Балалар • 05 Наурыз, 2023

Өнерліге өріс кең

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балалар шығармашылығын дамытуда ART SPORT мемлекеттік бағдарла­масының пайдасы зор. Бұлай деуімізге Талғар қаласында орналасқан ART PRODUCTION атауын еншілеген өнер мектебінің жетістігі дәлел болса керек.

Өнерліге өріс кең

Осыдан бес жыл бұрын алақан­дай ауылда негізі қаланған өнер мектебі бүгінде қанатын кеңге жайып, республикамыздың әр аймағынан, атап айтқанда Алматы, Астана, Екібастұз қала­лары мен Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарынан талантты шәкірттер тәрбиелеу ісін бастап кеткен. Қазіргі күні ел бойынша 138 маманды еңбекпен қамтып отырған өнер мектептерінде 4 мыңға тарта бала өнерге бейімделіп, өрісін кеңейтуде.

– Балалар өнерге өте бейім, тек ата-анамен бірлесіп, дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек. Біздің өнер мектебімізде 12 үйірме мен 3 спорттық секция жұмыс істейді. Кейінгі уақытта кішкентай балалардың хореографияға қызы­ғушылығы басым. Бұған қоса вокал, домбыра, сурет салу үйір­­мелеріне де көптеп келуде. Халықтық қолөнерге, соның ішін­де ағаш ою, түрлі бұйымдар жасау, көрпе, кесте тігуге ынтаның артуы қуантады. Өзімнің маман­дығым – балетмейстер. Сондықтан алғаш­қы бастамамды «Ару» атты бишілер ансамблін құрудан бастағанмын. Осы ұжымда 100-ге жуық биші қанатын қатайтып, алды өнердің әр қиырында қызмет етіп жүр. Тәжірибеміз толыса келе осындай үлкен іске тәуекел еттік. Қазіргі күні республика көлемінде он шақты өнер мектебін аштық, – дейді ART PRODUCTION өнер мектебі желісінің бас директоры Гүлжан Түсібиянова.

Оның жетеуі Талғар ауданында тұрақты жұмыс істеп жатқанын айрықша атағымыз келеді. Үшеуі Талғар қаласында, қалғандары Жаңалық, Белбұлақ, Кеңдала, Нұра ауылдарында орналасқан. Ауыл балаларының өнерге деген ынтасын арттырып, талабын ұштауды басты міндет еткен бұл мектепте жас өнерпаздар шығармашылықтарын тегін дамытады. Оған ата-аналар да дән риза.

Мемлекеттік қолдауға ие өнер мекте­бінде есімі елге мәлім суретші, еңбек ардагері Марат Китабов, Ұлттық дизайн академиясының академигі, зергер Серікхан Мәдіғалиев, еліміздің мәдениет қайраткері, сахна шебері Әділхан Қабылов сынды ұстаздар жас буынды суретшілік, ағаш шебері, театр тануға бау­лып келеді. Он саусағынан өнер тамған балалар қолөнер бұйым­дарымен Болгария, Грузия, Қыр­ғызстан, Түркия елдеріне барып, халықаралық байқаулардың жеңім­паздары атанғанын мақтан етуге болады. Көпшілік олардың келешегінен зор үміт күтіп отыр.

– Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, өнерде де, спортта да әлемдік аренаға көтеріліп, көк туымызды көкте желбіретер азамат болып қалыптасуына тамшыдай болса да үлес қосып, бағыт-бағдар беру – басты мақсатымыз. Осы арқылы жас өскіннің қимыл-қозғалысын арттырып, талантын ашып, шығармашылығын дамытуына ықпал етудеміз, – дейді Гүлжан Нұрбекқызы.

Осы күні шәкірт тәрбиелеуде ғимарат­тарды жалға алып жүрген кәсіп иесі Талғар қаласы мен Белбұлақ ауылынан жер алып, сән-салтанаты үйлескен заманауи өнер және сауықтыру мектептерінің іргетасын қалағанын қуана жет­кізді. Алдағы жазда құрылыс жұмыстары толық аяқталса, өнер­паз балалар жаңа ғимаратта жат­тығатын болады.

 

Ұлбосын ИСАБЕК,

журналист

 

Алматы облысы,

Талғар ауданы