Әскер • 06 Наурыз, 2023

Тыл туралы тың таным

446 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Cоңғы жылдары Батыс Қазақстан өңірі Екінші дү­ниежүзілік соғыста майдан тылы болғаны туралы ғылыми негізде айтыла бас­тады. Бұл тақырыпқа тың­нан түрен салып, тарихи бағасын беруде Ұлттық қор­ғаныс университетінің әскери қызметшісі, фило­со­фия докторы (PhD) под­полковник Амангүл Алда­бер­генованың еңбегі зор.

Тыл туралы тың таным

– Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары біздің елге бірқатар же­ңіл өнеркәсіп зауыты мен әскери госпитальдің, көптеген ғалымның эвакуацияланғаны белгілі, – дейді Амангүл Мұстафақызы. – Сол себепті Қазақстан аумағы «май­данның терең тылы» деп айтылып келді. Ұзақ жылдар осы тақырыпты қаузаған оралдық өлкетанушы ғалым Павел Букат­кин 1967 жылы «Батыс Қазақстан облысы – Сталинград майданының жақын тылы» деген диссертация да жазған екен.

Әскери өмір демекші, Амангүл 2002 жылы Қазақстан Қарулы Күш­терінің әскери академиясын байланысшы мамандығы бойын­ша бітірген. Алғашқы қызмет жо­лын Аягөздегі Қабанбай батыр атындағы механикаландырылған құрамада бастапты. Кейін Семей­дегі әскери бөлімде жалғастырған. 2009 жылы Ұлттық қорғаныс университетінің магистратурасын бітіріп, Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының басқармасында қызмет еткен. 2019 жылы аталған университеттің докторантурасына оқуға түседі. Сақина алмасқан өмір­лік серігі Жақсылық Бақыт­жан­ұлы да әскери қызметші, пол­ковник. Ұлттық қорғаныс уни­вер­ситетінде тылмен қамтамасыз ету кафедрасы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет іс­тей­ді. Әскери қару-жарақ және әс­­кери техника мамандығы бо­йынша философия докторы (PhD) дәрежесі бар. Екеуі Айша есім­ді бүлдіршінді өсіріп отыр. Амангүл университетте тарих ғы­лымдарының докторы, әскери ғы­лымдардың профессоры Сай­ран Мұхамеджановадан білім алды.

– Ол кісі бізге «Отандық та­рих» пәнінен сабақ беретін. Бірде ұстазымның соғыс жылдары жау Батыс Қазақстанға дейін жеткен» деп айтқаны елең еткізді, – дейді кейіпкеріміз. – Бұрын жау Еділден бері өткен жоқ деп оқытып келді. Маған Сай­ран Шаймерденқызымен осы та­қырып туралы сөйлессем деген ой келді.

Ұстазы алдымен Амангүлге кезінде көп зерттеушінің бұл та­қырыпқа жүрегі дауалай бер­мегені туралы айтады. Кеңес Одағы Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың тарихын өзіне ыңғайлы қылып жазып қойғанын жеткізген. Біздің тарихшыларға рұқсат ет­пегеніне қынжылыс білдіреді. Бір кездегі өзімізбен одақтас болған Украина, Беларусь жерін жау қалай бомбыласа, біздің жерімізді де солай бомбылаған еді. Тарих­тан өзінің лайықты орнын ала ал­май келе жатқан оқиғаның бірі осы. Әйтсе де, Амангүл ұста­зы­на осы тақырыпты зерттеп көр­мек ойы барын жеткізеді. «Әйел адамсың. Кедергілер де көп. Материалдардың дені Ресей архивтерінде сақталған. Деген­мен бетіңнен қақпаймын. Деге­ніңе жет!», деп батасын бе­реді. Сөйтіп, 2019 жылы жас ға­лым­ның «Батыс Қазақстан – Ста­линград майданы кезіндегі майдандық тыл» тақырыбындағы зерттеуі басталады. Ғалымды Ба­тыс Қазақстанның майдан­дық тыл ретінде ресми мойын­дал­мауы қынжылтады. Тарихи деректерде Сталинград шайқа­сы кезінде Орал қаласы мен Жә­нібек, Сайқын, Шоңғай елді ме­кендерінің фашистердің бом­былауына ұшырағаны, өлкеде диверсанттар тобы жұмыс істе­гені туралы ақпарат мол. Ол жа­йында Амангүл Мұстафақызы: «1942 жылы мамырдағы Қызыл әскердің Харьков маңындағы сәт­сіз шабуылынан кейін жау Крас­нодар аймағын, Солтүстік Кав­­каз­дың едәуір бөлігін басып алға­ны белгілі. Сол арқылы Кав­каз мұнайы бұғаттап, Баку мұ­найы­на қауіп төндірді. Бұл Гит­лер­­лік Германияның страте­гиялық ны­сандарды басып алып, Қызыл Армияны отын ре­сурс­тарынан ажырату мақсаты бо­латын», дейді.

1942 жылғы мамыр-шілде ай­ларында майдан шебі Қазақстан­ның батыс облыстарына жақын­дап, Сталинград майданының тыл бөлімдерін Батыс Қазақ­стан аумағына жаппай көші­ру басталды. Елімізде эвакогос­пи­тальдардың саны артты. Жалпы, Батыс Қазақстанда госпиталь жүйесі 1941 жылдың күзінен бастап қалыптасып, Оралдағы бес және Гурьевтегі үш госпитальдан тұрды. Майдан шебі жақындай түскенде олардың саны отызға жеткенін айта кету керек.

