Тарих • 05 Наурыз, 2023

Қайып батыр ауылы десек қайтеді?

2360 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бурабайдағы Абылай хан ордасы – Түркістан, Ұлытау секілді Қазақстан тарихында іргелі орны бар, ұлтымызды ұйыстыра білген үлкен ұлыс. Ал өткен жылдарда Түркістанды түлету жұмыс­тары қарқынды жүргізілді. Кейінгі екі-үш жылда Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңірін дамытуға зор көңіл бөліп, бірсыпыра шаруа атқарылды. Абылай хан ордасы да осындай маңызға ие қасиетті мекен. Жаңғыртатын жайттары да көп.

Қайып батыр ауылы десек қайтеді?

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Қайып батырдың танымал есімі мен ісін аудан, облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде мақтаныш етіп, тіпті туысқан башқұрт жұртына, көршілес Ресей елімен қарым-қатынаста қадір-құрметпен айта алатын хақымыз бар. Бұл ой-толғамды толықтырып, ердің де, елдің де абыройын асқақтата түсетін ұлы хандарымыздың да құнды хаттары сақталған

Абылай хан ордасының ұмыты­лып бара жатқан тарлан тұлғасының бірі – Айтымбетұлы Қайып батыр. Оның ұрпақтары Зеренді, Бурабай аудандарындағы «Молодежный», Абы­лайхан, Кенесары, Кіндік-Қарағай ауылдарында тұрады. Шежіре бойынша Атығай Бағыс, Айтымбет батыр-әулие болып тарайды.

Патша отаршылдығымен башқұрт халқы да ұзақ күресті. Сол тұста олар қазақ хандары, батырларымен келісіп, бала-шағаларын, қыздары мен әйелдерін қазақ арасына да жіберіп, сақтануға тура келген. Төмендегі деректер сондай бір қысылтаяң кезеңде, аталарымыздың Ор өзені жақта жүрген тұсында болған оқиға. Қайып батыр жаугершілікте жүріп, жау қолына түсіп қалып, патша жасақтарының тұтқынына айналады: «Доношения тайного советника В.Татищева,.. подавлении башкирского бунта, пойманном в Башкирии киргиз-кайсацком... Каипа Атимбетева (Қайып Айтымбетұлы), условиях его выкупа.., грамоте Анны Иоанновне киргиз-кайсацким ханам...». (РГАДА. Ф. 248. Кн. 1164. Л. 1000-1099 об.). Тағы бір дерек­көзі Қайып батырдың соғыс барысында тұтқынға түсуінің себеп-салдарын, шыққан ортасын, батырлық тұлғасын айқындай түседі: «…Пойманный киргиз-кайсак сказывал тому старшине их Салику: зовут де его Каип батырем, родственник Дады батыря (Дат батыр, Абылайдың сол кездегі өкілі), Средней Орды Байрак хана (Барақ хан), владельца Ал-Маметя (Әбілмамбет хан), а выш­ла де их с ним владельцом на Илек с 2000 человек с женами и с детьми, и с ними есть башкирцы, тамо живут с женами. А в здешние де урочнечи пришли они киргиз-кайсаки Каип батырь по призыву башкирцев, Чюбы-Минской волости Буллаша с товарыщи, которого де Каип батыря старшина Салих повез в город Уфу…». (Башқұрт тарихы кітабынан). Қайып атамыз бар жасақ Уфа маңындағы бірнеше ауылға шабуыл жасайды. Бұларды Буллаш атты башқұрт ұлт-азаттық көтерілісінің бір жетекшісі көмекке шақырған. Бұлардың бұл жаққа жолдарының түсуі – жоғарыда көрсетілгендей Елек өзені бойында қалмақ шеріктерінің қауіп-қатерінен Кіші жүз жеріне ойысқан 2 мың адам топтасқан ел жайлап отырады (бұл Атығай-Қарауыл жұрты, Орта жүздің басқа қауымы да осы аймақта). Оның үстіне, осындағы Айтымбет, Өте-Қайып ауылында патшаның отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық күреске қатынасқан біраз түтін башқұрт ағайындар отбасымен паналап келеді, бұларға бауыр басады, ағайын-туғанға айналады. Сол себептермен Қайып жасағы осындай соғыс лаңына араласады. Міне, бұл жайттар – 1737 жылдың күз айларында болған оқиғалар. Бір ерекшелігі, бұл тарихи деректер Қайып батыр туралы ел ішіндегі деректерді де тірілте түседі. Қайыптың әкесі Айтымбет батыр-әулие де хан ордасындағы бас­ты тұлға болғаны, оның Рысқұл, Өте, Айберді секілді ұлдары да батыр, би болғаны айтылады. Иә, ел ағалары Рысқұл, Өте, Қайып, Айберді, Мәшек, Бақтыбай, Қанай билер сыйласып, қа­тар жүрген тұлғалар. Бұлардың ішін­де бүгінге дейін бағасын алған Қанай би ғана. Қалғандары қаперде жоқ. Ал жоғарыдағы құнды деректер, Қайып батырдың Әбілмәмбет, Барақ хандарды жақсы білетінін, Дат батырмен жақындығын, өзінің алғы шепте қол бастап жүргенін, шамасы қырықтың қырқасына шыққан, танылған өжет тұлға екенін айғақтап берсе керек. Бұған қоса, ол – қалмақ басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандарының бірі, башқұрт халқына қолдау білдірген, сол азаттық күреске де зор үлесін қоса білген батыр, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандардың серігі ретінде, орыс мемлекетімен бейбітқатар өмір сүруді де жақтаған қайраткер. Ол беделді батыр, би болған Өте ағасымен бірге Әбілхайыр хан бастаған Кіші жүз ел-жұртымен тығыз қарым-қатынаста болған, хан өкілі ретінде Жетісу, Түркістан, Қырғыз елі байланыстарына да араласып, Айтымбет ата ауылында да қырғыз, алшын және басқа ағайындардың ұйысуына атсалысқан адам деуге болады.

