Табиғаты көркем Талғар қаласында тұратын Меруерттің көрер көз қызығарлық сәукеледен бастап, білезік, шекелік, өңіржиек, алқа, шашбау сынды әшекей бұйымдары еліміздің әр түкпіріне жөнелтіледі. Сондай-ақ моншақтан жасалған әдемі әшекейлері жыл сайын кітапханалар мен жоғары оқу орындарында, мектептер мен музейлерде ұйымдастырылатын қолөнер шеберлерінің көрмелерінен орын алып, көрермен ықыласына бөленіп жүр.
– Дүниеге келгенімде ата-анам Меруерт Өтекешовадай актриса болсын деген ырыммен есімімді Меруерт қойыпты. Бірақ актриса емес, ұстаздық жолды таңдадым. Уақыт өте келе жүрек түкпірімдегі қолөнерге деген қызығушылығым артып, біржола осы кәсіпті дөңгелетуге бет бұрдым. Әйелдердің әшекей бұйымдарын жасаумен айналысқаныма да он жылға жуықтапты, – деген қолөнер шеберінің осы жылдарда жасаған жүздеген бұйымы өз тұтынушыларын тапқан.
«Саусақ бірікпей – ине ілікпейді». Шеберқол аналарымыздың игі мұраларын ұрпақтан ұрпаққа жібін үзбей жеткізуде ұлағатты іс тындырып жүрген Меруерт Үсенбекқызы іске икемді қыздарға ақыл-кеңес беруден аянбайды.
– Бұрымдыларымыз уақытты бекер өткізбей, көненің көзіндей болған кәсіпті замануи үлгіде жаңғыртып, жалғастыруға ниеттенсе неге қуанбасқа? Көп болмағанмен ара-тұра қызыққан қыздар келіп, тастарды тізіп, моншақ, білезік, басқа да бұйымдарды жасаудың жолдарын үйрене жүріп, қолғабысын тигізгенде «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» дейтін аналарымыздың ақылы еске түседі. Жалпы, тастардың қасиетіне сенетін ырымшыл халықпыз ғой. Сол себепті тастардан түзілетін тәспі, білезік, тұмарға сұраныс жоғары. Көбіне нефрит, шунгит, янтарь, маржан тастарды пайдаланамын. Нефриттің түсі жасыл болғандықтан «мұсылман тасы» деп аталады. Мысалы, янтарьды зоб ауруына пайдалы деп есептесе, шунгитке ер адамдардың қызығушылығы жоғары, – дейді өз ісінің шебері.
Нәзік саусақтарына ілінген әр тасты жоғары талғаммен үйлестіре отырып тізіп, бүтін бір бұйым құрап шығару үшін аса төзімділік пен ептілік қажет-ақ. Ал бұл өз ісін айрықша сүйетін Меруерттің ең асыл қасиеттері десек асыра айтқандық емес.
Ұлбосын ИСАБЕК,
журналист
Алматы облысы,
Талғар ауданы