен сапасына, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге негізделген кәсіпкерлік мәдениетін енгізу қажет екенін атап өтті.
Ал Мемлекет басшысы атаған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийді жүзеге асыру мәселелері прокуратура органдарының ерекше бақылауында тұр. Осыған орай Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко тыйым салудың бұлжытпай орындалуына тиісті қадағалауды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті, сондықтан, кәсіпкерлік субъектілерін оларға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың мақсаттары мен міндеттерін дұрыс түсінуге шақырды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.