Еліміздің өндірістік, медициналық саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз етіп келе жатқан аймақта демографиялық жағынан да тұрақты өсім бар. Оның үстіне, өңір тұрғындарының саяси белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан да болар орталық биліктің Ақтөбе аймағына назары өзгеше. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша бүгінде Парламент Мәжілісіне депутаттыққа Ақтөбе облысынан бірмандатты сайлау округі бойынша 16 үміткер тіркеуден өткен. Оның 6-сы әйел, 10-ы ер адам. Үміткерлердің орташа жасы – 54-те. Ал облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға 686 үміткер тіркелді.
Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар аймақтардың саяси белсенділігін арттыруды көздеп отыр. Соның бір көрінісі – ел болашағына бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар өздерін сайлау органдарына үміткер ретінде ұсынуға мүмкіндік алды. Елімізге мажоритарлы сайлау жүйесінің қайта оралуы, яғни Мәжілістің 30 пайызы бірмандатты округтерден сайланған депутаттардан жасақталуы – азаматтардың саяси өмірге араласуына кең жол ашады әрі елдегі саяси бәсекелестік пен күрестің шынайы демократиялық мәнін көрсетеді. Бұл – бір. Екіншіден, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына жаңадан құрылған саяси партиялар қатысады. Бұл партиялар қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді қозғап, Парламенттен орын алмақ ойы бар. Олардың мақсаты қаншалықты жүзеге асатындығын алдағы сайлау көрсетеді. Дегенмен біздің ойымызша қазіргі жағдайда олардың мүмкіндігі жеткілікті. Себебі, олар саяси жүйедегі жаңа ойыншылар ретінде сайлаушылардың таңдауына ықпал етеді. Үшіншіден, пропорционалды сайлау жүйесіндегі пайыздық кедергіні 7-ден 5-ке түсіру саяси партиялар үшін үлкен жеңілдік және басты мүмкіндік болды. Өз кезегінде бұл қоғамдағы демократиялық үрдістердің әрі қарай дамуына ықпал етері сөзсіз. Төртіншіден, сайлау бюллетеніне «барлығына қарсымын» графасының енгізілуі сайлаушылардың көңіл күйін анықтауға жол ашады. Осы арқылы саяси партиялардың қоғамдағы алатын орны мен рөлін көруге болады. Бесіншіден, Конституцияға және Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар сайлаудың өтуіне де бірқатар өзгешеліктер алып келеді. Демек, сайлау барысындағы үгіт-насихат жұмыстарында бәсекелестік күшейеді.
Тұжырымдарымды ортаға сала отырып, сайлаудың шынайы әрі демократиялық нормаларға сай өтуі тек ғана билікке емес, сонымен қатар сайлаушыларға да тікелей байланысты дегім келеді. Сол себепті ел тұрғындары сайлау күні өз дауыс беру учаскелеріне келіп, азаматтық таңдауын жасағаны жөн.
Асхат КЕҢЕСОВ,
саяси ғылымдар кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті
Ақтөбе