Сұхбатта Ғалия Бөкей «Музей мәселесі аудан көлемінде шешілетін шаруа емес. Қаражат керек, ауданда ондай қаражат жоқ. Жалпы, музей дегенге мүлде келіспеймін. Бұл шаңырақ тірі организм сияқты болашақ ұрпақты тәрбиелейтін орын болуға тиіс. Қазақ елінде де Л.Толстойдың, А.Чеховтың үйі сияқты киелі орындар бой көтеруі керек» деп, тілегін, пікірін айтқан еді. Кезінде музей-үйді күтіп ұстауға байланысты аудан тарапынан жіберілген кемшіліктерді әңгімелей келе, ауласында тұрған жазушының кеуде мүсіні де сәтсіз жасалғандығын тілге тиек еткен. Айтса, айтқандай-ақ. Бюст авторы жазушының табиғатын аша алмағаны анық.
Баспасөз бетіне сұхбат шыға сала Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиханұлы Ғалия Бөкеймен тілдесіп, жазушының қара шаңырағын мемлекет қарамағына алатын болып келіседі. Әрине, табан астында келіскенімен, екі жақтың да азды-көпті шарттары пысықталады. Сөйтіп, 1 наурыз – көктемнің алғашқы күнінде он шақты жыл жабық тұрған музей-үйдің кілті аудан басшылығының қолына тиіп, шаңырақтың есігі қайта ашылды. Әуелі Оралхан Бөкейдің жан досы Аманжан ақсақалдан бата тіледі. Көп жыл бос тұрған қасиетті қара шаңырақтың іші-сырты тозыпты. Музей-үй жабылған соң Ғалия Бөкей акт жасап, жазушыға тиесілі дүниелердің біразын ауылдың өр жағына салынған музейдің қорына өткізген. Өзіне тиесілі заттарды қалдырған. Қазір шаңырақта қалғаны – жазушы алғашқы жалақысына сатып алған диваны мен азын-аулақ кітаптар ғана. Аудан әкімі Ділдар Қалиханұлының айтуынша, жәдігерлерді қайта жинастыру жұмысы бүгіннен басталады. Сонымен қатар қара шаңырақтың қоршауын жаңалау, үйге реставрация жұмыстарын жүргізу секілді жұмыстар жоспарға енгізілген.
– Оралханның 80 жылдығына орай музей-үйді биыл толықтай жөндеуден өткізіп, мемлекеттің тізіміне тіркейміз. Жазушының шаңырағы туристер үшін ғана емес, оқырмандардың үлкен рухани шаңырағына айналады. Ауласына көрнекті етіп, Оралхан Бөкейдің кеуде мүсінін қоямыз. Мүсін сәтті шығу үшін суретшілер кеңесі құрылып, жан-жақты талқылап жатырмыз. Ең бастысы, музей-үйдің есігі енді жабылмайды, – деген аудан әкімі оқырман қауымды шын қуантты.
Қуанатын жөніміз де бар. 2003 жылы Оралхан Бөкейдің 60 жылдығы қарсаңында ашылған музей-үй он жылдан соң жабылып қалған. Сол уақыт ішінде Шыңғыстайға бұрылған Оралханның оқырмандары музейдің ауласынан қайтып жүрген. Қазақтың маңдайалды жазушысының Шыңғыстайдағы қара шаңырағы жабық тұр дегенге ауылдастары ыңғайсызданатын. Оралхан деп, Шыңғыстайға ат басын бұрған келімді-кетімді қонақтардың бірқатары бұл жағдайды сынады, жазды. Бірақ түк шықпаған. Әйтеуір, ауылдастары ақталып әлек еді. Былтыр күзде тағы да оқырман қауым жазушы үйінің қақпасынан қайттық дегендей реніш білдіріп, шуласқан. Әрине, Оралханды іздеген оқырманның өкпелері орынды еді. Біз болсақ, сырттай тон піше бермейік деп, жазушының қарындасы Ғалия Бөкейді ашық әңгімеге тарттық. Иә, емен-жарқын ашық әңгіме болды. Ол сұхбат «Egemen Qazaqstan» газетінің 2022 жылдың 11 қазанындағы санында жарық көрді...
Қазір Катонқарағай ауданында Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай рухани іс-шаралар жоспары құрылып жатыр. Ең бастысы, жазушының балалық шағы өткен үйі музей болып, қайта жаңғырады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы,
Шыңғыстай ауылы