Әдебиет • 05 Наурыз, 2023

Арыстар туралы атаулы еңбек

419 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Наурыздың 5 жұлдызы ұлт көсемі, Алаш арысы Әлихан Нұрмұхамедұлы туғаны, бәлен жыл өткенде Сталиннің дәл осы күні өлгені тарихи факт. Ал кезінде Қарағандыдағы Октябрь ауданы Әлихан Бөкейхан есіміне ресми берілген 13 желтоқсан – дүниеге Алашорда үкіметі келген күн. Мұны сол кездегі билік басындағылар біліп-білмей істегенінен хабарымыз жоқ. Алайда кеше, 5 наурыз – Алаш арысы туған күні Астанадағы музыкалық жас көрермендер театрында көрермендерге жол тартқан «Әлихан Бөкейхан – ұлт азаттық күрескері» деректі фильмі біз үшін жаңалық болды.

Арыстар туралы атаулы еңбек

Екі кезеңді қамтыған деректі туын­дының алғашқы бөлімінде ұлт көсемі өмірінің ең негізгі тұстары алынған. Қа­ра­­ғанды облысына қарасты Ақтоғай ауда­нындағы Әлихан туған Жекежал қыс­тағынан бас­тап, ата-бабалары жерленген Талды бейіт, Тоқырауын, Қарқаралыдағы іздерінен шыға­тын соқпақтан Мәскеудегі Дон зиратына дейінгі аралық. Ұлттың бақыты мен теңдігі жолындағы тұлғаның жанкешті күрес жолының әрбір нүктесін ұрпақ жадынан өшірмеуге тиіс. Қазақ халқының азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен көшбасшының өмір жолы қайта-қайта көрсетілмесе, ақпарат тасқыны сәт сайын­ жаңарған мына заманда ұтылары­мыз хақ. Фильмді түсіруші – өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан мен оның немересі Медеу Әбеузар алғашқы бөлімде соны көздеген сияқты. Ал екінші бөлімі туралы идея авторы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан былай түсіндірді:

«Қарқаралы уезі болып тұрған кезде Тоқырауын болысы, қазіргі Ақтоғай ауданында Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев туған екен. Еліміз тәуелсіздік алған соң небәрі 9 ай уақыт өткенде, 1992 жылдың тамызында Ақтоғай жұртшылығы республика көлемінде ең алғашқы болып, Алаш арыстарына арнап, танымдық конференция өткізіп, ас берді. Сол тарихи іс-шара барысында үш арыстың туған жеріндегі үш орта мектепке есімдері берілді. Ақтоғай ауданының орталығындағы бұрынғы Ленин даңғылына Әлихан есімі берілді. Осы бір іс жалғасып 1998 жылы республика көлемінде алғаш рет үш арысқа арналған «Тәуелсіздік күрескері» деген композициялық зәулім ескерткіш аудан орталығында орнатылды.

Бүгін халық назарына ұсынылған та­нымдық деректі фильмнің екінші бөлімінде 1992 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі 30 жыл аралықта Ақтоғай ауданы, Қарағанды, Астанада Әлиханға байланысты өткен тарихи маңызды іс-шаралар тізбектелген. Болашақ жастар үшін бұл үлкен тарихи мұра деп есептеуге болады. Ғылыми зерттеу, мемлекеттік тапсырыс, коммерциялық жоба емес, немерем екеуміздің ынтамыздан туған дүние» .

Автордың пікірін өз кезегінде фильм таныстырылымына келген ұлт зиялылары да құптады. «Әлихан туған ауылдың түлектерінің ел-жұртын танытып фильм түсіргені – сол қасиетті рухтарға көрсетілген құрмет пен ілтипатқа пара-пар» деді алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай.

Кинода 90-жылдардың басында арыстар тойына келіп сөйлеген Алаш қайраткерлері ұрпақтарының естеліктері мен пікірлері ұтымды топтастырылып­ты. Мәселен, Ә.Бөкейханның туған немересі Евгений, шөбересі Петр, М.Дулаттың қызы Гүлнар апай, Жүсіпбектің қызы Муза, Әлімханның баласы Мағауия бар. Сондай-ақ Әлиханмен бір туған Смахан төренің екі баласы кадрда қалған. Қазір бұл кісілер өмірде жоқ. Бөкейхан ұрпақтарының соңғы тұяқтары қамтылған болып тұр. Сонысымен де құнды туынды.

Бұдан бөлек, Ақтоғайда Алаш арыстарына берген алғашқы аста болса керек, жазушы Жайық Бектұровтың сөйлеген сөзі. Мұқият тыңдағанға онда да тамаша деректер келтірілген. Жері қара шекпенділерге өтіп кеткен бір қазаққа Әлекең ақ патшаға арыз жазып, жерін қайтартқаны туралы. Патша он жолдан асса арыз оқымайды екен. «Сонда жер дауын он жолға сыйдырғандағыдай ешқашан қиналған емеспін» депті Ә.Бөкейхан. Ел қызығар тағы бірер дерек айтқан Жәкең. Бұл кісі Қарағандыда Әлімхан Ермековтің қасында көп жүріп, әңгімесін тыңдаған адам.

Сонымен қатар Әлімхан Ермековтің әңгі­месін тыңдаған Қалкен Мәкенбаев, қоғам қайраткері Сұлтан Досмағанбетовтің пікірі де назар аудартады.

Авторлар фильмді ешкімнің демеу­шілігінсіз түсіріп шыққан. Жергілікті биліктен қолдаулар болғанын айтады Тұңғышбай Мұқан.