Сонымен бірге батыс облыс­тардан әскерге шақырылу­шылар­дың негізгі бөлігі Сталинград майданына жіберілді. Ал 1942 жылы 17 шілдеде Екінші дүние­жүзілік соғыстың барысын түбе­гейлі өзгерткен Сталинград шай­қасы басталғаны белгілі. Ға­лым­ның айтуынша, сол тұста Ба­тыс Қазақ­стан аумағына Қызыл ар­мия­ның 120-дан астам әскери бөлімі ор­наластырылыпты. Олар тыл­дық-материалдық қамтамасыз ету базалары, авиатехникалық, ин­женерлік, химиялық, санитар­лық, ветеринарлық, азық-түлік қоймалары мен тылдық басқару органдары екен. Бұдан өзге Батыс Қазақстан аумағы арқылы өткен Орал – Урбах – Жәнібек – Сайқын – Шоңғай – Жоғарғы Баскұншақ темір жол желісі стратегиялық маңызға ие нысан болатын.

«1942 жылы 23 тамызда Дон, Оңтүстік-Батыс майдандарының әскерлерін қамтамасыз еткен Поворино-Иловля және Саратов-Петров Валь желілеріндегі торап­тық тарату темір жол стансалары жойылғаннан кейін, Батыс Қа­зақстан тармағы Сталинград шай­қасының барлық кезеңінде үш май­данды бірдей қамтамасыз ететін жалғыз желіге айналып, Қа­зақ­станды, Оралды, Сібірді, Қиыр Шығысты, Орта Азияны май­­дан­мен жалғаса, Гурьев мұнай құбы­ры үш майданға бірдей мұнай өнімдерін жеткізіп тұрды», дейді әскери ғалым.

Осы кезеңде Батыс Қазақстан аумағы қысқа уақыт ішінде стра­тегиялық тылдан Сталинград бағытындағы Оңтүстік-Батыс, Ста­­линград, Дон майдандарының ал­дың­ғы тылына айналады. Тіпті неміс әскери қолбасшылығы 1942 жылы 1 қыркүйекте Орал қа­ласына шабуыл жасауды жос­парлағаны жайлы дерек бар. Осыған байланыс­ты 1942 жылы 12 тамызда Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарында әс­кери жағдай енгізілген.

Зерт­теу­ші ғалым Батыс Қа­зақстан облы­сының Жәнібек, Орда, Фур­манов, Казталов аудандары Ста­линград әскери округінің құ­рамы­на кіргенін айтады. «Мұны Сталинград майданы әскер­лерінің қолбасшысы гене­рал А.И.Еременконың карта­сында Жәнібек елді мекені май­дан­ның соғыс қимылдары театрында маңызды объект ретінде бел­гі­ленгені айқындайды», дейді ол.

Тақырыпты зерттеу барысында Орталық мемлекеттік архивтен «Отчеты ПВО» деген белгісі бар құжат қолына тиеді. Сайқында орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшесінің баянаттары екен. Онда бір күнде жаудың қанша ұшағының ұшып келгені, қанша бомбы тастағаны туралы баяндалған. Соның бірін­де бір күнде 70 бомбы тастағаны туралы да жазылған екен. Топтық әуе шабуылдарына бір уақытта жаудың 30-ға жуық ұшағы қаты­сып отырған. Егер 1942 жылғы шілдеде Урбах, Жәнібек, Сайқын, Шоңғай, Астрахань темір жол желісіне 20 ұшақ шабуыл жасап, 32 бомба тасталса, 1942 жылғы қазан-қараша айларында Жәнібек, Сайқын, Шоңғай стансалары ауданында 761 ұшақ тіркелген. Оның 41-і түнгі уақытта ұшқан. Бұл орта есеппен күн сайын 25 ұшақ деген сөз. Тізе берсек, әскери ғалымның соғыс тарихына қосқан мұндай құнды деректері жетіп артылады. Біздің мақсатымыз – қанатқақты жобасымен «тың­нан түрен салған» Амангүл Мұс­тафақызының өлшеусіз еңбегі жайлы жұртшылыққа жеткізу. Сол арқылы кенжелеу дамыған отандық әскери тарихқа деген қызығушылық туғызу.

Бүгінде подполковник Аман­гүл Ал­дабергенованы екі мәсе­ле толғандырады. Оның бірі аталған қалалар мен елді мекендерге соғысқа қатысқан деген мәртебе алып беру болса, екінші – осы тақырыпты жанашырлықпен жалғастыратын шәкірт тәрбиелеу. Мәселен, 2002 жылы Ресей Грозныйға «Батыр қала» атағын берді.

Сонымен қатар осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанның бірқатар қаласына «Еңбек даңқы» атағын беру туралы мәселе көтеріл­гені тағы бар. Амангүл де «Ста­линград шайқасы кезінде со­ғыс оты шарпыған Орал, Аты­рау, Ақтөбе қалалары мен Сай­қын, Жәнібек, Шоңғай елді мекендерінің сондай құрметке лайық екені даусыз. Үш қалаға «Жауынгерлік даңқ қаласы», үш елді мекенге «Жауынгерлік айбын» атағы берілсе, тарихи әділдік болар еді» дейді. Несі бар, табандылықтың жемісін көрген жігерлі қыздың мақсатына жетуіне біз де тілекшіміз.

 

Мұхарбек Махамбет,

әскери журналист