Қайып батырдың ұрпақтары да осал емес. Батырдың Ескене, Жылқайдар және басқа ұрпақтары болған. Ескенесі ел ағасы, оның ұлы – Бектас би. Одан тараған Шашдәулет, Қосдәулет, Шал, Жантөбет және басқа да елге танылған буындары көпке сыйлы, қолы ашық дәулетті адамдар болыпты. Тәжіғұл Қосдәулетов – болыс болып, Қазан төңкерісіне дейін Қызылағашта алғашқы мектепті ашқан қайраткер. Біздің заманымызда С.Сейтқазин, Т.Бекенов, Қ.Баталов және басқа белгілі азаматтар өсіп шыққан әулет.

Жалпы, Қайып батырдың танымал есімі мен ісін аудан, облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде мақтаныш етіп, тіпті туысқан башқұрт жұртына, көршілес Ресей елімен қарым-қатынаста қадір-құрметпен айта алатын хақымыз бар. Бұл ой-толғамды толықтырып, ердің де, елдің де абыройын асқақтата түсетін ұлы хандарымыздың да құнды хаттары сақталған:1738 г., мая 1. «От Абулмамбетя и Аблая салтанов. Генералу и мурзе поклон отдаем и объявляем, что мы в добром здоровье и про вас слышим, что вы также, чему очень радуемся... Ежели вас государыня изволит жаловать, то упросите которой взят в полон с Ирконгратом Гаип – батырь (Кайып батыр), ближный мой служитель, чтоб ево отдать и о отпусчении многих его вин вы двое пожалуйте упросите, а прочие мои слова донесет вам Кара-батырь». И.Ерофееваның «Эпистолярное наследие...» кітабынан). Бұл – Әбілмәмбет, Абылай хандардың Қайып батырды тұтқыннан қайтару туралы хаты. Олар Қайып батырдың ерлік істерін жоғары бағалап, өте жақын адамым, белгілі өкілім деп, арнайы елші жіберсе, бұдан артық не керек?

Тағы бір ескеретін нәрсе, сол кезде сонау Кіші жүз жеріне ойысқан Айтымбет ауылдарында башқұрт ағайындардың отбасымен паналап жүргенін жоғарыдағы деректер де куәландырып отыр. Олардың кейбіреуінің біздің елмен құда-жегжат болғаны, туыс болып кеткені де белгілі. Сол туысқандықтың жібі ұзарып, кейін келе кейбіреулер «естек» деп ескермей қалатын жайттар ұшырасып қалады. Айтымбет атаның Өте-Қайып-Айберді тармағында да осындай буындар бар. Шын мәнінде олар бөтен емес, біте қайнасып өскен өз бауырларымыз болып шығады.

Қайып батыр туралы жаңа деректер ел тарихының жаңа беттерін ашып беріп отыр. Оның ата жұрты – Щучинск қаласының аты да өзгереді-міс деген әңгіме бар. Бұл Шортан қаласын, осы жердің де, елдің де иесі мен киесі – Айтымбет батыр-әулие, не Рысқұл би, Өте-Қайып батырлар деп атауға болар еді. Жалпы, «Молодежныйдан» бастап, Щучинск қаласының Астана жақ бетіне дейін ежелден «Алты ауыл Айтымбет» елі деп аталған. Болмаса, Щучинскіге Кенесары ханның атауын беріп (Хан-Кене, Хан Орда деген ықшам тұрғыда), ал Жамантұз – Кенесары ауы­лына, тура сол жерде зираты бар және сол жерді болыс-билер бір ауыздан қолдап, патша өкіметі бекітіп берген Жанғал батыр­дың атына ауыстыру да тарихи әділет­ті­лік болар еді. Оның үстіне ол Кенекеңнің бала күнгі досы, көтерілістен бұрын, Кенекеңді осы жерде қонақ етіп, атажұртты аралатып, мәслихат құрған. Ал бұл қалаға Абылай хан атауын беру мүлдем аздық етеді, ол – абзалымыздың бәсін өте арзан бағалау. Андықожа, Ораз, Сәбике ана, Айберді, Уәли хан, Ғұбайдолла, Монтай, Пірәлі сұлтан, т.б. кемел тұлғалар да ұмыт қалмауға тиіс.

Қорыта айтқанда, аталған тұлға­лардың бірегейі Қайып батырдың атын жаңғыртып, өзі ту көтерген «Моло­дежный» елді мекенін, Қайып батырдың лайықты есімімен атау – баршаға ортақ абырой болары сөзсіз. Тұлғаның есімі Зеренді, Щучинск, Көкшетау қалаларында да жаңғыра түседі деп сенеміз.

 

Тортай СӘДУАҚАС,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері