Поэзия • 06 Наурыз, 2023

Сергелдеңнен туған соқталы ән

428 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сергелдеңнен туған соқталы ән

«Жанбота, осы ма еді өлген жерім?» деген сөз көзіқарақты қазақ арасында күйініштің белгісіндей, қанатты тіркеске айналып кеткен. Шабарманның есерлігі де, Жанбота мен Азнабайдың кеудемсоқ пиғылы да ойды жеткізудің бейнелі түрі ретінде қолданыла береді. Әсіресе, бұл образдар «Біржан сал» фильмінде тамаша көрсетілген. Біржан салға Жанбота болыс қолқа сала келгенде, «сал-серінің де шаршайтын кезі болады. Қазір ән салып, дидәку қылатын зауқым жоқ. Осы сапарға мені әурелемесең қайтеді?» дейтіні бар ғой салдың. Елден салтанатын асырғысы келген Жанбота сонда да қоймай көндіреді Біржанды. Фильмнің тағы бір тұсында Азнабай «Көлбай кім, Азнабай кім?» деп шіренгенінен-ақ оның кім екені байқалып қалады. Ең бастысы, мұнда Жанбота мен Азнабайдың «ұлыққа» жаққысы келгені, соған бола жалпылдап келістіріп үй тіккені, Біржан салдың опық жегені – отар­лық саясаттың кесірінен екені айқын аңғары­лады. Ал әннің өзіне келсек, гәп жоқ. Шамыр­қанған ашу, ыза, кек терең толғаныспен көмке­ріл­гендей әсер етеді. Біз жеткенімізше айтуға тырысқанымызбен, туындының тұла бойы­на тұнған сезімдердің барлығын теріп айту, әрине қиындау. Дегенмен ән туралы Ахмет Жұбановтың жазбасы кәдімгідей көңіл көншітеді.

«1865 жылдың жазы. Омбының генерал-губернаторы келеді деп Көкшетау бүлініп жатыр» деп бастайды ғой сөзінің ләмін академик Жұбанов. Ақсары болысы Жанбота мен Қоңыржанның Азнабайы да жінігіп үй тігіскені туралы деректер қамтылған автордың «Замана бұлбұлдарының» ішінде.

«Жанбота болыстың үйлер тобының бірінен ырғалтып салған әннің үні шықты. Өз тобының ішінде осындай елді елеуреткен, құлақтарын тостырған әншісі болғанына Жанбота да көтерілмесін бе, түкірігін тіпті «шырт» деп біреулердің үстінен асыра түкіріп, өзі ісік көзі тіпті ашылмай қалған сияқты. Әншінің сиқырлы үні екі болыстың бәсекесін, таласын не қылсын, Азнабай жақтан көптеген бозбала ығысып келіп, жақындап, құлақтарын тосып, рақаттанып тыңдап тұр. Жастардың ол мінезі Азнабайға ұнамай, ондай әнші ала келмегеніне өзі де осы бір сәтте ішіне ашуы сыймай тұрған», деп тағы бір қойып қалады А.Жұбанов. Қызғаныштан іші күйіп кеткен сондағы Азнабайдың сөзін қараңыз:

«–Анау үйдегі әншіні менің қонақүйіме алып кел, ән салсын, сыйлықты Жанботадан асырамын, ал келмесе аржағының билігі өзінде – деді» дейді. Қайдағы бір әнші емес, атақты Біржан екені белгілі ғой ол. Дауыс пен үндегі артықшылықты мойындап, құрмет танытуға мойынға қатқан тоң мен жүректегі мұз дес бере ме?

«Шабарман амалы жоқ, әннің аяғын күтті де, келген жұмысын қайталады, қолындағы қаруы – қамшысын қатты қысыңқырап, күшінің де бар екенін отырғандарға сездіріп қойғысы келді. Әнші ешқайда бармайтынын, мал, олжа, сыйлық іздеп жүрмегенін, тек мына сияқты халықтың топтасқан жерінде өнерін көрсетуге келгенін айтты. Тілін алдыра алмаған шабарман сол кезде аңдаусыз отырған әншінің басына қамшымен бір-екі тартып қалды».

Оқиғаның дәл осы тұсы «Біржан сал» фильмінде де бар. Онда тіпті аянышты түсірілген. Шабарман қамшымен салып кеп жібергенде селк ете қаласыз. Бір кезде салдың маңдайынан аққан қан домбыраның бетіне тамып жатады. Біржанның бас терісінің қамшы осқан жері ырсиып ашылып кетеді. Халықтың қадір-қасиетіне айналған сал мұнша сергелдеңге түсіп, соққы жегені – қазақ рухы мен болмысына жасалған тепкі еді, түсінгенге. Қалай десек те, дала заңы мен салтына жат, шетін әрекет.

«Жүрген жерінде аттан қыз-келіншек көтеріп алатын, халқына сыйлы алтын басына мынандай жаман шабарманның әңгір таяқ ойнатқанына қатты налып, тілі күрмелгендей, біраз уақыт сөзге де келе алмады. Шабарман шығып кеткеннен кейін әнші де жүгіре басып далаға шығып, домбырасын сол ұстаған бойы, әншейіндегідей ұлықсат сұрап сызылып тұрмай, Жанбота отырған үйге кіріп келді де, домбырасын қағып-қағып жіберіп, ең сағадағы пернені басып тұрып, ызалы дауыс, ащы үнмен киіз үйдің түндігін бүлкілдеткендей екпінмен:

Жанбота, осы ма еді өлген жерім,

Көкшетау боқтығына көмген жерің?

Кісісін бір болыстың біреу сабап,

Бар ма еді статьяда көрген жерің?

Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық,

Ішінде сегіз болыс шенің артық.

Өзіңдей Азнабайдың шабарманы

Қолымнан домбырамды алды тартып.

Тартса да домбырамды бергенім жоқ,

Есерді шабармандай көргенім жоқ.

Қамшымен топ ішінде ұрып еді,

Намыстан, о дариға, өлгенім жоқ».

Бұл жерде Ахмет Жұбанов нұсқасындағы ән мәтінін толық ұсынып отырмыз. Себебі мұндағы шабарман сөзінің орнына кейбір жерде поштабай сөзі қолданылып жүр. Ал кинодан көріп, әнді тыңдағанда жаның тіптен ауырады. Ахмет Жұбановтың «Біржан сал» жазбасын оқып барып тыңдаған адам да бейжай қалмасы анық деген ойдамыз.