Аймақтар • 05 Наурыз, 2023

Көктемнің көркін кіргізген...

339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің ботаникалық ба­ғында қызғалдақ пен гүлдердің 15 түрі өсіріледі. Түркістандық ғалымдар осы бастама арқылы қызғалдақты жан-жақты зерттеп, сұрыптарын жерсіндіруді жоспарлап отыр.

Көктемнің көркін кіргізген...

Университет жылыжайы ауыл ша­руашылығы ғылымдарының докто­ры, профессор Амангелді Апушев же­тек­шілік ететін «Қазақстанда қызғал­дақ­тың бастапқы материалдар коллек­ция­сын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің ин­но­­вациялық технологиясын әзірлеп қол­­данысқа енгізу» жобасы бойынша салынған. Профессордың айтуын­ша, ғылыми ортада қызғалдақ пен алман­ың тарихи Отаны – Қазақстан деген пікір бар. Сондықтан қызғалдақты зерт­теп, өсіру маңызды. «Қызғалдақты брен­ді­міз деп айтқанымызбен, оның көбейту, селекциялық жұмыстарын жүзеге асыру бойынша атқарылған іс аз. Қазір біз 15 сұрыпты зерттеп, өсіріп жатырмыз. Жергілікті ауа райына бейімдерін және сұранысқа иелерін іріктеп, арнайы көбейтуді жоспарлап отырмыз», дейді профессор. Бүгінде университет жылыжайында қызғалдақтың 12 мың пиязшығы отырғызылған. Оның 3 мыңы әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында өсіп, жетіліп үлгерген. Мерекеге орай арнайы буылып, әзірленбек. Ал қалған бөліктері Наурыз мерекесінде елге ұсынылады. Сонымен бірге оқу ордасы маңына 3 мың түп қызғалдақ егілмек.

Ботаникалық бақтың жылыжай кешеніне арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды қарағай, өрік, туя және басқа да ағаштарды өсіру технологиясымен танысып, ғалымдармен Түркістанды көгалдандыру, жасыл желекке айналдыру, осы аймаққа жерсінетін түрлерін өсіру бағытында пікір алмасты. Ұсыныстарын тыңдап, ғылыми-зерттеулерді жалғастыруды тапсырды.

Өңірде гүл шаруашылығымен айналысатын шаруалар қызғалдақ, раушан, лалагүлдерін арнайы Наурыз мерекесі қарсаңында баптап, саудаға шығаруда. Тек Шымкенттен ғана емес Алматы, Астана сынды ірі қалалардан сатып алушылардың қарасы қалың. Мысалы, Сарыағаш ауданы Дербісек ауылдық округі аумағында орналасқан «Көктем» шаруа қожалығы 8 жылдан бері қызғалдақ гүлін өсірумен айналысады. Жылыжай көлемі – 1,30 гектар. Қызғалдақтың голландиялық 10-нан астам түрі өсіріледі. Қазіргі таңда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер жылына 120 000 - 130 000 түп қызғалдақ гүлін өсіре­тінін айтуда. Сонымен қатар Дербісек ауыл­дық округіндегі «Алия» шаруа қожа­лығы раушан, қара сиқыр және гол­ландиялық фридум түрлерін өсіреді. Жылына 20 000 - 40 000 түп раушан гүлі егіліп, сатылымға шығарылады. Гүл өсірумен 15 жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкер 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

 

Түркістан облысы