Құсты баулып аңға салу әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін қадірлі де қасиетті өнер. Сондықтан да дәстүрлі қазақ қоғамында оның алар орны ерек. Жетісу өңірі өз алдына жеке облыс болғалы алғаш рет құсбегілерді бір шаңырақ астына жинап, ұлттық ойынның көркін қыздырды.
Ескелді ауданына қарасты Жетісу ауылының қысы жанға жайлы, қоңыр салқын, спорттық іс-шаралар өткізуге өте ыңғайлы. Мұны көрген Қазақстан құсбегілер федерациясының жауапты мамандары саясатшылық жарысын өткізуге осы жерді таңдапты. Жарыстың қолайлы өтуіне барлық жағдай жасалған. Бұл игілікті істі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары мойынға алып, барынша абыроймен өткізуге тырысты. Солай болды да.
Құсбегілердің жыл сайынғы жауапты жарыстары Алматы облысының Нарынқол өңірінде өтетін. Өңір екіге бөлінгеннен кейін, дәстүрлі доданы өткізу кезегі жетісулықтарға бұйырды. Сол күні табиғатта тосын мінез танытпады, күн де күлімдеп тұрды.
Жастар арасындағы құсбегілердің ХІV республикалық чемпионатына Алматы, Түркістан, Абай, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қаласының құсбегілері қатысты. Ашылу салтанатына жиналған ағайынның қарасы көп болды. Екі күнге созылған жарыс елдің есінде қалды. Балапан күнінен баптаған әртүрлі аңшы құстың айласы, бітім-болмысы, мінезі көпшілікті таңдай қақтырды.
Жарыс соңында ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделерге ие болды. Бүркітшілер арасында Атырау облысынан келген Иманғали Әбдікәрімұлы чемпион болса, қаршыға салуда Алматы облысының өкілі Сейітжан Бексұлтан үздік атанды. Ителгі салудан Түркістан облысынан келген Мүсәлім Салманға тең келер құсбегі болған жоқ.
Ал Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға ие болды. Атырау және Алматы облысының өкілдері бір-бірден алтын медальды жеңіп алды.
Жетісу облысы