Жәдігер • 05 Наурыз, 2023

Қазанғап домбырасының көшірмесі

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне ұлы күйші Қазанғап Тілепбергенұлы домбырасының көшірмесі қойылды. «Қазанғап мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов музей қорына қосылған жәдігердің құндылығына тоқталды.

Қазанғап домбырасының көшірмесі

Жалпы, күйшінің домбырасы қазір Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорында тұр. Шанағы құралып жасалған, қалақша пішінді қымбат қазынаны алғашында Қазанғап мұрасын танытуға ерекше үлес қосқан дәулескер домбырашы Сәдуақас Балмағанбетов сақтаған екен. Кейіннен барып Алматыдағы музейге өткізілген. Ал оның көшірмесін жасатып, Қызылордаға жеткізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің директоры Ұлжан Байбосынова. Күйші атындағы өнер ордасын басқарып отырған Ұлжан Мәлікайдарқызы домбыра көшірмесін музейге тапсырып, Қазанғап қазынасын түгендеуге қатысты жоспарлары жайлы айтты.

– Әу баста біз көшірмені колледж үшін жасатқанбыз. Кейін ойлана келе өткен жылдың аяғында дайын болған аспапты музей қорына қосқанымыз жөн деген шешімге келдік. Домбыраны жасағандар Сыр өңірінен шыққан белгілі қолөнер шеберлері ағайынды Ділмановтар. Бүгін жиналғандар олардың қолынан шыққан көшірме аспап дыбысының түпнұсқадан еш айырмашылығы жоғына көз жеткізді. Жалпы, Қазанғап қазынасы ұшан-теңіз дүние. Алда «Жәдігерлерді сөйлету» атты жоба аясында тарихи-танымдық іс-шаралар өткізгіміз келеді. Соның аясында Қазанғап атамыздың күйлерін насихаттап, домбыраның Алматыдағы түпнұсқасын Қызылордаға уақытша көрмеге алдырып, белгілі қазанғаптанушыларды шақыру ойда бар, – дейді ол.

Осы уақытқа дейін Қазанғаптың көп туындысы бізге белгісіз болып келген. Жақында ғана осы бағытта 45 жылдан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан белгілі өнер зерттеушісі, Қазанғап мектебінің негізгі өкілдерінің бірі Абдулхамит Райымбергенов үштомдық жинақ шығарып, ұлы күйшінің сексенге жуық туындысын жұрт­шылыққа таныстырды. Жалпы, Арал теңізі жағалауындағы Құланды түбегінің Ақбауыр деген жерінде он тоғызыншы ғасыр ортасында дүниеге келіп, өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастырған Қазанғаптың туындылары кейінгіге сол мектеп өкілдері арқылы жетіп, елдің рухани байлығына айналған.

 

Қызылорда